Accessibility links

Тәжікстан ислам гимназиясынан 382 студент шығарылды


Әбу Ханифа атындағы ислам институты. Душанбе, Тәжікстан, 29 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әбу Ханифа атындағы ислам институты. Душанбе, Тәжікстан, 29 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Душанбедегі ислам гимназиясының басшылығы студенттер осы мекеменің «жарғысын бұзғаны үшін» оқудан шығарылғанын айтып отыр.

Тәжікстан ислам университетіне қарасты Әбу Ханифа атындағы ислам гимназиясының басшылығы соңғы жылдың өзінде 382 студенттің оқудан шығарылғанын мәлімдеді. Олардың біразы оқу мекемесінің «жарғысына қайшы әрекеттер» жасағаны үшін, атап айтқанда тәртіп бұзып, сабаққа келмегені үшін оқудан шығып қалған.

Сонымен бірге, киім үлгісі туралы талапқа бағынбай шеттетілген студенттер де бар. Арнайы орта білім беру мекемесінің бағдарламасы бойынша оқытатын Душанбедегі бұл діни гимназияда 14 жастан асқан балалар білім алады.

Тәжікстан ислам университетінің проректоры Лутфулло Сафаров Душанбеде өткен баспасөз мәслихатында елдің барлық оқу орындары жалпы ережеге бағынуы тиіс дегенді айтты, ол ереже киім мен тәртіп мәселесін де қамтиды. Оған қоса, тексеру кезінде гимназияда оқушылар санына қатысты ереже сақталмағаны анықталған, студенттер саны айтарлықтай көп болған.

«Шәкірт санын азайту үшін гимназияда оқу тәртібін бұзатындарды шығару керек деп шештік» дейді Сафаров.

Тәжікстан білім министрлігі бекіткен бағдарламаға сәйкес жасөспірімдер үшін діни ғылымдарды оқытатын Тәжікстанның ислам гимназиясында қазір 1458 студент оқып жатыр. Олардың 910-ы - қыз бала.

Соңғы жылдары Тәжікстан билігі балалар мен жастардың діни білімін бақылауға тырысады. 2010 жылдан кейін жастардың радикалдануы мен күмәнді діни-экстремистік ұйымдарға ұмтылуынан қауіптенген билік шетелден екі мыңнан аса тәжік студентін еліне қайтарған.

Сол кезде билік Тәжікстандағы отандық оқу орындары Ұлы Имамның іліміне сай діни білімді өздері де бере алады деп мәлімдеген еді. Бірақ кейін бұл жастардың көбі жұмыс таба алмаған немесе оқу мекемелерінде орын жетіспеді. Олардың біразы қаражат табу үшін Ресейге кеткен.

Дәстүрлі ислам өкілдері мен жаңа ағым жақтастары арасында келіспеушілік туындамас үшін Тәжікстан билігі Ұлы Имамның жолы ел үкіметінің идеологиясына сай деп ресми түрде мәлімдеген еді. Қалған ағымдар, ілімдер мен ұйымдар заңнан тысқары деп жарияланған. Олардың ішінде «Салафия», «Хизб-ут Тахрир» сияқты ұйымдар бар.

(Шодмон Ятимнің мақаласын орысшадан аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG