Accessibility links

«Сақалға бола» соққыға жығу наразылыққа ұласты


Ауруханада жатқан студент Умар Бобожонов. Вахдат, Тәжікстан, 31 тамыз 2015 жыл.

Ауруханада жатқан студент Умар Бобожонов. Вахдат, Тәжікстан, 31 тамыз 2015 жыл.

Тәжік студенті соққыға жығылған соң полиция басшылығы қызметкерлерінің үстінен тергеу басталғанын мәлімдеді. Ауыр халде жатқан жігіттің жақын-туыстары «оны сақалы үшін сабаған» дейді.

Тәжікстан полициясы «бірнеше полиция қызметкері ұрып-соққан соң ес-түссіз жатқан сақалды студенттің» ісін тергеуге кірісті. Ресейде оқып жүрген 23 жастағы студент Умар Бобожонов демалыс кезінде туған қаласы Вахдатқа келгенде соққыға жығылған. Куәгерлердің айтуынша, ол «сақал өсіргені үшін» таяқ жеген.

Тамыздың 28-і күні студентке Душанбе маңындағы Вахдат қаласында біреулер күш көрсеткен. Бұл оқиға тұрғындардың ашу-ызасын тудырған соң ішкі істер министрлігі қыркүйектің 1-і күні арнайы тергеу жүргізетінін мәлімдеуге мәжбүр болды.

Ішкі істер министрінің орынбасары мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы бөлімінің басшысы Вахдат аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан Умар Бобожоновқа барып, жағдайын білді.

Тәжікстанда сақал өсірген жастарға күш көрсету таңсық емес, зайырлы билік "діни экстремизмнің кез-келген белгісіне төзе алмайтынын" мәлімдейді. Сақалы бар ер адамдардың сақалын мәжбүрлеп қырғызған немесе көп мөлшерде айыппұл салған жағдайлар да болған. Бірақ Умар Бобожоновты соққыға жығылуы Вахдат тұрғындарының ашу-ызасын туғызды. Ондаған адам аурухана маңына жиналып, айыптыларды тұтқындауды талап еткен.

– Асқан қатыгездікпен ұрып-соғу салдарынан ұлым мүгедек болып қалды. Еш кінәсі жоқ адамға тек сақал өсіргені үшін тиісуге бола ма? – дейді жапа шегушінің әкесі Махмадсаид Бобожонов.

Әкесінің айтуынша, Ресейдің Санкт-Петербург университетінде білім алып жүрген ұлы жазғы демалысында елге келген.

Соққыға жығылған Умар Бобожонов жатқан аурухана алдына жиналған адамдар. Вахдат, Тәжікстан, 31 тамыз 2015 жыл.

Соққыға жығылған Умар Бобожонов жатқан аурухана алдына жиналған адамдар. Вахдат, Тәжікстан, 31 тамыз 2015 жыл.

Умар Бобожонов соққыға жығылған күні жанында болған серігі Зохиржон Сохибов оқиға кешкі мезгілде болғанын айтады.

– Біз Вахдат саябағында серуендеп жүргенбіз, кенет үш көлік келіп, ішінен бес-алты полицей түсті. Олар досым Умар Бобожонов екеуімізді полиция бөлімшесіне алып кетті, - дейді жас жігіт.

Сохибовтың айтуынша, полиция қызметкерлері Бобожоновты «кеудесі мен басынан бірнеше мәрте ұрып, ақыры ол есінен танып қалған».

Вахдат ауруханасының дәрігерлері Азаттықтың Тәжік қызметіне Умар Бобожоновтың жағдайы ауыр екенін айтты. Шенеуніктердің хабарлауынша, денсаулық сақтау министрлігі Вахдатқа білікті дәрігерлер мен невролог маманды жіберген.

Тәжікстан билігі негізінен мұсылмандар тұратын мемлекетте ислам дінін ұстану үлгісін қатты қадағалайды. Елде мектептер мен кеңселерде хиджаб киюге тыйым салынған, Душанбеде қалалық билік ислам діні талабына сай киімдер сататын дүкендерді жапқан.

Тамыздың 28-і күні әділет министрлігі Тәжікстанның Исламдық қайта өрлеу партиясының қызметіне тыйым салып, барлық іс-әрекетін тоқтату үшін 10 күн мұрсат берді. Бұл бұрынғы Совет Одағы елдері бойынша ресми тіркелген жалғыз діни партия болатын.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы ағылшын тілінен аударылды).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG