Accessibility links

Еуропа түркімен газына тағы назар аударды


Түркіменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедов газ құбырының ашылу рәсімінде. Шатлық, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.

Түркіменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедов газ құбырының ашылу рәсімінде. Шатлық, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл.

Түркіменстанға Еуропалық комиссияның өкілінің келуі Транскаспий газ құбыры жобасына қатысты үмітке арқау болды. Бірақ жобаны іске асыру үшін көп кедергілерді еңсеру қажет.

Сәуірдің аяғында Түркіменстанға келген Еуропалық комиссияның энергетика жөніндегі вице-президенті Марош Шефчович Транскаспий газ құбыры (ТГҚ) жайлы сөз қозғағанда соңғы 20 жыл бойы айтылып келе жатқан жобаның іске асуын күтіп жүргендердің үміті оянды.

Шефчовичтің «түркімен газын Еуропа Одағына тасымалдау 2019 жылы басталуы мүмкін» деген сөзіне қарағанда, ЕО бұл жобаны жүзеге асыруға барынша ынталы тәрізді. Бірақ мақсатқа жету үшін әлі көп күш-жігер қажет болмақ.

Осы мәселені талқылаған Азаттықтың Түркімен қызметі өткізген дөңгелек үстелге қауіпсіздік және энергия жөніндегі маман, Platts Journal басылымының бұрынғы редакторы Джон Робертс, энергетика мәселелері жайлы бірнеше кітап авторы Стив Левин, энергия мәселелері жайлы жазатын журналист әрі зерттеуші Паоло Сорбелло, Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мұхаммед Тахир және осы мақаланың авторы қатысты.

ЕУРОПАҒА ГАЗ ТАСЫМАЛЫ

ТГҚ салу туралы идея 1990-жылдардың ортасында дүниеге келді. Негізгі мақсат – түркімен газын Каспий түбінен салынатын құбырмен Әзербайжанға, одан әрі басқа құбырмен Грузия мен Түркия арқылы Еуропаға жеткізу. Түркіменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхаммедов Марош Шефчовичке Түркіменстанның Еуропаны газбен қамтуға дайын екенін айтқан. Бұл тың мәлімдеме емес. 20 жыл бұрын жобаның пайда болуына Түркіменстан ықпал еткен еді.

Газ құбыры құрылысындағы жұмысшылар. Мары, Түркіменстан, 9 қаңтар 2015 жыл.

Газ құбыры құрылысындағы жұмысшылар. Мары, Түркіменстан, 9 қаңтар 2015 жыл.

Стив Левин «Түркіменстан нақты қадам жасап, компаниялардың бірімен келісімге отыруға батылы барған емес» деп, Ресейге қарайлайтынын айтады. Оның сөзінше, «Бердімұхаммедов Путиннің ашу-ызасына тиіп алмауға тырысып келеді». Сарапшы соңғы 10 жылда қолға алынбаған істің Ресей Украинамен қақтығысып жатқан қазіргі кезде орындала қоятынына күмән келтіреді.

Джон Робертс «Түркіменстан Еуропалық одақ немесе басқалардың қаншалықты қолдау көрсететінін білмейінше, бұндай қадамға бармайды» деп санайды.

ТҮРКІМЕНСТАНҒА ҚҰБЫР САЛУ

«Түркіменстанның ресми ұстанымы қарапайым – олар ел аумағындағы құбырды біреу салып берсе, дайын болған кезде оған газ құя салмақ» дейді Джон Робертс.

Ресейлік «Газпром» немесе Әзербайжанның SOCAR сияқты компаниялары өз тұтынушыларына газ экспорттау үшін құбыр салуға қатысады. Бірақ, «Түркіменгаз» олай істемейді. Түркімен газын алғысы келетіндер ол жаққа құбыр тартып беруі тиіс.

Түркіменстандағы газ құбыры құрылысы. (Көрнекі сурет)

Түркіменстандағы газ құбыры құрылысы. (Көрнекі сурет)

Паоло Сорбелло ТГҚ салынған күннің өзінде Түркіменстанның қысқа және орта мерзімде газбен қаншалықты жабдықтай алатыны белгісіз екенін айтады. Алдын ала мәлімет бойынша, биыл Түркіменстан 100-110 миллиард текше метр газ өндірмек, бірақ соның 22-25 миллиарды ішкі қажетіне жұмсалады.

«Оның жылына 100, 110, 120 миллиард текше метр өндіретінін көріп жүрміз, ал егер жоба жүзеге асса, соның бәрі экспортқа шығарыла ма? Олар өндірісті екі есеге көбейтеді деп ойламаймын» дейді Паоло Сорбелло.

Түркіменстан мен Қытай арасындағы төртінші және соңғы құбырдың тармағы аяқталса, түркімендер Қытайға 80 миллиард текше метр газ жеткізбек. Бұл құрылыс келер жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, Түркіменстан Иранға миллиард текше метр газ тасымалдайды, биыл Ресейге де 4 миллиард текше метр газ жеткізу туралы келісімге отырды.

Бірақ Түркіменстан үкіметі 2030 жылға қарай 230 миллиард текше метр газ өндіріп, оның 180 миллиардын экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

ПАЙДА КӨЗІ

Транскаспий газ құбыры, тым болмағанда, техникалық тұрғыда 2019 жылы дайын болуы мүмкін деп хабарланды. Джон Робертстің пікірінше, егер түркімендер газ экспорты келісіміне қол қойған күннің өзінде, «құбыр 2019 немесе 2020 жылы жұмыс істей бастауы үшін оған қосымша компрессиялық станциялар мен иіндер салу керек болады». Сарапшы түркімен газы экспортының көлемі бастапқыда тек 10 миллиард текше метр ғана болады деген болжам айтады.

Газ құбырының ресми ашылу салтанатында ұлттық киіммен тұрған бала. Шатлық, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Газ құбырының ресми ашылу салтанатында ұлттық киіммен тұрған бала. Шатлық, Түркіменстан, 31 мамыр 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Алайда Джон Робертс Түркіменстан үшін бұл жобаның өте тиімді екенін айтып, түркіменстандық оффшорлық кеніштердің бірінде жұмыс істеп жатқан малайзиялық Petronas компаниясы көп мөлшерде газ өндіргенімен оны сататын жері жоқ екенін мысалға келтірді.

«Petronas Каспий теңізі қойнауынан 10 миллиард текше метрге дейін газ өндіреді, бірақ оны ешқайда жібермейді. Бұл газдың барар жері жоқ» дейді Джон Робертс. Сарапшы теңіздегі ол кеніштің Әзербайжанға жақын орналасқанын айтады.

Сонымен бірге Ресейді де ұмытуға болмайды. Левиннің айтуынша, «Түркіменстан ТГҚ өзіне де, Ресейге де тиімді болатындай жол табуға» тиіс. Ол Түркіменстанның Қытайға газ экспорттауға қол жеткізуінің себебін «ресейлік құрылыс компанияларына құбырдың көп бөлігін салуға мүмкіндік беруімен» түсіндіреді.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG