Accessibility links

Қажылыққа барған шешендер күдікке ілікті


Меккеден қажылық сапардан оралғандар Грозный қаласының әуежайында. Шешенстан, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Меккеден қажылық сапардан оралғандар Грозный қаласының әуежайында. Шешенстан, 24 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Биыл Шешенстаннан қажыға барғандар өздерін Меккеде ерекше қатты тексергенін айтады. Сауд Арабиясы үкіметі олар қажылықтан соң қалып, Сириядағы соғысқа қатыса ма деп қауіптенетін сыңайлы.

2014 жылы қажылық парызын өтеу үшін Сауд Арабиясына барған шешендер былтырғымен салыстырғанда өздерін тексеру шаралары әлдеқайда күшейгенін айтады. Сірә, ел билігі олар Сириядағы «Ислам мемлекеті» сияқты террорлық ұйымдардың қатарына барып қосылып, ұрысқа араласа ма деп қауіптенетін болса керек. Бұл туралы ресейлік «Кавказский узел» интернет-сайты жазды.

Қажылыққа бұған дейін бірнеше рет барған шешен азаматы биылғы жылы олардың тобын ерекше қатты тексергенін айтып берді.

– Әскери киім киген саудиялық қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері жан-жағымызды торуылдаумен болды. Кеткенге дейін паспорттарымызды әдеттегідей топ жетекшісі емес, сол қауіпсіздік қызметкерлері ұстап жүрді. Олар паспортымызды әуежайға кіріп, ұшаққа отырғалы жатқанымызда бір-ақ қайтарып берді. Бұрын-соңды мұндай болған емес. Мұны білетін себебім, мен биыл қажылыққа үшінші рет барып келдім, - дейді «Кавказский узел» сайтына берген сұхбатында шешенстандық мұсылман.

Оның пайымдауынша, бұл жолғы тексерудің күшеюіне былтыр қажылыққа Шешенстаннан барғандардың бірі кейін Сирияға өтіп кетіп, «Ислам мемлекеті» тәрізді қарулы әскери топтың қатарына қосылуы себеп болған.

МЕККЕДЕН СОҒЫСҚА АТТАНҒАНДАР

2013 жылы Шешенстаннан қажылыққа барғандардың айтуынша, осы елдің Шатой ауданының 20 жастағы тұрғыны қажылық сапарын Сирияға жету мүмкіндігі ретінде пайдаланып, сонда қалып қойған. Дағыстандық бір топ жігіт Шешенстаннан барған қажылық тобының мүшелерін Сириядағы соғысқа қатысуға үгіттеген.

Сириядағы Кобани қаласының шетінде жүрген «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі. 7 қазан 2014 жыл.

Сириядағы Кобани қаласының шетінде жүрген «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының өкілі. 7 қазан 2014 жыл.

Саудия басшылығы шешендер өз елін Сирияға баратын өткел ретінде пайдалана ма деп қауіптенеді, Шешенстан өкіметі де соған алаңдап отыр.

Сапарға барғандардың кейбірі Шешенстан басшылығы саудиялық әріптестеріне өз азаматтарына қырағы көзбен қарауды табыстаған болуы мүмкін деген күдігін айтқан.

Сириядағы соғысқа шешен ұлтының қанша өкілі қатысып жатқаны әзірге белгісіз. Шешенстандықтар мен басқа аймақтардан барған шешендерді қоса алғанда жүздеп саналады.

Олардың көбі «Ислам мемлекеті» террорлық тобының сапында Сирияның Кобани қаласының маңында соғысқа қатысып жатыр. Сондай-ақ «Ислам мемлекеті» ұйымының Ирактағы майдан шебінде де шешендер жүр деген ақпарат бар. Бірақ оған әлі нақты дәлел жоқ.

СИРИЯДАҒЫ ШЕШЕН ОТРЯДЫ

Соғысқа қатысқан шешендер мен Ресейдің басқа да азаматтарының елге қайтып оралуынан сескенген Мәскеу былтыр терроризммен күрес заңының талаптарын күшейткен еді. Сол заңға сәйкес, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысып қайтқан Ресей азаматтары 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Осы айдың басында Шешенстан прокуратурасы 29 жастағы Грозный тұрғынының Сириядағы соғысқа қатысқаны үшін 3 жылға бас еркіндігінен айырылғанын хабарлады. Таяу Шығыстағы ұрысқа қатысқан Рустам Керимов жазасын еңбекпен түзеу колониясында өтемек.

Сириядағы Кобани қаласын басып алған экстремистер жетекшілерінің бірі Әбу Умар Шишани (сол жақта).

Сириядағы Кобани қаласын басып алған экстремистер жетекшілерінің бірі Әбу Умар Шишани (сол жақта).

Прокуратура оның нақты қай топтың құрамында соғысқанын хабарлаған жоқ. Бірақ, Керимовтің Умар Шишани және «Ислам мемлекеті» тобымен жақын шешен отрядында болғаны белгілі. Ресми айыптау қорытындысына сәйкес, Рустам Керимов Әбу Ибраһим есімді адамның жаттығу лагерінде дәріс алған.

Умар Шишаниға жақын шешен тобы сәуір айында таратқан видеода ұлты шешен Әбу Ибраһим Шишанидің «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының жауынгерлерін жаттықтырып жүргені жөнінде баяндалады.

Керимов Сириядан кететін 2013 жылдың желтоқсанына дейін Әбу Ибраһим мен Умар Шишаниге жақын шешендер отряды «Ислам мемлекеті» ұйымының қатарына барып қосыла қоймаған. Сонда да олар Сирияның Алеппо қаласында ұрысқа араласып, «Ислам мемлекеті» тобы жағында соғысқан.

Джоанна Парасщуктың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG