Accessibility links

Тәжікстанда ерлердің аздығы әйелдерді тоқал болуға мәжбүрлейді


Жаңадан үйленген жұбайларға арнап тігілген шымылдықты көрсетіп тұрған әйел.

Жаңадан үйленген жұбайларға арнап тігілген шымылдықты көрсетіп тұрған әйел.

Қазіргі кезде Тәжікстанда бір ер адамға төрт әйелден келеді. Сарапшылар мұны еңбек миграциясының салдары деп түсіндіреді. Тәжікстанда жыл сайын еңбек жасындағы миллионнан астам адам, негізінен ер-азаматтар, жұмыс іздеп шетелге кетуге мәжбүр.


– Мектепте оқып жүрген кезімде бірде құрдастарыммен бірге аулада отырған едік, жанымызға бізден ересектеу бір бала келді. Ол да өз қатарластарымен бір кездері осылай әңгімелесіп отырғандарын еске алып, бірақ енді солардың барлығы Ресейге кетіп қалғанын айтты. Шынында сол айтқандай болып шықты, қазір Тәжікстанда менімен бір сыныпта бірге оқығандардың ешқайсысы жоқ, бәрі Ресейге жұмыс іздеп кеткен. Олардың көпшілігі, егер Ресейде алатын ақшаларының тым болмағанда ширек бөлігіндей ақша төлейтін жұмыс Тәжікстанда да табылатын болса елге қайтуға дайын. Бірақ Тәжікстанда ондай да ақша төлейтін жұмыс жоқ, – дейді «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Тәжік қызметіне қазірде Санкт-Петербургте жұмыс істеп жүрген жас тәжік жігіті.

Қазан айында адам құқығы жөніндегі халықаралық федерация мен «Мемориал» құқыққорғау ұйымының бірлесіп жариялаған «Еңбек ресурстарын экспорттау Тәжікстанға қандай бағаға түсіп отыр?» атты баяндамада, Тәжікстандағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың салдарынан елдегі еңбек жасындағы барша тұрғын халықтың төрттен үш бөлігі – негізінен ер адамдар – шетелде жұмыс істеуге мәжбүр болып отырғандығы айтылған.

Ал қайыршылық күн кешіп жатқан қалған бөлігі еңбек мигранттарының тапқан-таянғанына қарап отыр. Баяндамада мигранттардың басым бөлігі егер Тәжікстанда өздеріне лайықты жұмыс табылатындай жағдай болса отандарына қайтуға ықыласты екендігі жазылған.

Соңғы он жылда Тәжікстанда тұрғындар саны 23 пайызға көбейген. Статистика деректері бойынша елде дүниеге келген ұл балалардың саны қыздардан көп, яғни әрбір мың тұрғынға шаққанда 13 пайыз ұл бала және 12 пайыз қыз баладан келіп отыр.

Алайда тағы да сол деректерге сүйенсек, жастай шетінейтін ұл балалар көрсеткіші де жоғары – 43 пайыз, ал қыз балаларда бұл көрсеткіш – 33 пайыз екен.

Тәжікстанда ер адамдардың өмір жасының ұзақтығы жөніндегі көрсеткіштің те төмен екендігін айтады халықаралық ұйымының сарапшысы Джовида Джураева «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Тәжік қызметіне берген сұқбатында:

– Ерлер арасында қаза көп кездеседі. Жұмыс істейтіндер, еңбек іздеп шетел асатындар – негізінен ер-азаматтар. Шаруа барысында қауіп-қатер де соларға жиі төнеді. Әйелдер әдетте үйде, бала-шағамен қалады. Осындай жайт ер адамдар қатарының сиреп кетуіне себептердің бірі болып отыр.


ТОҚАЛ АЛУДЫ ЕНГІЗУ КЕРЕК ПЕ?

Тәжікстанда көп әйел алуға заң жүзінде тыйым салынған. 1988 жылдан бастап Тәжікстанда екі және одан көп әйел алғандарға ең төменгі еңбекақы көлемінің 1-2 мың есе мөлшерінде айыппұл салу немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстарына кесу, болмаса бес жылға дейін түрмеге қамау жазасы белгіленген. Содан бері бұл бап бойынша жүздеген ер адам жазаға тартылды.

Бірақ бәрібір елде тоқал алуды түбірімен жою мүмкін болмай отыр.
Бізде жезөкшелік жайлап барады. Қоғамның азғындауына тосқауыл қою үшін, бәлкім, тоқал алуды заңдастырған жөн шығар.

Сарапшылар қоғамда әйелдер саны ерлерден бірнеше есе көп екендігін атап көрсетеді.

«Ферғана» ақпарат агенттігіне берген сұқбатында Согдий облыстық салт-дәстүр, әдет-ғұрып және мереке жөніндегі басқарма жетекшісі Мавджуда Мирпоччоева былай дейді:

– Қыздар 30 жасқа дейін күйеу кездеспей отырып қалады. Бойдақ жас жігіттер жоқтың қасы болғандықтан, әйелдер өз жеке өмірін басқаша құруға мәжбүр, өйткені олар да перзент сүйгісі келеді. Оның үстіне, әлеуметтік қиындықтар және бар: әйелдерге қалыпты еңбекақы төлейтін жұмыс табу өте қиын. Бізде жезөкшелік жайлап барады. Қоғамның азғындауына тосқауыл қою үшін, бәлкім, тоқал алуды заңдастырған жөн шығар.

«Ферғана» агенттігі өмірден жалғызбасты болып өтуден қорқып, біреудің екінші әйелі болуға келіскен әйелдің де пікірін біліпті:

– Мен өз ықтиярыммен бір жас азаматтың екінші әйелі болуға келістім. Оған күйеуге шыққан кезде, әрине, оның әйелі, бала-шағасы барын білдім. Бірақ мен осындай қадамға баруға мәжбүр болдым: жасым болса 24-ке келген еді, ал қатар-құрбыларымның барлығы сол кезде екі және одан да көп балалы болып үлгерген. Маңайымдағылардың бәрі маған: «пирдухтар» («кәрі қыз») деп саусағын безейтін. Мен перзент сүйіп, ана болғым келді, сөйтіп, осы адамның етегінен ұстадым. Ол білімді, маған айтатын әңгімесі де қызықты және сырт келбеті де тартымды. Қазір одан үш сәбиді өмірге әкелдім. Күйеуімнің алғашқы әйелінен де үш баласы бар.

ШЕТЕЛДІКТЕРМЕН НЕКЕ

Осы жылдың басында Тәжікстан өз азаматтарының шетелдіктермен некеге отыруына бірқатар шектеулер енгізді. Жергілікті қызбен некелесуге дейін өзге елдің азаматы Тәжікстанда кемінде үш жыл тұруы тиіс.

Сонымен бірге, некеге отыратын жұбайлар неке туралы келісім-шарт жасасулары керек. Бұған қоса, шетел азаматы өзінің тәжік жұбайына тұрғын-жай сатып алуға міндетті деп жазады Би-би-си.

Тәжік әйелдерінің Ауғанстан, Иран, Түркия, Қытай, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Сирия, Жапония және Үндістан азаматтарына жиі тұрмысқа шығуына себеп те сол – жұмыс істеуге шетелге кеткен тәжік жігіттері көбінесе ол жақтан отанына оралмайды.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG