Accessibility links

Желідегі жалған аккаунт президент сайлауын әжуалады


Twitter-дегі жалған аккаунтта жарияланған Өзбекстан президенттігіне кандидат Хатамжан Кетмонов пен (сол жақта) АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың (ортада) қатар тұрғанын бейнелейтін монтаждалған сурет.

Twitter-дегі жалған аккаунтта жарияланған Өзбекстан президенттігіне кандидат Хатамжан Кетмонов пен (сол жақта) АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың (ортада) қатар тұрғанын бейнелейтін монтаждалған сурет.

Авторитарлық билік үстемдік құрған Өзбекстанда желтоқсандағы президент сайлауы қарсаңында Twitter әлеуметтік желісінде уәделерді үйіп-төккен жалған «үміткердің» парақшасы жұрт назарын өзіне аударды.

Өзбекстан президенті сайлауына қатысты әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан жазбалар арасында небір қызықты уәде, ұсыныстар кездеседі. Мәселен, әр көшеде шайхана ашып, дүйсенбі, жұма күндері тегін палау таратамын, Рамазан айында халыққа отыз күн демалыс беріп, жұмыстан босатамын деп еліктіріп жатқандар бар. Twitter-де жарияланған тағы бір хабарламада өзбек президенттігіне кандидат Хатамжан Кетмонов АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамппен қатар тұр. Монтаж жасалған суретпен бірге «жаңа Өзбекстанды бірге құру» туралы уәде айтылған.

Бұл сурет пен жазба шын кандидат Хатамжан Кетмоновқа еш қатысы жоқ жалған аккаунтта жарияланды, бірақ оны жоққа шығарып жатқан да ешкім жоқ.

Президенттікке кандидаттың атынан бұл жалған аккаунтты 29 миллион халқы бар Өзбекстанда мемлекеттің толық бақылауындағы бұқаралық ақпарат құралдары тіс жармайтын экономикалық және саяси проблемаларға назар аударуды көздеген өзбекстандық қолданушы ашқан тәрізді.

ШЫН КАНДИДАТТАРДЫ ШАҢ ҚАПТЫРҒАН АККАУНТ

Әйтсе де, Twitter-дегі өтірік «Кетмонов» парағын таңдаған фоллоуерлер саны шын кандидатты оқитындардікінен 20 есе көп.

Совет заманында көп нәрседен қағылған, кейінгі ширек ғасырдан астам уақыт биыл қыркүйекте өмірден өткен постсоветтік диктатор Ислам Каримовтің ашса алақанында, жұмса жұдырығында өмір сүрген халық үшін бұл бір ерекше жаңалық болып тұр.

Бұл қызықтың бәрі желтоқсанның 4-іне белгіленген президент сайлауы қарсаңында болып жатыр. Батыс бақылаушылары қатыспайтын бұл сайлауда Өзбекстан премьер-министрі әрі қазір президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияевтің жеңіске жететініне ешкім шүбә келтірмейді.

4 желтоқсан - Өзбекстан президенті сайлауы күні туралы Ташкент көшесіндегі баннер. Қараша, 2016 жыл.

4 желтоқсан - Өзбекстан президенті сайлауы күні туралы Ташкент көшесіндегі баннер. Қараша, 2016 жыл.

Ал шын Кетмонов әлеуметтік желі қолданушылары үшін онша қызықты тұлға емес тәрізді. Бұрын орыс тілі мұғалімі болып істеген 47 жастағы Хатамжан Кетмонов 2014 жылы депутаттыққа сайланғанға дейін Әндіжан аймағында ортаңқол қызметте болған. Жұрттың көбі оны сайлауды бәсекелі етіп көрсету үшін додаға әдейі қосылған қуыршақ үміткер деп санайды. Өзбекстанда биліктің толық бақылауымен өткен 2015 жылғы президент сайлауында Ислам Каримов 90 пайыз, ал Хатамжан Кетмонов 3 пайыз дауыс жинаған.

Қарашаның 15-індегі жағдай бойынша Twitter-дегі жалған «Кетмоновтың» бір мың фоллоуері бар парақшасына 4700 твит жазылса, небары 45 оқырманы ғана бар нағыз Кетмоновтың шынайы парақшасында 87 хабарлама жарық көрген.

Жалған «Кетмонов» парақшасында адамның ойына келмейтін қызық идеялар тастайды. Бір жазбасында ол Грузияның экс-президенті, кейіннен Украинаның Одесса облысын басқарып, жақында қызметінен кеткен Михаил Саакашвилиді Ташкент мэрі етіп тағайындауды ұсынады. Жақындағы бір жазбасында ол былтыр қайтыс болған қазақстандық әнші Батырхан Шүкеновтің фотосын қойып, «Қысқасы, бұл да өзбек, айттым бітті» деген пікір қалдырған.

ҚИЯЛҒА ҰҚСАЙТЫН УӘДЕЛЕР

Жалған «Кетмонов» ілгерідегі бір твитінде ол кандидат Кетмоновтың биыл АҚШ президенті сайлауында жеңілген Хиллари Клинтонды құшақтап тұрған суретін жариялады. Монтаж арқылы жасалған осы сурет оны оқитындарға ұнаса керек, көпшілігі әлгі суретті өз парақтарына жариялаған.

Сонымен бірге жалған аккаунтта «Кетмонов» арақ, коньяк ішу туралы көп жазады және көршілес жатқан тәжіктер мен қырғыздарға қатысты стереотиптерді көп пайдаланады. «Марқұм Каримовтің арғы тегі – тәжік» деген алыпқашпа әңгімені қайта қоздырған ол уақытша президент міндетін атқарушы премьер Шавкат Мирзияевті де «тәжік» деп атайды.

Әжуа-қалжыңға толы твиттерінің арасында жалған «Кетмонов» кейде парақорлыққа батқан Өзбекстанда 1980-жылдары Сингапурды тазалаған Ли Куан Ю сияқты «жемқорлықты жоямын», елде «парламенттік басқару жүйесін енгіземін, салық қызметі мен полицияны халықтан жасқанатын болады» деген уәделер де беріп тұрады.

Бірақ бұл уәделері өзбектердің көбіне шынайы өмірден алшақ, қияли әңгіме болып көрінеді. Мәселен, бір жазбасында жалған «Кетмонов» табиғи газ бен алтынды экспорттаудан түскен табыстан әр өзбектің үлесін бөліп беруге уәде етеді. «Әлемді шарлап, өз елдеріңізді мақтан тұтып жүретін боласыздар» деп жазады ол.

Twitter аккуант иелерінен шын есімдерін, басқа да жеке мағлұматтарын көрсетуді талап етпегенімен, оларға аутентификация қызметін ұсынады. Президенттікке кандидат Хатамжан Кетмонов желідегі «егізіне» шағымданып, Twitter әкімшілігіне хабарласты ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.

Президенттікке кандидат Кетмоновтың сайлау штабындағылар жалған аккаунттың бар екенінен хабардар және олар бұл туралы Өзбекстан ресми органдарына хабар берген.

Жалған «Кетмоновтың» «сайлау науқаны» қашан аяқталатыны белгісіз. Алайда өзге ресми кандидаттарға қарағанда, президент сайлауындағы негізгі үміткер саналатын Шавкат Мирзияевке осы бір жалған аккаунттың иесі мықты «бәсекелес» бола алатындай сыңай байқатады.

(Материалды әзірлеуге Әлішер Сыдық пен Замира Ишанова атсалысты.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG