Accessibility links

Интернеттегі пародия Қадыровтың ашуын туғызды


Грозныйдағы зәулім ғимаратта шыққан өртке қатысты пародия. «Moscow Times» басылымының Фэйсбуктегі парағынан скрин-шот.

Грозныйдағы зәулім ғимаратта шыққан өртке қатысты пародия. «Moscow Times» басылымының Фэйсбуктегі парағынан скрин-шот.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров өткен апта Грозныйда өртенген көпқабатты ғимаратты интернетте әжуалағандарды жазалауды бұйырды.

Шешенстан астанасында сәуірдің 3-і күні болған апатты жағдайды әжуалап интернетке видео жариялағандары үшін Рамзан Қадыровтың кәріне ілінген екі ер адам енді мұнараның құрылысына қатысатын болады.

ӘЗІЛКЕШ БЛОГГЕРЛЕРДІ ЖАЗАЛАУ

Шешенстан басшысы өзі мақтан тұтатын құрыш пен шыныдан салынған 45 қабатты ғимаратта шыққан өртті келеке еткендерге жаза белгіледі. Жергілікті телеарналардан сөйлеген ашулы басшы өртенген ғимаратты күлкіге айналдырған екі жігітті айыптады.

«Өз халқын, отанын және дінін сыйламайтын адам ғана осындай сөздер айтады. Әлемнің түкпір-түкпірінен әртүрлі адамдар, мемлекет басшылары мен орыс әйелдер хабарласып, қынжылыс білдірді. Бір әйел Грозныйға келгенде жылағанын жеткізді. Ал мыналар болса «Иншаллах, бәрі өртеніп кетсін!» дейді. Егер осындай жағдай басқа елде болып жатса, мен оны жек көрсем де ондай сөз айтпас едім» деді Қадыров.

Грозныйдағы көп қабатты ғимаратта өрт шықты. 3 сәуір 2013 жыл.

Грозныйдағы көп қабатты ғимаратта өрт шықты. 3 сәуір 2013 жыл.

Ол бастары салбырап, жүзін жерден алмай тұрған екі жігітке қаратып: «Бұларды жоғарыға алып шығып, бәрін сыпыртып, жуғызыңдар. Ғимараттың маңын тілмен жалағандай етіп тазартсын» деп бұйырды. Телекөрініс жазаланғандардың қоқыс тазалап жүргенін көрсетумен аяқталды.

Шешенстан басшысы соңғы кезде өзі жиі қолданып жүрген Instagram-ға да болған жағдай туралы ақпарат қалдырды. Қадыров «Олар өз қатесін түсінді, ғимаратты қалпына келтіруге белсенді түрде қатысатын болды» деп жазған.

Өткен сәрсенбіде Грозныйда көпқабатты ғимаратта болған өрттен адамдар жапа шеккен жоқ.

ДЕПАРДЬЕ - КЕЛЕКЕ КЕЙІПКЕРІ

Шешен басшысы интернетке шыққан бейнекөріністерді әжуалап пікір қалдырған азаматтарға да реніш білдірді. Бір фотоколлажда дәстүрлі кавказдық би - лезгинканы өртеніп жатқан мұнараның жанында билеп жүргендер бейнеленсе, екіншісінде «Алла өзі берді, өзі алады» деген жазу болған.

Францияға салық төлеуден бас тартып, Ресей азаматтығын алған француз актері Жерар Депардье де осы пародияның кейіпкеріне айналды. Бір суретте оның үтігін тоқтан суыруды ұмытқаны, ал екіншісінде шылымын сөндірмей ұйықтап қалғаны бейнеленген. Осы жылдың ақпанында Қадыров Депардьеге Грозный қаласындағы көпқабатты кешендердің бірінен пәтер кілтін табыс еткен еді.

Шешенстан басшысы өрттен зардап шеккен ғимарат бөлігі тез қалпына келтіріледі және «Феникс» деп аталады деген уәде берді. Ол тіпті үздік дизайн таңдау үшін Instagram-да онлайн-конкурс өткізіп те үлгерді.

Қазақшаға аударған Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG