Accessibility links

Шешенстандағы әскери операцияларды басқарған Ресей қауіпсіздік қызметінің офицері Герман Угрюмов – ондағы қанды соғыс кезінде «адамдардың жоғалуына, азапталуына және өліміне жауапты» деген күдікке ілінген адам.

Наурыздың 19-ында Грозныйдағы Дағыстан көшесінің атауы «антитеррористік операциялардың» жетекшісі Герман Угрюмовтың атына ауыстырылды. Көшеге ат беру рәсімінде Шешенстанның кремльшіл басшысы Рамзан Қадыров Угрюмовтың осы елдегі «конституциялық тәртіпті қорғаудағы және терроризмге қарсы соғыстағы» ролі жоғары екенін айтты.

Көше атауын ауыстыру салтанатында Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев те сөйледі. «2001 жылы ұстамалы жүрек ауруынан қайтыс болған Угрюмовтың атына көше беру – бұл адам жайлы естеліктің Шешенстанда сақталатынының кепілі» деді ол.

ХАЛЫҚҚА ҚАРСЫ ӘСКЕРИ ҚЫЛМЫС

Герман Угрюмов советтік теңіз-әскери күштерінде қарсы барлау офицері болған, кейін федералдық қауіпсіздік қызметінде (ФСБ) қызмет етті. ФСБ офицері Герман Угрюмов.

ФСБ офицері Герман Угрюмов.

Ол 2000 жылы Шешенстанның дала командирі Салман Радуевті тұтқындау операциясын басқарған.

2001 жылы Путин Шешенстандағы әскери операцияларды бақылауды ФСБ-ға тапсырып, Угрюмовты терроризмге қарсы аймақтық бөлімшенің басшысы етіп тағайындады. Путин 2000 жылы Угрюмовты шешен соғысындағы ісі үшін «Ресей батыры» атағымен марапаттаған еді.

Бұл операциялар шешендер арасында «тазалау» деген атпен тараған. Яғни қауіпсіздік қызметінің офицерлері өздері жорамалдаған содырларды табу үшін ауылдарды аралаған.

Көптеген шешендер "Угрюмовтың операциялары барысында ауыл тұрғындары ұрланған, кейін Грозныйдың шығыс жағындағы Ханкала әскери базасында азапталып өлтірілген" дейді.

ГРОЗНЫЙДА ПУТИН ДАҢҒЫЛЫ ДА БАР

Грозный қаласының тұрғыны Хусейн Хатаев «Угрюмов – Ресей үшін батыр» екенін, «ал Шешенстанда халық оны басқаша қабылдайтынын» айтады.
Билік не істеп жатқанын өзі түсінбейді.

– Адамдар жәбір көрді. Бұның себебі соғыс пен әскери операциялар болатын. Бұл операцияларды басқарған, оған қатысқан адамдар болды. Мен бұл шешімді түсінбеймін. Билік не істеп жатқанын өзі түсінбейді, – дейді ол.

Грозныйдың тағы бір тұрғыны Kavkaz-uzel.ru сайтына берген сұхбатында «шешендердің ФСБ мен оның басшыларына деген көзқарастары аса жағымсыз» екенін айтады. Тұрғынның сөзінше, ол адамдар қарапайым халыққа қарсы «көптеген әскери қылмыстар» жасаған.

Угрюмовқа көше атын беру – Шешенстан астанасында бұрыннан бар дәстүрдің жалғасы ғана. Жаңадан ат қойылған Угрюмов көшесі Путин даңғылымен қиылысып жатыр.

Тағы бір көше Ресей генералы Геннадий Трошевтің құрметіне аталған. «Қиратылған Грозный шешендерге ескерту болып, сол күйі қалуы тиіс» деген сөздің иесі ретінде сол адамды айтады.

Азаттық радиосының тілшісі Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG