Accessibility links

Ташкент пен Душанбе еңбек мигранттарын қайда жіберуді білмей отыр


Тәжікстандық еңбек мигранттары Душанбе халықаралық әуежайында тұр. 23 желтоқсан 2014 жыл.

Тәжікстандық еңбек мигранттары Душанбе халықаралық әуежайында тұр. 23 желтоқсан 2014 жыл.

Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтері Ресейдегі мигрант жұмысшылар нарығының қысқаруынан жаппай елге қайтып жатқан азаматтарының мәселесін шешуге күш салып жатыр.

ЕНДІГІ БАҒДАР – ОҢТҮСТІК КОРЕЯ

Өз елдерінде екі қолға бір күрек таппаған Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанның миллиондаған азаматы соңғы он жылдан бері жаппай Ресейге жөңкіліп, маусымдық қара жұмыспен нәпақаларын тауып келген. Отандарына орала бастаған азаматтардың өз елдерінде жұмыс таба қоюы екіталай. Демек, олар елдегі әлеуметтік ахуалды одан сайын ушықтыра түседі деген сөз.

Душанбе мен Ташкент ішкі еңбек нарығына ағылған нөпірдің мәселесін қалай шешеміз деп бас қатырып жатыр. Әзірге екі елдің де тапқан шешімі бір: қайтқан жұртты басқа бір елге бағыттау. Бір қызығы – екеуі де жұмыссыз азаматтарды Оңтүстік Кореяға жіберуді көздеп отыр.

Ресей астанасындағы өзбек еңбек мигранттары. 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей астанасындағы өзбек еңбек мигранттары. 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің мәліметі бойынша, биылғы маусым айында Ташкентке Оңтүстік Корея парламентінен делегация келгенде Өзбекстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі оларға өзбек жұмысшыларына бөлінген квота көлемін арттыруды сұрап, қолқа салған. Азаттықтың министрліктегі дереккөзі квотаны қаншалық арттырмақ болып жатқандарын айта алмады.

2007 жылғы екіжақты келісім бойынша Оңтүстік Корея Өзбекстаннан 22 мың 500 адамға дейін қабылдауға міндеттеме алған. Қазіргі уақытта ол елде Өзбекстанның 15 мыңға жуық азаматы жұмыс істеп жүр.

ЭМОМАЛИ РАХМОННЫҢ БІР ШЕШІМІ

Маусым айында Тәжікстан еңбек және көші-қон министрлігінің ресми өкілдері Оңтүстік Кореяның Душанбедегі елшілігінде болып, тәжік азаматтарының корей жерінде маусымдық жұмыс істеу мүмкіндігін талқылаған. Тәжікстанның Asia-Plus тәуелсіз ақпарат агенттігі бұл кездесуден репораж бергенімен, «екі жақ ынтымақтастықты одан әрі арттыруға уағдаласты» деумен шектелді.

Оңтүстік Кореяда қанша тәжік азаматының маусымдық жұмыс істеп жүргені беймәлім, бірақ олардың саны өзбектерге қарағанда анағұрлым аз екені айқын. Қалай болғанда да Оңтүстік Корея бөлетін квота көлемі елдеріне қайтып жатқан немесе жақын уақытта оралмақшы тәжік және өзбек азаматтарының санынан әлдеқайда аз.

Маусым айында тәжік президенті Эмомали Рахмон ел ішінде өз азаматтарын көбірек жұмыспен қамту мақсатында жаңа жарлыққа қол қойды. Ол құжат бойынша Тәжікстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялардағы жергілікті қызметкерлердің үлесі бұрынғы 70 пайыздан 90 пайызға көтерілді.

Мәскеу базарында жұмыс істейтін Тәжікстандық еңбек мигранттары жұмыстан соң демалып жатыр. (Көрнекі сурет)

Мәскеу базарында жұмыс істейтін Тәжікстандық еңбек мигранттары жұмыстан соң демалып жатыр. (Көрнекі сурет)

Орталық Азияның басқа елдері, соның ішінде Қазақстан, шетелдік компаниялардағы жергілікті жұмысшылар саны, сатып алынатын тауарлар мен материалдардағы жергілікті өнімнің көлемі бойынша арнайы квота белгілеген. Дегенмен, мұнай, уран, қара және түсті металл өнімдеріне бай Қазақстанда Тәжікстанға қарағанда жұмыс орындары әлдеқайда көп екені белгілі. Оның үстіне Қазақстан саяси, экономикалық тұрғыдан анағұрлым жоғары дамыған.

Азаттық радиосына сұхбат берген тәжікстандық экономист Собир Вазиров басқа бір мәселенің шетін шығарды. Жергілікті жұмысшылар айына 1 мың сомони (шамамен 160 АҚШ доллары) айлық алатын болса, дәл сол компаниядағы шетелдік жұмысшы ай сайын 10 мың сомони жалақы алады. Демек, шетелдік компаниялар жергілікті азаматтарды көбірек жұмысқа алу арқылы біраз үнем жасай алады.

Бұл шаралар Өзбекстан мен Тәжікстан экономикасындағы жыртықты жамай алмайтыны аян. Дегенмен, екі ел үкіметінің «оралған еңбек мигранттары» мәселесінің қаншалық қауіпті екенін түсініп, оның алдын алуға әрекет жасап жатқаны байқалады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG