Accessibility links

Рамзан Қадыровтың туған күніне Шакира келмейді


Шешенстан президенті Рамзан Қадыров (сол жақта) және колумбиялық поп-жұлдыз Шакира.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров (сол жақта) және колумбиялық поп-жұлдыз Шакира.

Шешенстан президенті, 5 қазанда 35 жасқа толатын Рамзан Қадыров туған күніне Батыстық танымал жұлдыздарды шақыртқалы отыр. Бірақ әнші Шакира ол мейрамға бармайтынын мәлімдеді


Шешенстан президенті әкімшілігінің өкілінің айтуынша, бизнес орталық, тікұшақ қонатын алаң мен 3000 көлікке арналған жерасты тұрағы бар «Грозный-Сити» деп аталатын кеңселер мен тұрғын үйлер кешенінің ашылу салтанатына колумбиялық поп-жұлдыз Шакирамен бірге скрипкашы Ванесса Мэй де қатысады.

ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ АҚЫСЫ

Алайда Шакира өзінің Twitter желісіндегі блогына «Шешенстан президентінің концертінде өнер көрсету жоспарым жоқ» деп жазды.

Кедей балаларға қайырымдылық жасап, БҰҰ-ның марапаттауына ие болған Шакира Қадыров сияқты автократ басшылармен байланыс орнатпауды жөн көрген секілді.

Ал өнер көрсеткеніне 500 мың АҚШ доллары көлемінде ақы төленеді деп хабарланған Ванесса Мэйдің ол концертке қатысар-қатыспасы жайлы
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров билеп жүр. Грозный, 2 наурыз 2008 жыл.

мәлімет жоқ. Бұл шараға шақырылған Кевин Костнер, Хилари Суонк және Ева Мендес те нақты жауаптарын бермеген.

Кім келсе де, Рамзан Қадыровтың туған күні «қалтасы қалың» постсоветтік ықпалды адамдарды өзгелерден ерекшелеп тұрады.

Голливудтық әншілер мен актерлер қазір постсоветтік байлардың тойларының «сәнін келтіріп» жүр. Мысалы, биыл жазда Украинада өзбек олигархы Азам Асламовтың ұлының үйлену тойында ән айтқан Дженнифер Лопез 1 миллон АҚШ доллары көлемінде сыйақы алған. Ал ресейлік миллиардер Роман Абрамовичтің сүйіктісі Дарья Жуковаға концерт қойып берген Эми Уайнхаус одан екі есе көп сыйақы алған делінеді. Францияда ресейлік миллиардер Андрей Мельниченконың үйлену тойында үш ән айтып берген Кристина Агилера 3,6 миллион АҚШ долларын алған.

НЕ БЕДЕЛ, НЕ АҚША

Бірақ кейбір жұлдыздар шақырған адамдарының «қылығына» қарсылық ретінде мұндай ақшалардан бас тартқан кездері де бар. Мысалы, Ұлыбританиялық әнші, композитор Стинг, Қазақстандағы бірнеше айдан бері ереуілдеп жатқан мұнайшыларды қолдау мақсатында, Астана қаласының туған күніне арналған концертте өнер көрсетуден бас тартты.

Ал Нелли Фуртадо, Мэрайя Кэри және Бейонс Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафи мен оның отбасы мүшелеріне көрсеткен өнерлеріне бола алған миллиондаған доллардың «айыбын өтеу» жолын қарастырып жүр.

Бәлкім, бұдан бірнеше жыл бұрын орыс миллиардері Сулейман
Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақ шетте) және Шешенстан президенті Рамзан Қадыров (оң жақ шетте). 24 маусым 2011 жыл.

Керимовтың 40 жасқа толған туған күн кешінде өнер көрсетіп, 1 миллион АҚШ долларын тапқан Шакира Солтүстік Кавказда адам құқы аяққа тапталып жатқандықтан Рамзан Қадыровтың шақыртуын қабыл алмаса керек.

Шешенстан басшысы өз беделін нығайту үшін танымал адамдарды қонаққа жиі шақырады. Мәселен, осы жылдың басында Грозныйда жоғары деңгейдегі жолдастық кездесуге қатысқаны үшін аңызға айналған футболшылар Диего Марадона мен Лиуш Фигудың әрқайсысына Рамзан Қадыров 1 миллион еуродан ұстатып жіберген.

Ресей ақпарат агенттіктеріның хабарлауынша, Шешенстан басшысы өзінің туған күнін тойлауға тыйым салып, сол күні қала күні мен «Грозный-Ситидің» ашылу салтанаты өтетінін, ал өзіне сыйлық жасауға тырысқан кез-келген адамды сол мезетте қызметтен босататынын айтқан.

Бес жыл бұрын, Рамзан Қадыров 30-ға толғанда мәскеулік бизнесмендер - Умар Джабраилов пен Руслан Байсаров оған 450 мың еуролық шетелдік көлік сыйлаған еді. Ол көліктің номері К 30 РА (Кадыров, 30 жас, Рамзан Ахмадович) болған.

Шешенстан президенті 33 жасқа толғанда оның туған күніне сәйкес Грозныйда қала күні жарияланды, «Шешен мемлекетін қалыптастырудағы Рамзан Қадыровтың ролі» деген ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG