Accessibility links

Тәжікстанда "ұлт көшбасшысы" туралы заң жобасын қарап жатыр


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Тәжікстанда президентке ресми түрде "ұлт көшбасшысы" атағын беру ұсынысы заң жобасына айналып, парламентке жетті

Тәжікстан парламентінің бір топ депутаты ел президенті Эмомали Рахмонға ресми түрде "ұлт көшбасшысы" атағын беруді қарастыратын "Бейбітшілік пен ұлттық келісімнің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" туралы заң жобасын даярлады.

Тәжікстан парламенті депутаттары. Душанбе, 17 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжікстан парламенті депутаттары. Душанбе, 17 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы - Межлистің баспасөз хатшысы Мухаммадато Султоновтың Азаттықтың Тәжік редакциясына хабарлауынша, заң жобасы бүгін межлис кеңесінде қаралған. Султоновтың сөзіне қарағанда, заң жобасы талқылаудан соң межлистің комитеті мен комиссияларына жіберілген.

Азаттықтың Тәжік редакциясының ақпаратына қарағанда, президент фамилиясына "ұлт көшбасшысы" тіркесі алғаш рет биыл қазанның 27-сі күні президенттің баспасөз қызметінің хабарламасында қосылған. Бұдан соң мемлекеттік телеарналар бұл сөзді президент Эмомали Рахмонның атына қосып айта бастаған. Мұндай мәртебе заң жүзінде бекітілмегендіктен, кейбір сарапшылар мұндай тіркесті қосып айту демократиялық процестерге қайшы келеді деген пікір білдірген еді.

Тәжікстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары Сайфулло Сафаров "ұлт көшбасшысы" тіркесі "халықтың өз қалауы бойынша қолданылатынын" айтады.

Оның сөізнше, "бұл атақты жұрттың өзі ұсынған" және "ол халықтың елді 20 жылдан астам уақыт бойы басқарып келе жатқан мемлекет басшысына деген құрметін құрметін білдіреді".

Биыл сәуірде Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Носир Салими мен Тәжікстан мемлекеттік ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінің деканы Холмахмад Саме Эмомали Рахмонға "ұлт көшбасшысы" атағын беруді ұсынған. Олар ұсынысында "мұндай мәртебе беру президенттің мемлекетке сіңірген еңбегін бағалау болатынын" айтқан.

Тәжікстан ғылым академиясының "Ғылым мен жаңа технологияларды инновациялық дамыту орталығы" мемлекеттік ғылыми мекемесі бұл ұсынысты сынап, "ұлт көшбасшысы" атағы негізінен "демократиялық елдерде емес, авторитарлық, монархиялық және теократиялық мемлекеттерде берілетінін" мәлімдеген.

Эмомали Рахмон Тәжікстанды президент ретінде 1994 жылдан басқарып келеді. Конституциясы бойынша Тәжікстан демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланған. Конституцияға сай, Рахмонның лауазымы "президент" немесе "мемлекет басшысы" болуы тиіс. Бірақ тұрғындармен кездесуде оны көбінесе "жоғары мәртебелі", тіпті "ұлт әкесі" деп те атап жатады.

Назарбаевтың суреті бар билборд. Жезқазған, 2013 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Назарбаевтың суреті бар билборд. Жезқазған, 2013 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Орталық Азия елдерінде бұл жаңадан пайда болған құбылыс емес. Қазақстанның тұңғыш әрі қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәртебеге бес жыл бұрын ие болған.

2010 жылдың мамырында Қазақстан парламенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз артықшылық беруді қарастыратын заң жобасын қабылдаған. Құжатта отставкаға кеткен күннің өзінде Назарбаевтың жеке басы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдіктер берілетіні жазылған. Мәтінде «президенттік қызметті атқару кезіндегі, сондай-ақ президенттік өкілеттілігі тоқтатылғаннан кейін Қазақстанның тұңғыш президенті мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекет­тері үшін елбасыны тұтқындауға, қамауға алуға, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартуға болмайды» деп жазылған. Бұл айрықша кепілдіктер елба­сы және онымен бірге тұратын отбасы мүше­лерінің дүние-мүлкіне де қатысты қолданылады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG