Accessibility links

«Орталық Азияда бір шелек су азайса да қиын»


Көмекбаев ауылы іргесінен өтетін Қуаңдария өзені. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

Көмекбаев ауылы іргесінен өтетін Қуаңдария өзені. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл.

«Су шаруашылығы жылы» (1 сәуір) басталып кетсе де Орталық Азия елдері биылға арналған су көлемін анықтау және оны пайдалану кестесін әлі үйлестіріп үлгермеген.

Азаттыққа сұхбатында Арал теңізі бассейні мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру жөніндегі ғылыми-зерттеу орталық филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев су мәселесі аймақ елдері жұмылып әрекет қылғанда ғана шешіледі дейді.

Азаттық: - Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердегі су мәселесі шешілмей келеді. Қазір мәселе шешілудің орнына қайта күрделеніп бара жатқандай. Сіз осыған келісесіз бе?

Нариман Қыпшақбаев: - Алдымен Орталық Азиядағыдай трансшекаралық күрделі су жүйесі жер жүзінде жоқ екенін айтуымыз керек. Сырдария бойындағы адамдардың негізгі өмір көзі осы суармалы жерден алынатын өнімге байланысты болып келеді. Бұл аймақтағы 67 млн. халықтың өмірі суға тәуелді екенін көрсетеді. Орталық Азияда Сырдария және Әмударияның суы бес мемлекетке толық жетпейді. Екіншіден, судың сапасы нашар. Су азайған сайын сапасы да түсе береді.

Қазір аймақтағы бес елде халық санының өсіп, экономиканың дамуы суға деген сұранысты арттырды. Сырдария су бассейнінің жылдық орташа табиғи су қоры 37 млрд. текше метрді құрайды. Бірақ аймақ елдері өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Сырдариядан жылына 50 млрд. текше метрге дейін су тұтынып жүрді. Қарап тұрсаңыз, бассейн суын тұтас пайдаланатынымыз өз алдына, пайдаланудан қалған лас, қайтқан «қашқын» суларды қайтара пайдаланып келгенбіз. Мұндай күрделі мәселе әлемнің басқа аймағында кездеспейді десем, қателеспеймін.

Азаттық: - Аймақ елдері қазір су мәселесінде бірігіп жұмыс істеуге қаншалықты әрекеттеніп жатыр, әлде әлі тек бірігудің қамымен жүр ме?​

Су маманы Нариман Қыпшақбаев Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 13 мамыр, 2016 жыл.

Су маманы Нариман Қыпшақбаев Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Алматы, 13 мамыр, 2016 жыл.

Нариман Қыпшақбаев: - 1990 жылы Орталық Азияда су мәселесі дауға айналып кеткен болатын. Оған дейін Сырдария мен Әмударияның айлық, күндік су бөлінісін Мәскеу шешіп тұратын. Одақ тарайтын жылы Мәскеудегі су шаруашылығы министрлігі жұмыс істемеді. Бірақ 1991 жылы одақ тарамай тұрып, Орталық Азия су министрлері Ташкентте бас қосып, өз мәселемізді өзіміз шешуге тырыстық. Ал одақ тарағаннан кейін 1992 жылы ақпанда осы құрам тағы Алматыда жиналып, Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендерді бірігіп басқару, пайдалану және қорғау жөнінде келісімге қол қойдық. Аймақтағы су мәселесін реттеу қазір осы келісім бойынша реттеліп келеді. Орталық Азия мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы сонда құрылған. Осы комиссияның биылғы отырысы 19 мамыр күні Алматыда өтеді.

Азаттық: - Бірақ бұл комиссия қаншалықты пәрменді?

Нариман Қыпшақбаев: - Мәселен, биылғы жыл үшін Орталық Азия аймағындағы су көлемі қандай болады, соған сай қаншалықты егістік егуге болады – бұл мәселе әзірге шешілмеді. Әдетте бұл мәселе жыл сайын 1 сәуірге дейін айқындалып қойылуға тиіс еді.

«Су шаруашылығы жылы» 1 сәуірде басталып, 31 наурызда аяқталады. Осы аралықта егістікті суғаратын вегетациялық кезең бар, бұдан кейін суды су қоймаларына жинайтын вегетация-аралық кезең бар – су қоймалары осыған дайын болуы керек.

Орталық Азияда Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасынан басқасы жылдық су қоймасы болып есептеледі. Егістік біткен кезде су қоймасындағы су да бітеді. Осыған қатысты судың жылдық жүру кестесі жасалуы керек. Биылғы кесте «су шаруашылығы жылы» басталып кеткеннен кейін бір жарым айдан соң ғана анықталайын деп отыр.

Азаттық: - Трансшекаралық өзендерге су нысандарын салу даулы болып тұр. Президент Назарбаевтың таяудағы Өзбекстанға және президент Каримовтың Ресейге сапарларында осындай өзендерге су нысанын салу халықаралық құқыққа сай болуы керектігі тағы қайталанып айтылды. Бұл қайталау нені білдіреді?

Қырғызстанның Ош облысындағы су арнасы. 18 тамыз 2015 жыл.

Қырғызстанның Ош облысындағы су арнасы. 18 тамыз 2015 жыл.

Нариман Қыпшақбаев: - Менің ойымша, аймақтағы суды реттеуде шекара мәселесі екінші қатарда тұру керек сияқты. Қырғызстан мен Тәжікстан ірі су нысандарын қолға алып жатқан кезде Өзбекстанның жанайқайын түсінуге болады. Онсыз да су жетпей жатқанда, тағы су қоймасын салу қисынға келмейді. Орталық Азияда бір шелек су азайса да жағдай қиын. Жаңадан салынатын су қоймалары судың жүру тәртібін бұзады және судың булану жүйесіне кері әсер етеді.

Бірақ, Қырғызстан мен Өзбекстан үшін энергоресурстар жетіспейді. Бұл да факт. Совет уақытында Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан жоғарыдағы Қырғызстан мен Тәжікстанға мұнай, газ, көмір беріп, есесіне осы елдерден керекті суын алып тұрды. Қазір мұндай алыс-беріс тоқтады. Сондықтан Қырғызстан мен Тәжікстан қолда бар ресурсы – суды өз игілігіне пайдаланғысы келеді. Бірақ суды саясатқа айналдыру, қысым құралы ретінде қолданудың түбі жақсылыққа апармайды.

Азаттық: - Осындай жағдайда Түркіменстанның Қарақұмда Алтын ғасыр жасанды көлін салуы қаншалықты қисынды?

Нариман Қыпшақбаев: - Әлбетте, бұл Түркіменстанның өзі үшін пайдалы да шығар. Әмударияның суы Сырдариядан екі есе көп. Сырдария су бассейні бойындағы жарамсыз ащы су 10-11 млрд. текше метр болса, Әмудариядағы мұндай су мөлшері 20-24 млрд. текшеметрге дейін жетеді. Ащы суды егістікке пайдалануға жарамайды, дарияға қайта құятын болса, судың төменгі жағындағы Қарақалпақстанға қиын болады.

Түркіменстандағы Қарақұм су арнасы. 22 қаңтар 2014 жыл.

Түркіменстандағы Қарақұм су арнасы. 22 қаңтар 2014 жыл.

Әуелде ондағы ащы суды пайдаланудың екі жолы болды. Бірі – Арал теңізіне құю. Екіншісі – ащы суды Сыр мен Әмудың тұщы суымен араластырып егістік суғару туралы ұсыныс болған. Алайда бұған келісе алмағандықтан, Түркіменстан Алтын ғасыр көлін салып, соған ащы суын жинап жатыр. Бірақ бұл – Аралдың суы, оны теңізге құйғанның жөні бөлек болар еді ғой...

Азаттық: - Қазақстан Кіші Аралды сақтап қалмақшы. Ал Үлкен Арал не болмақ? Жалпы Арал теңізін сақтау енді мүмкін бе?

Нариман Қыпшақбаев: - Арал теңізін табиғи мөлшерде сақтау енді мүмкін емес. Сондықтан Кіші Аралды сақтау Үлкен Аралды сақтаудың бірінші қадамы деп түсінуіміз керек.

Сыр мен Әмудың жылдық су қоры орташа 110-115 млрд. текше метрді шамалайтын, бұрын Аралға жылда осынша су түсіп, осынша мөлшерде су буға айналып тұрған. Қазір 67 млн. халық сол суды егістікке пайдаланып отыр. Аралды қалпына келтіру үшін халықтан осынша суды тартып алып теңізге құйып тұру керек болады. Ондайда күнкөрісі жерге қарап отырған халықтың жағдайы қандай болмақ? Екінші бір жолы халықтан суды тартып алмай, судың бойындағы экологиялық-экономикалық шекті анықтайтын жолды анықтап бірлесіп жұмыс істеу керек болады. Мәселен, Кіші Аралды сақтаған сияқты Орталық Азия елдері Үлкен Аралдың ішінен тағы да бірнеше Аралдарды сақтау жолын қарастыруы керек қой.

Азаттық: - Аймақтағы су сапасын қалай жақсартуға болады?

Үлкен және Кіші Аралдың түйіскен тұсына салынған Көкарал бөгеті.

Үлкен және Кіші Аралдың түйіскен тұсына салынған Көкарал бөгеті.

Нариман Қыпшақбаев: - Судың минерализациялануы (тұздануы) туралы жоба жасалды. Судың қай тұста тұзданып, қалай пайда болатыны бәрі есептелді. Соған сай тәртіпке де көшкен дұрыс болар еді. Есепке қарағанда, Арал теңізіне баратын судың әр литріндегі тұздылық бір грамман аспауы керек. Егер әр литрдегі ащылық үш-төрт грамға жетсе, күріш суғарудың өзі қиын. Сырдың басындағы Тоқтағұлдан шығатын судың ащылығы литріне 0,3 грамнан келеді. Алайда сол су Аралға жеткенше 10 есеге дейін ашып кетеді. Яғни, әр литрдегі ащылық көрсеткіші 3 грамға дейін жететін кездері болады. Бірақ біз Аралға жететін судың ащылығын 1 грамнан асырмаймыз деп арнайы жоба жасап отырмыз.

Азаттық: - Сол жоба орындалып жатыр ма енді?

Нариман Қыпшақтаев: - Жоқ! Бұл жүзеге асып жатқан жоқ. Орталық Азияда су сапасын бірігіп жақсартуды әлі үйрене алмай келеміз ғой.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рахмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG