Accessibility links

Тәжікстан президентінің үлкен ұлын парламентке апарар жол бастау алды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың үлкен ұлы Рұстам Рахмонов
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың үлкен ұлы Рұстам Рахмонов

Тәжікстан президентінің 22 жасар ұлы Рустам Эмомали Душанбе қалалық кеңесіне депутаттыққа сайлануы мүмкін, бұл оған әрі қарай парламент депутатының орнына жайғасуына мүмкіндік береді. Оппозиция сайлау нәтижесіне билік ықпал етпейді деп үміттеніп отыр.

Тәжікстанның билік басындағы Халық-демократиялық партиясы Тәжікстан президентінің үлкен ұлы Рустам Эмомалиді Душанбе қалалық кеңесіне кандидаттыққа ұсынды.

Партияның Душанбе қаласындағы ресми өкілі Абдулазиз Одинаев Азат Еуропа /Азаттық радиосына Рустам Эмомалидің кандидатурасы Душанбе қаласының Сомони ауданынан қалалық кеңестің депутаттығына ұсынылды деп хабарлайды.

Бұл аумақ бойынша үміткерлердің қатарында тәжікстандық Ислами жаңғыру партиясынан ұсынылған ерікті кандидат ретінде Худойкул Хамрокулдың да бар екені мәлім.

Тәжікстанның Ислами жаңғыру партиясының өкілі Хикматулло Сайфуллозода тіпті президент Эмомали Рахмонның ұлы сайлаудан өтпей қалса да билік басындағылар сайлау науқанына араласпайды деген үмітте.

Тәжікстанның оппозициялық Социал-демократиялық партиясының басшысы Рахматулла Зоиров Азаттық радиосына Душанбе қалалық кеңесіне мүше боп сайлану - президенттің ұлы Рустам Эмомалидің саяси мансабының басы болмақ деп мәлімдейді.

Сонымен қатар, Рахматулло Зоиров қалалық кеңестің депутаттық мандаты президенттің ұлына тікелей дауыс беру арқылы ғана сайланбайтын Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасына да депутат болуына мүмкіндік беретінін айтты.

Тәжікстан президентінің үлкен ұлы Рустам Эмомали 22 жаста. Ол Тәжікстан мемлекеттік университетін тәмамдаған және мемлекеттік комитетте мемлекеттік мүлікті басқару және инвестициялау жөнінде кеңесші қызметін атқарған.

Өткен жылы Рустам Эмомали жастар және спорт пен туризм комитеті басшысының орынбасары болып тағайындалған, сондай-ақ сол жылдың соңында ол әкесі – Тәжікстанның президенті Эмомали Рахман төрағалық ететін билік басындағы Халықтық-демократиялық партиясының орталық комитетіне сайланды.

Рустам Эмомали өзі демеушілік жасайтын тәжікстандық «Истиклол» футбол клубында ойнайды.

Осыдан біраз бұрын Азаттық радиосы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның өткен жылы өзінің екінші қызы, 33 жасар Озода Рахмонды елдің сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындағанын хабарлаған болатын.

Бақылаушылар сол тұста Тәжікстан президентінің айналасындағыларға деген сенімсіздіктен өзінің туыстары мен балаларын жоғары лауазымдарға тағайындап, осы арқылы өзін қолдайтын топ құрып, өз саясатына қарсы келушілерге тойтарыс беруді көздейді деген болатын.

Рахмонның бұл кландық саясаты әрі сыбайлас жемқорлықтың көзі, әрі түрлі мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздық болып табылады. Мәселен, өткен жылы жоғарғы шенді офицерлердің бірін-бірі тұтқындаған «арнаулы қызметтер соғысы» өрши түскен еді. Өзара дауласқан арнаулы қызметтердің басшылары негізінен президент Эмомали Рахмонның туыстары мен жақын адамдары болатын.
XS
SM
MD
LG