Accessibility links

АҚШ пен Ресейдің Чехиядағы бәсекесі


Чехиядағы Темелин атом электр станциясы. 24 шілде 2011 жыл.

Чехиядағы Темелин атом электр станциясы. 24 шілде 2011 жыл.

Чехиядағы Темелин атом электр станциясын ұлғайту мәселесі шыққалы Мәскеу мен Вашингтонның бәсекесі қыза түсті. Чехия АЭС салатын жеңімпазды қыркүйекте жариялайды.

Еуропада "қырғиқабақ соғыс" әлі күнге дейін жалғасып жатыр деп есептесек, онда қазіргі майданның алдыңғы шебі – Чехиядағы Темелин атом электр станциясы (АЭС). Зауытқа қосымша екі реактор тұрғызу үшін бөлінген 10 миллиард АҚШ долларының келісім-шартына Вашингтон мен Мәскеу таласып отыр.

«ЧЕХИЯНЫҢ РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІГІ – ҚАУІПТІ ҚҰБЫЛЫС»

Осы аптада чехиялық CEZ компаниясы алдын ала сараптама нәтижесін жариялады. Онда америкалықтар мен жапондықтардың бірлескен кәсіпорны – Westinghouse-дың («Вестингауз») бірнеше параметрлер бойынша озық тұрғаны айтылған. CEZ шешімін көпшілік алдында жарияламаса да, чех ақпарат құралдары Westinghouse-дың техникалық жабдықтау мен лицензиялау шарты тұрғысынан озып шыққанын жазды. Бұл негізгі талаптың бірі екені белгілі. Бірақ чехтарға ресейлік MIR.1200 консорциумының ұсынған бағалары да ұнап тұр.

Наурыздың 25-і күні баспасөз мәлімдемесін жасаған Westinghouse бас директоры Дэнни Родерик «бұл сайыста алға шыққандарын» мәлімдеді. Ал Ресей тарапы «CEZ-дің сараптамасы әлі ештеңені шешпейді» деген уәж айтады.

CEZ басшылығы «нақты шешім қабылдар алдында екі бәсекелес компаниямен де жеке сөйлесіп, ұсынысты жетілдіру жағын талқылаймыз» деп мәлімдеді.
Чехиядағы Темелин атом электр станциясы.

Чехиядағы Темелин атом электр станциясы.


Прагадағы Карл университетінің саяси сарапшысы Ян Горнаттың айтуынша, «екі компания өз мемлекеттерін қолдап, чех қоғамы алдында ашық күреске шығуы керек».

- Прагадағы АҚШ елшілігі Темелинге қатысты барлық мәлімдемені ашық жасайтындарын айтты. Яғни олар мәскеуліктер астыртын келіссөзге барады дегенді тұспалдап отыр, - дейді сарапшы.

Вашингтон «Чехияның ұлттық қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз» деп, өз жобаларын өткізгісі келеді. АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон 2012 жылы желтоқсан айында Прагаға келді. Сол кезде «Чехияның ресейлік энергия көзіне барынша тәуелді» екенін айтып, бұндай тәуелділік мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді дегенді меңзеді. Чех республикасы табиғи газдың - 70 пайызын, мұнайдың - 60 пайызын, ядролық отынды түгелге жуық Ресейден тасиды.

ПРЕЗИДЕНТ КІМДІ ҚОЛДАЙДЫ?

Вашингтон Праганы иліктіру үшін қауіпсіздік мәселесін айтса, Мәскеу Чехияны экономикалық жағынан қызықтырып отыр. Кремль Ресей-Чех консорциумын (чехиялық Skoda JS мен Ресейге қарасты «Атомсройэкспорт» пен «Гидропресстен» құралған консорциум – ред.) қаржыландыру мәселесін Прагаға ықпал етудің құралына айналдырмақ. Консорциум құрамындағы ресейлік екі фирма да атомдық гигант «Росатомға» тиесілі. Ал «Росатомның» Темелиннен үміті мол. Өйткені олар бұл АЭС-ті Венгрия мен Польшада жаңа электростанция салуға жол ашатын жоба деп санайды.

«Росатомпром» Қазақстандағы уран кеніштерін игеріп жатқан канадалық компанияның үлесін түгелге жуық иеленіп, әлемдегі ең ірі уран өндірісінде бәсекелесі жоқ басты ойыншыға айналған еді.

​Сайыстағы үшінші үміткер - Францияның Areva компаниясы. Бірақ Areva 2012 жылы қазан айында заң талаптары мен коммерциялық міндеттерді орындамағаны үшін тізімнен шығып қалды.

Чехияда шығатын Respekt журналының сарапшысы Ян Махачектің айтуынша, «жаңа сайланған Чехия президенті Милош Земан қай жаққа бүйрегі бұратынын білдірмей отыр».

- Земан мырзаның Ресейде өз мүддесі бар деген сөздер айтылып жүр. Бірақ ол бұрын Батысқа немесе Еуропа Одағына қарсы шыққан емес. Алайда ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының Чехиядағы филиалының басшысы Земанның сайлау кампаниясының жетекшісі болғаны да белгілі, - дейді ол.

Махачек Чехияда «АЭС-тің керегі бар ма, жоқ па?» деп күмәнданатын сарапшылардың көбейіп келе жатқанын айтады.
Чехияның президенті Милош Земан өзін ұлықтау рәсімінде сөйлеп тұр. Прага, 8 наурыз 2013 жыл.

Чехияның президенті Милош Земан өзін ұлықтау рәсімінде сөйлеп тұр. Прага, 8 наурыз 2013 жыл.


Чехиядағы Greenpeace компаниясының жетекшісі Ян Ровенский елдің «электр энергиясын экспорттау жағынан Еуропада үшінші орынға шыққанын, қазіргі сәтте Чехияның энергетикалық қауіпсіздігі проблемасы жоқ» екенін мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, «чехтардың 70 пайызы атом энергиясын өндіруді қолдайды».

Бірақ Ровенский ел тұрғындарының «Темелин жобасы қымбат, сондықтан билік оны іске асыруға жұмсалатын қаражатты электр энергиясын қымбаттату арқылы табуы мүмкін» деген қаупі бар екенін ескертеді.

- Осы қауіп бұл жобаны қолдаушылар санын 50 пайызға азайтады, - дейді ол.

Темелин жобасы арқасында Чехия үкіметі көмір электр станцияларынан құтылып, табиғи газға тәуелділігін азайтқысы келеді.

ВИДЕО: Темелин атом электр станциясы (Ескерту: мәтіні ағылшынша)

Мақаланы ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG