Accessibility links

Тәжік жезөкшелері хиджаб кие бастады


Тәнін сатуды кәсіп еткен Рафоат. Душанбе, 11 наурыз 2015 жыл.

Тәнін сатуды кәсіп еткен Рафоат. Душанбе, 11 наурыз 2015 жыл.

Тәжікстанда тәнін саудалауды кәсіп еткен әйелдер қорлау мен күш көрсетуден қорғану үшін денелерін тұтас жабатын киім киюге көшкен. Бұл өзгеріс жезөкшелермен жұмысты қиындатқанын полиция өкілі мойындайды.

Көшеде тұратын басқа да жеңіл жүрісті әйелдер тәрізді Рафоат та қысқа белдемше, тар кеудеше мен қалың бояуды тастап, хиджаб кие бастады. Бес жыл бұрын жезөкшелікті кәсіп еткен Душанбенің Маяковский ауданының 24 жастағы тұрғыны өзін «көшедегі кекесін мен қорлаудан қорғау үшін» үстіндегі киімін өзгерткенін айтады.

«ҚОРҒАНУ ҮШІН ХИДЖАБ КИДІМ»

Қауіпті салада «қызмет ететін» Рафоат Душанбенің жарығы күңгірт саяжолдарына шығып, клиенттер ұстайды. Жеңіл жүрісті бикештерге бұндай серуендер қауіпсіз емес. «Ер адамдар көліктерін тоқтатып, қысқа юбка киген әйелдерді тілдеп, қорқытады» дейді атын ғана айтқан Рафоат.

Бетін жұқалап бояп, шашын бүркеген Рафоаттың ұзын жең көйлегі мен ұзын шалбары, аяғына ілген өкшесі қысқа туфлиі өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасайды. Оған қоса полицияны алдап соғу да оңайға түседі.

Тәжікстанда тәнін саудалау қылмысқа саналады, алайда, айыппұл мөлшері көп емес – шамамен 150 доллар. Бірақ полицияның қолына түссең оңайлықпен құтылмайсың.

Хиджаб киген тәжікстандық әйелдер. (Көрнекі сурет)

Хиджаб киген тәжікстандық әйелдер. (Көрнекі сурет)

Өз аты-жөнін атағысы келмеген ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды шенеунігі хиджабтың жұмысты қиындатқанын Азаттыққа мойындады. Полиция қызметкерлеріне тексеру барысында сексуалды қызмет көрсетушілерді анықтау қиынға соғады дейді ол.

Оның айтуынша, соңғы уақытта хиджаб киетін жезөкшелердің саны күрт өскенімен, айтарлықтай көп емес. «Олар сексуалды қызмет көрсететін аудандардан қашқақтайды, такси немесе басқа біреуді күтіп тұрғандай түр жасайды» дейді шенеунік.

Наурыздың 10-ы күні мемлекеттік телеарна көрсеткен арнайы бағдарламада ІІМ шенеуніктері Душанбеде хиджаб киген он шақты сексуалды қызмет көрсетушілерді тұтқындағандарын хабарлады. Рафоат тексерудің уақытын алдын ала болжау қиын екенін айтады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон тәжік әйелдері шетелдің ықпалына түспеуге тиіс екенін мәлімдеген соң осындай тексерулер көбейді. «Хиджаб киіп, бізге жат дәстүрге еліктеу әйелдер үшін жоғары моралдық және этикалық стандарттардың белгісі емес» деді Рахмон.

«ПОЛИЦИЯДАҒЫ ДОСТАРЫМ ШЫҒАРЫП АЛДЫ»

Президент Рахмон мен басқа да тәжік шенеуніктері хиджабты сынап, әйелдерді «тәжік дәстүрін ұстануға» шақырады. Мектеп, университет және мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге тыйым салынған.

Хиджаб киген жеңіл жүрісті әйелдерді жазалау басқаларға да кесірін тигізді. Бұрынғы танымал әнші, 2009 жылы Меккеге қажылыққа барып келген соң өнермен қош айтысқан Малика Саидоваға мемлекеттік телеарнада көрсетілген бағдарламада айып тағып, "жезөкшелерге хиджаб саттың" деп кінәлады.

«Телеарна бағдарламасынан соң билік өкілдері менің дүкенімді тексерді, бірақ қателік таппады» дейді Саидова жергілікті БАҚ өкілдеріне. Ол өзінен киім сатып алатындардың «маңдайында жеңіл жүрісті деп жазылып тұрған жоқ қой» деген уәж білдіреді. Билік сексуалды қызмет көрсетушілер санының артып келе жатқанына алаңдайды, тәжіктер оған кедейлік пен елде жұмыс орнының аздығы себеп болды дейді.

Жезөкшелікті кәсіп еткен тәжікстандық әйел.

Жезөкшелікті кәсіп еткен тәжікстандық әйел.

ІІМ 400 сексуалды қызмет көрсетушіні тіркегендерін және Душанбеде заңсыз ашылған 275 жезөкшелер үйі барын анықтағандарын мәлімдеді. Былтыр 189 болған олардың саны биыл айтарлықтай артқан. Полиция қызметкерлері ондай үйлер орналасқан жерлерді жиі тексереді.

Олар алдымен адам саудасы, тәнін саудалауға мәжбүрлеу және кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке итермелеу тәрізді заң бұзушылықтарды анықтайды. Бірақ бұндай істерге сыбайлас жемқорлыққа батқан кейбір құқық қызметкерлерінің де қатысы бар деген айыптар айтылады.

Кейбір офицерлер ақысын төлеген жағдайда секс-бизнес өкілдерін қорғайды екен. Рафоаттың айтуынша, оны бес мәрте тергеуге алған, бірақ «полиция офицерлері арасындағы достары» көмекке келіп, полициядан шығартқызып жіберген.

Хиджаб кигеннен бері бұндай «ынтымақтастықтың» мәні өзгермесе де, мұсылман әйелдер орамалы жеңіл жүрісті қыз-келіншектерге көзге көп шалынбауына көмектеседі. Рафоаттың айтуынша, кейде ер адамдар көлігін тоқтатып, қалаған жеріңе апарып тастайық деп ұсыныс жасайды. Сондайда олардың ықтимал клиент екенін немесе «автобустан қалып қалған жанға көмектескісі келген мұсылман» екенін бірден ажыратамын дейді әйел.

Ганжинай Ганж және Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG