Accessibility links

Тәжік президенті Рахмон өзін «Ұлт көшбасшысы» етіп бекітті


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның суреті бейнеленген плакат.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның суреті бейнеленген плакат.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өзіне «Ұлт көшбасшысы» мәртебесін беретін заңға қол қойды. Оның бұл әрекетін Тәжікстандағы кейбір белсенділер «демократияны мазақ ету» деп бағалады.

Азаттықтың Тәжік редакциясы "Тәжікстанда президентке "ұлт көшбасшысы" атағын беретін заң қабылданды" деп хабарлады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бүгін "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" туралы заңға қол қойған. Заң жобасын парламент желтоқсанның 18-і күні мақұлдаған. Парламенттің төменгі палатасы - Мәжіліс (Маджлис намояндагон) спикері Шукурджон Зухуров құжат мақұлданар кезде Рахмонды "тәжік халқы үшін көп еңбек сіңірген батыр" деп атаған.

Ол бұл «тарихи» заң жобасы елдегі демократиялық процестерге «қайшы келмейтінін» мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, әлем елдерінде, АҚШ, Үндістан, Пәкістан және Қазақстанда мемлекет басшысын «ұлт көшбасшысы» деп тану тәжірибесі бар. «Тұлғаны «ұлт көшбасшысы» деп тану демократия мен еркіндікке нұқсан келтірмейді» деген Зухуров.

Маджлис намояндагонның мемлекеттік құрылым және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Абдурахим Холикзоданың айтуынша, бұл заң «халықты біріктіріп, Эмомали Рахмонның сіңірген еңбегін мойындау» үшін қабылданған.

16 баптан тұратын заң жобасында «бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы», «ұлт көшбасшысы» ұғымдарына түсінік беріліп, «ұлт көшбасшысының» құзыреті, оның жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік кепілдік беру, орден мен мемлекеттік сыйлық тағайындау ережелері бекітілген.

Бұл заң бойынша Совет Одағы құлағалы (1991 жыл – ред.) Тәжікстан билігін ешкімге бермей келе жатқан 63 жастағы бұрынғы совхоз (кеңестік шаруашылық фермасы – ред.) директорының отбасы мүшелері де қорғалады. Яғни, Рахмон әулетінің мүшелері мен олардың мүліктеріне тиісуге болмайды.

Оқи отырыңыз: Рахмон да «Ұлт көшбасшысына» айналып жатыр

Белгілі тәжік құқық қорғаушысы Ойнихол Бобоназарова.

Белгілі тәжік құқық қорғаушысы Ойнихол Бобоназарова.

Тәжікстанда бұл заңды сынап жатқандар да бар. Мәселен белгілі тәжік құқық қорғаушысы, 2013 жылы президент сайлауына түспек болған жерінен бәсекеден шеттетілген Ойнихол Бобоназарова заң жобасын «демократияны мазақ ету» деп бағалайды. Рахмонды сынайтын басқа да тұлғалар «Тәжікстан демократиядан тағы бір қадам алшақтады» деген сарындағы пікірлер білдіріп жатыр.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға «ұлт көшбасшысы» атағын беру ұсынысы биыл көктемде көтеріліп, заң жобасы парламентке қараша айында түскен.

Президентке "ұлт көшбасшысы" атағын беру Орталық Азия елдерінде жаңадан пайда болған құбылыс емес. Қазақстанның тұңғыш әрі қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәртебеге бес жыл бұрын ие болған еді. Ал бұрынғы түркімен басшысы Сапармұрат Ниязов «Түркменбашы» (барлық түркімендердің басшысы) деген атағын 2006 жылы дүние салғанға дейін иеленді, оның ізбасары Гурбангулы Бердімұхаммедов ресми түрде «Арқадағ», яғни «Қорғаушы» деп аталады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG