Accessibility links

Түркіменстанда әйелдерді қымбат ұлттық киімдер киюге мәжбүрлейді


Ұлттық киім киген түркімен қыздары билеп жүр.

Ұлттық киім киген түркімен қыздары билеп жүр.

Түркіменстан Ғылым академиясы ғалым-әйелдерді жұмысқа ұлттық үлгідегі көйлек киіп, бастарына жұқа жібек орамал салып келуді міндеттеді. Бақылаушылар бұдан Түркменбашының билік бастауларына оралу сипатын көреді.


ПАРИЖ САПАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША

Түркіменнің адам құқықтарын қорғау веб-сайты «Түркіменстан хроникасында» жазылғандай әйел-академиктерге ұлттық үлгідегі қызметтік киім кию тәртібі биылғы жылдың ақпан айының басында ғылым академиясының төралқасында енгізілді. Тек қана ұлттық киімдер киіп жүру талабы Ғылым академиясының барлық институттарына таралуда.

«Түркіменстан хроникасы» веб-сайты: «Бір қызығы, бұл мәжіліс түркімен президентінің әлемнің мәдени астанасы – Парижге сапарының қорытындысына арналған болатын. Бұл ұйғарымның шыққанына екі күн өткен соң әйелдерді тағы бір жайтпен «қуантты». Әйелдер тек Ғылым академиясының төралқасына ғана ұлттық киіммен келмей, оның барлық институттарында, яғни жұмыс орнында да ұлттық киіммен жүруі керек», - деп жазады.

Сонымен қатар, ғылым академиясындағы түркімен әйелдеріне институтқа жоғары лауазымды қонақтар келген жағдайға арнап, жұмыс орнында сән-салтанатты ұлттық көйлектер үнемі дайын тұрсын деп міндеттелді.
Ұлттық киім киген түркмен қызы


«Әрине, әйелдердің көпшілігі басшылықтың мұндай талабына наразы. Алайда, жұмыстан шығып қалудан қорыққан олардың басшылық талабын орындамауға дәті бармайды. Осындай ұлттық үлгіде киінбеуге құқы бар Түркіменістандағы жалғыз әйел - түркімен парламентінің төрайымы Акджа Нұрбердыеваға үнсіз қызғанышпен қарайды» - деп хабарлайды адам құқықтарын қорғау веб-сайты.

Сондай-ақ, «Түркіменстан хроникасында» келтірілгендей ұлтшылдануға ұқсас бұл процесс түркімен әйелдерінің құқын таптайды. Білім беру мекемелерінде, мемлекеттік кеңселерде міндетті түрде ұлттық киім кию ережеге айналуда, тіпті телеарналардағы диктор әйелдер де жәй мәдени киімді сирек киюге айналды. Әзірге бұл ұйғарым еркектерді айналып өтуде.

ӨТКЕНДІ ҚАЙТАЛАУ

Айта кеткен жөн, Түркіменстанда жаппай ұлттық киім киюге мәжбүрлеу елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың билігі тұсында енгізілген болатын.

Кейбір бақылаушылардың айтуынша, қазіргі президент Гұрбангұлы Бердімұхамедовтың 2007 жылы билікке келуімен алдыңғы президент енгізген көптеген керітартпа шаралардың күші жойылған еді.

Алайда, әйелдерге ұлттық киім кию талабы Түркіменстанда әлі күнге күшін жоймағаны Азаттық радиосына мәлім болды. Осы мәселеге қатысты бүгінде Болгарияда тұратын, Түркіменстандағы Хельсинки комитетінің жетекшісі Тәжігүл Бегмедова Түркіменстанның қазіргі президенті Гұрбангұлы Бердімұхамедовтың марқұм Сапармұрат Ниязовтан қалған саяси бағытты ешқашан да өзгертуге тырыспағанын айтады.

Тәжігүл Бегмедова біздің Азаттық радиосына берген сұхбатында, Бердімұхамедовтың билікке келуіменен еркіндіктің лебі соқты деп кейбір бақылаушылардың айтып жүргені, бұл — түркімен билігінің халықаралық қауымдастықтың алдындағы көзбояушы пиар-тәсілі ғана дейді.
Тәжігүл Бегмедова -Болгариядағы Түркіменстан Хельсинки комитетінің жетекшісі. 21 шілде , 2006 жыл.


- Түркіменбашының салып кеткен жолы - «Рухнаманы» зерделеу, сондай-ақ елден сыртқа кеткендер мен қайта келгендерге арналған қара тізім секілді аяусыз қуғындаушылықтар қайта жалғасын табуда. Потемкиндік ауылдар тәжірбиесі әлі қолданылуда, яғни ел жағдайын көруге президент шыға қалса, хаттамамен бекітілетін жүрер жолының бойын жайнатып қояды, оған елдің мұң-мұқтажы көрсетілмейді, ал, шын мәнінде ауыл-аймақтарда, аудандарда су жоқ, экологиялық мәселелер бар. Өкінішке орай, тіпті өлкедегі мыңдаған тұрғындарды мемлекет басшысымен кездесу үшін қақаған аязда айдап шығарған. Жақында 20 градустық аязда оқушылар мен мұғалімдерден тірі дәліз жасап, оларды 6 сағат бойына тұрғызып қойған, - дейді адам құқықтарын қорғаушы Тәжігүл Бегмедова.

ХАЛЫҚҚА ДЕГЕН ҚҰРМЕТСІЗДІК

Тәжігүл Бегмедованың айтуынша, түркімен әйелдерінің ұлтық киімі ұлттық дәстүрдің жалғасы ретінде оң бағалануы тиіс. Сөйте тұра, ол түркімен әйелдеріне арнайы қызмет киімін енгізуді түркімен билігінің өз халқын сыйламайтынының кезекті көрінісі деп бағалайды.

Тәжігүл Бегмедова:

- Әйелдерді күнделікті жұмысқа және іс-шараларға ұлттық киім киюге мәжбүрлеу – ақылға сыйымсыз. Оның үстіне бұл тазалыққа да қайшы. Жылдың ыстық мезгілінде ауа өткізбейтін, дененің тыныс алуын бөгейтін велюр мен барқыттан тігілген киімдерді киюге мәжбүрлейді. Екіншіден, ол киімдер қыртыстанып әдемі көрінбейді. Яғни бұл қызметтік киім үлгісіндегі артта қалған ауылбайшылықты білдіреді. Бұл жерде адамның жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Тек сыртқы көрініске ғана мән беруде, - дейді.

Оның пікірімен бүгінде Швецияда тұратын түркімен жазушысы Ак Вельсапар да келіседі, ол Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында соңғы жылдары Гұрбангұлы Бердімұхамедовтың марқұм Түркменбашы ұстанған саяси бағыттың ізімен келе жатқанын айтады.

Ак Вельсапар:

- Бердімұхамедовтың сарайында Түркменбашының кезінде жинақталып, озбыр өктемдікпен айналысқан адамдар тұрақтанған. Бәлкім, мына Түрменбашының өзін де сондай бұйрықтар мен қадамдар жасауға бағыттаған солар шығар. Яғни Ниязовтың кезінен келе жатқан адамдар жаңа президентті де сондай қателікке итермелеуі кәдік. Бірақ, не дегенмен де, президент шығарған бұйрықтары мен ұйғарымдарына тек өзі ғана жауапты. Сондықтан ол өзінің ел алдындағы және халықаралық қауымдастық алдындағы беделін ойлауы тиіс, - дейді.

Сондай-ақ, оның пікірінше түркімен әйелдері ұлттық киімге барлық кезде зор сүйіспеншілікпен қараған, бұл алдағы уақытта да жалғаса бермек. Алайда, Ак Вельсапардың ойынша, бүгінгі әл-ауқаты нашар Түркіменстан азаматтарына ұлттық киім киюді міндеттеу көптеген түркімен әйелдері үшін артық ауыртпалыққа айналуы мүмкін.

- Егер біздің әйелдердің қазіргі экономикалық жағдайын ескерер болсақ, әрине, әрбір түркімен әйелінің ондай киімді сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Өйткені жақсы зерленген түркіменнің әйелдерге арналған ұлттық киімі қымбат тұрады және оларды қымбат маталардан тігеді. Түркімен әйелдеріне білім алып, жақсы жұмыс табуға көмектессе, лайықты экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмір ұсынса, мінекей сол абзал болар еді. Қазір жұмыссыздық өте жоғары деңгейге шығып кетті ғой. Ал, қалғанын әйелдердің өздері шешсін, - дейді Ак Вельсапар.

ҚЫЗМЕТТІК КИІМ ТҰРҒЫСЫНДАҒЫ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Түркімендік бақылаушылар біздің Азаттық радиосына Түркіменстандағы жұмыссыздық деңгейінің бүгінгі таңда 70 пайызды құрап отырғанын мәлімдеді.

Түркіменстандық тарихшы Аманмұрат Бугаев түркімен әйелдеріне ұлттық киімді енгізуді көзбояушылық деп атайды.

Тарихшы Аманмұрат Бугаев:
Наурыз мейрамында түркімен әйелдері ұлттық киіммен жүр


- Түркіменнің ұлттық көйлектеріндегі өрнектер қолмен кестеленеді. Сондықтан мұндай көйлектер өте қымбат – бірнеше мың долларға дейін барады. Әйелге мұндай көйлектің біреуі ғана жеткіліксіз, ал елдегі әрбір әйел қымбат тұратын ұлттық киімдердің бірнешеуін қатар сатып ала алмайды. Алайда, біздікілер бүкіл әлем түркімен әйелдерінің қымбат көйлектер киетініне қарап, Түркіменстанның адамдары бай екен деп ойласын деген пиғылмен көзбояушылық жасауда, - дейді.

Ол, сонымен қатар өз мүмкіндігінен жоғары өмір сүру Түркіменстанда әдеттегі құбылысқа айналғанын айтады.

Түркіменстандық тарихшы Аманмұрат Бугаев:

- Бізде, ауылдық жерлерде жолдардың нашарлығына қарамастан адамдар қымбат «Мерседес» сатып алады, өйткені бай көршісінде сондай мәшине бар немесе қаладағы біреу сондай мәшинемен жүр. Біздегі орташа айлық жалақы 270 доллар. Мұғалімдер одан көбірек алады, шамамен 400 доллардай. Түркіменстанда төрт адамнан тұратын отбасы айына нарық бағамы бойынша, 150 доллармен күн көре алады, бірақ біздікілер өз мүмкіндіктерінен жоғары өмір сүргілері келеді, - дейді.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, түркімен әйелдерін ұлттық киім киюге мәжбүрлеу — түркімендік шенеуніктердің дүниетанымының таяздығын көрсетеді және түркімен қоғамының әр тұсынан көрініс беріп жататын жағымпаздықтың тағы бір жемісі, енді әйелдерге қызметтік киім үлгісін енгізуден де аңғарылып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG