Accessibility links

Челябинск метеоритінен қандай қорытынды шықты?


Челябинск метеоритінің ізі. 15 ақпан 2013 жыл.

Челябинск метеоритінің ізі. 15 ақпан 2013 жыл.

Ғалымдар былтыр Ресейдің Челябинск қаласының үстінде жарылған метеоритті зерттеп жатыр. Ғасырдан астам уақыт ондай ірі метеорит Жерге құламаған. Зерттеушілер мұндай оқиғаның жиілейтінін де айтады.

Челябинск метеориті Жерге құлаған соң 1 мың 200-ден аса адам дәрігерге қаралған. Олардың көбі аспаннан құлаған бөлшектерден жарақат алған. Жарылыстан туған ауа толқынының өзі 180 шақырым радиусқа жеткен.

НЕГЕ БҰЛ ТАРИХИ ОҚИҒА САНАЛАДЫ?

Челябинск метеориті - 1908 жылы Сібірдегі Тунгус өзенінің үстінде жарылған астероидтан кейін, атмосфера қабатын жарып өткен ең ірі аспан денесі. Сонымен қатар, бұл адамдарға ең көп залал келтірген метеорит.

Ресейлік академик Ольга Поповамен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жасаған NASA ғалымы Питер Женнискенс «Scientific American» журналына берген сұхбатында «Челябинскідегі жарылыс метеорит пен астероидтарды зерттеу ісінде үлгі болып тұр» деді.

НЕГЕ ҒЫЛЫМ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ОҚИҒА ДЕП БАҒАЛАНДЫ?

Бұған дейінгі метеориттердің құлағаны қазіргі технологиямен таспаға дәл бұлай анық жазылмаған. Метеорит туралы сейсмикалық деректер мен оның қалай құлағанын түсірген спутник суреттері көп. Одан бөлек, көптеген видеокамералар оны жан-жақтан түсіріп алған.

Метеориттің құлаған кезін мына видеодан көре аласыз:


Метеорит атмосфера қабатына кірген бетте Еуропаның ауа-райын бақылайтын спутнигі оны суретке түсіре бастаған. Осы спутниктің суреттері метеорит сынықтарының құлаған аумағын анықтауға да көмектесті.

Адамдар кездейсоқ түсіріп алып, интернетке жариялаған 400-ден аса видео да өте маңызды. Автомобильге орнатылған камералар да жарылыстың алғашқы сәті мен метеорит атмосфера қабатына кіргеннен кейінгі сынықтарының ұшу траекториясын түсіріп алған.

Ғалымдар сұхбаттасқан куәгерлер де көп. Олардың айтуынша, отқа оранған шар алғаш көрінгенде ауаға ыстық леп тараған, оқ дәріге ұқсас иіс шыққан.

Ғалымдар адамдардың жарақатын да зерттеді. Мысалы, метеорит 30 километр биіктікте жарылғанда одан шыққан ультракүлгін сәуле бейне бір күн күйдіргендей әсер еткен.

Метеорит бөлшектерін жинаған ғалымдар Шұбаркөл түбінен салмағы 654 килограмм сынық тауып алды.

ҒАЛЫМДАР ҚАНДАЙ ҚОРЫТЫНДЫҒА КЕЛДІ?

Журналистер өлкетану музейіне қойылған, Шұбаркөлдің түбінен табылған метеорит сынығының жанында тұр. Челябинск, 18 қазан 2013 жыл.

Журналистер өлкетану музейіне қойылған, Шұбаркөлдің түбінен табылған метеорит сынығының жанында тұр. Челябинск, 18 қазан 2013 жыл.

Қолға түскен мол ақпаратты сараптай келе ғалымдар «Челябинск метеориті аспанда тротилге шаққанда 500 килотонна энергиямен жарылған» деген қортындыға келді. Бұл бір ядролық бомбаның жарылысындай болады. Шашыраған сәуле де күн сәулесінен 30 есе қуатты болған.

Бірақ ғалымдар осындай соқтығыстың боларын болжап білгенде де оның қаншалықты залалды боларын айта алмас еді.

Таяуда «Nature» журналы зерттеу жұмыстарын жариялады. Зерттеу жұмысына қатысқан ғалымдардың бірі Питер Браун журналға берген сұхбатында «жарылыстың қатты болуы метеориттің жылдамдығы мен ұшу траекториясының төмен болуына байланысты» дейді.

Ғалымдар болашақта жерге соғылуы мүмкін метеориттердің зиянын зерттеп жатыр. Олар «Челябинск метеориті, болашақта тағы да осындай метеориттің қашан құлайтынын және олардың адамзат үшін қаншалықты қауіпті болатынын болжауға көмектеседі» дейді.

Чехия ғылым академиясының ғалымы Жири Боровиктің жетекшілігімен жасалған тағы бір зерттеу материалы жарық көрді. Ғалымдар Челябинск метеоритінің ұшу траекториясына қарап, «ол ақпан айында жер планетасының жанынан өткен, көлемі 2 шақырымдай үлкен астероидтың бөлшегі болуы мүмкін» дейді. Ғалымдар ол астероидты да бақылаған еді.

Метеорит сынықтарынан терезелері шағылған үй. Челябинск облысы, 15 ақпан 2013 жыл.

Метеорит сынықтарынан терезелері шағылған үй. Челябинск облысы, 15 ақпан 2013 жыл.

Ені 19 метрлік Челябинск метеориті атмосфераны тесіп өтіп, жарылғанша оны ешкім байқамаған. Ғалымдар осы оқиғадан соң «Басқа да ұсақ аспан денелері Жерге құласа, зияны қандай болады?» деп алаңдай бастады. Олар «Жерге енді метеориттер жиірек құлауы мүмкін» деген қорытындыға келді.

Попованың халықаралық зерттеу орталығында бірге жұмыс жасаған Калифорниядағы Дэвис университетінің Жер мен басқа да планеталарды зерттеуші профессоры Цинь-Чжу Инь Reuters агенттігіне берген сұхбатында «Челябинск метеориті адамдарға «ояныңдар» деген белгі берген сияқты. Болашақта адамдар динозаврлар сияқты апатқа ұшырағысы келмесе, ғарыштан келетін апаттардың алдын алу үшін зерттеулер жасауы тиіс» деген.

Рон Синовиц мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG