Accessibility links

Билік әлеуметтік желідегі хиджабы бар фотоларға шүйлікті


Жылдам хабар алмасуға арналған Telegram мессенджеріндегі парақшаны оқып отырған хиджап киген өзбек бойжеткені. (Көрнекі сурет.)

Жылдам хабар алмасуға арналған Telegram мессенджеріндегі парақшаны оқып отырған хиджап киген өзбек бойжеткені. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстан прокуратурасы әлеуметтік желілерде хиджаб киіп түскен фотосы мен діни мазмұндағы жазу жариялаған өзбек қыздарын тергеп жатыр.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, прокуратура органдары Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің (СНБ) әлеуметтік желілердегі белсенділікті бақылауға жауапты шенеунігінің тапсырмасымен кейбір әлеуметтік желілердегі, атап айтқанда Telegram мессенджеріндегі аватарына хиджаб киіп түскен фотосуреттерін қойған немесе діни мазмұндағы сайттарға кірген оннан аса колледж оқушысымен әңгіме өткізген.

Ташкенттің Айша есімді 17 жастағы тұрғыны Азаттыққа Telegram мессенджеріндегі аватарына хиджаб киіп түскен фотосуретін жариялағаннан кейін прокуратураға шақырғанын айтады.

– Коллежде ашық жүре беремін, бірақ әлеуметтік желіге ұлдар «жабыспасын» деп хиджаб киіп түскен суретімді қойғанмын. Парақшама бірер мәрте үйдің жанындағы интернет-кафеден кірген едім. Мұны прокуратура біліп қойыпты. Мені прокуратураға колледж директорының рухани мәселе жөніндегі орынбасары ертіп апарды. Чиланзар ауданы прокуратурасында менімен өзін Хаёт деп таныстырған жасы 25-тер шамасындағы жігіт әңгімелесті. Ол менен «Хиджаб киіп түскен фотоңызды неге қойдыңыз? Діни мазмұндағы мәтіндер мен арабша жазуы бар фотоңызды неге жарияладыңыз?» деп сұрады. Кейін түсініктеме жаздырып алып, үйге жіберді. Дәлізден тағы бір-екі қызды көрдім. Оларды да осы мәселеге байланысты шақырған сияқты. Әлгі әңгімеден кейін Telegram мессенджері мен «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі аккаунттарымды өшіріп тастадым, - дейді Айша.

Азаттықтың Өзбек қызметіне мәлім болғанындай, Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің әлеуметтік желілердегі белсенділікті бақылауға жауапты шенеунігінің жазбаша тапсырмасына сәйкес, прокуратура діни мазмұндағы сайттарға кірген оннан аса колледж оқушысымен арнайы әңгіме өткізген.

Азаттықтың Ташкент педагогикалық колледжіндегі дереккөзінің айтуынша, өткен аптада осы оқу орны оқушылар арасында «әлеуметтік желілердегі діни радикализмнің зияны» деген тақырыпта сынып сағатын өткізген.

Астаналық медицина колледжінде, Ташкент облысы Паркент ауданындағы өнеркәсіп-экономикалық колледжі мен көлік және сервис кәсіптік колледжінде де осы сияқты сынып сағаттары өткен.

Прокуратурада өткен әлгі әңгімелесулерден соң Telegram мессенджерін пайдаланушылардың бірі өз парақшасына өзбек қыздарын діни киіммен түскен фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жарияламауға шақырған хабарлама жазды.

Діни киімдегі фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жарияламауға шақырған Telegram мессенджерін қолданушының жазбасы.

Діни киімдегі фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жарияламауға шақырған Telegram мессенджерін қолданушының жазбасы.

«Хиджаб киіп түскен немесе арабша жазуы бар фотосуреттерін жариялаған қыздарды прокуратураға шақырып жатыр. Әпке-сіңлілер, діни сипаттағы хабарламалар жолдамаңдар және хиджаб киіп түскен суреттеріңді қоймаңдаршы. Жаңа заңға сәйкес, ондайларды тергеп, жазалайды екен. Ең бастысы, діни сипаттағы хабарламалар жазбаңдар және діни киіммен түскен фотоларыңды қоймаңдар. Сақ болыңдар. Интернетте рейд жүріп жатыр. Абай болыңдар. Топтарды, сайттарды жаңа бағдарламалардың көмегімен тексереді екен. Мұны сендерге жиналыста ескерту жасалғаннан кейін жазып отырмын» деп жазады Telegram мессенджері қолданушысы.

Латын және кириллица әріптерімен жазылған бұл хабарландыру соңғы күндері Telegram мессенджерінің мыңдаған пайдаланушысы арасында тараған.

Азаттықтың Өзбек қызметімен әңгімелескен ташкенттік бойжеткен Айша «әлгі жиналыс немесе прокуратурадағы тергеу кезінде шенеуніктердің ешқайсысы әлеуметтік желілерде порнографиялық фото немесе видео материалдарды кімдер жариялайтынын сұрамады» дейді.

– Білесіз бе, менімен жасты ұлдар ересектерге арналған фильмдерді еш қорықпай-ақ желіге салып, кейін оны мақтанып айтып жүреді. Мұғалімдер оларға ұрысады, бірақ ешкім оларды прокуратураға шақырып, тергеп жатқан жоқ. Ал мен намаз оқитын мұсылман әйелдің фотосуретін парақшама салып едім, қаншама сөгіс естідім, - дейді Айша.

Жедел ақпарат алмасуға арналған бағдарлама ретінде Telegram мессенджері мен «Одноклассники» әлеуметтік желісі Өзбекстан студенттері мен оқушылары арасында кең тараған.

Кейінгі екі жылда Өзбекстан билігі жастарды «әлеуметтік желінің зиянды ықпалынан құтқаруға» барынша тырысып жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG