Accessibility links

Чернобыль апаты салдарын жоюшылардың бүгінгі тағдыры


Чернобыль АЭС-інде жарылған реактордың төбесіне шығуға дайындалып жатқан апат салдарын жоюшы жұмысшылар.

Чернобыль АЭС-інде жарылған реактордың төбесіне шығуға дайындалып жатқан апат салдарын жоюшы жұмысшылар.

Адам тұруға рұқсат етілмейтін апат аймағын көруге келген туристер үшін ол саяхаттың бір бөлшегі болуы мүмкін. Бірақ бұл апат әлемдегі ең ірі ядролық апат орнын тазалаған жүздеген мың адамның тағдырына әсер етті.

Туристерге толы автобустар таң атқанда әлемдегі ең бір қайғылы апат орнын көруге келді. Бірақ Ивано-Франковск қаласының №633 өрт сөндіру бригадасы бұл жерге келгенде туристер сияқты қызықтамайды. Олар үшін Чернобыль АЭС-і аумағы өмірлеріндегі ең сұмдық 48 күн болып елестейді.

Бұл адамдар қауіпті аумаққа апат зардабын жою үшін барған. Ресми дерек бойынша, 600 мың адам апат салдарын жоюға жіберілген, олардың арасында қарапайым азаматтар, резервистер мен әскери қызметкерлер болды. Олардың бәрі Украинаның Припять қаласындағы Чернобыль атом электр станциясында болған апаттың зардабын жоюға қызмет етті.

«ҚАЙДА БАРАТЫНЫМЫЗДЫ БІЛМЕДІК»

1986 жылы сәуірдің 26-сы күні сынақ жүйесі зауыттың төрт ядролық реакторының бірінде жарылыс болғанын анықтаған кезде Совет Одағының барлық аймағындағы азаматтар шақырылып, апат орнына апарылды. Қолдарында арнайы жабдығы жоқ адамдар апатты оқиғаның салдарын азайтуға тиіс болды, әйтпегенде радиоактивтік ластану қазір Украина, Ресей және Беларусь аймағына жайылып кететін еді.

Чернобыль АЭС-індегі жарылған реактордың орны.

Чернобыль АЭС-індегі жарылған реактордың орны.

Барған адамдар ондай жұмысқа ешқашан арнайы дайындалмаған болатын, бірақ радиацияның таралу ауқымын азайтып, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға күш салулары керек еді. Өртті дереу сөндіру, тұрғындарды жаппай эвакуация жасау және йод таблеткасын тарату тәрізді шаралардан соң да жұмыс азаймаған.

Бірнеше ай бойы апат салдарын жоюшылар оқиға орнындағы 30 километр аумақта жұмыс істеді, бұзылған реактор үстіне бетоннан саркофаг құйды.

«Қайда бара жатқанымызды және не істейтінімізді білгеніміз жоқ. Бізге тек құжаттар берді, сол бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап отыруымыз керек болды» дейді апат орнына 12 аптадан соң барып, 48 күн жұмыс істеген 633-бригада мүшесі Сергей Мельник.

Бірақ апат салдарын жоюшылардың бәрі еріксіз барды деуге болмайды, кейбіреулер «парыз өтеуге» өздері сұранды. Бірақ олардың бәрі бастарын үлкен қатерге тікті және шынайы мәлімет алмады. Тіпті жарылыстан кейін бір жыл өткен соң да сапқа қосылғандар шынайы қатер туралы хабардар болмаған.

Константин Гончаров 1987 жылы апат орнына өз еркімен барған. Ол Қырымдағы туған қаласы Симферопольден шыққанда басына қандай қауіп төніп тұрғанын білмегенін айтады. «Жағдайдың қаншалықты нашар екенін білмедім. Әйтеуір көмегімді тигізгім келді» дейді ол.

«ШЫНДЫҚТЫ ЖАСЫРДЫ»

Сол кездегі жұмыстары үшін ликвидаторлардың көбіне әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды, бірақ олардың болашаққа алаңдауын өтемақымен тоқтата алмайсың. Гончаров 633-бригада мүшелері тәрізді оның тобында болған адамдардың да көбі түрлі науқасқа шалдыққанын не қайтыс болғанын айтады. «Мен сырттай сау көрінемін, бірақ көп сырқатым бар» дейді ол. Совет билігі шынайы ақпарат бермегендіктен, бұл адамдар қатердің нақты сипатын білмеген.

Чернобыль АЭС-індегі апат орнында зарарсыздандыратын сұйықтық шашып жүрген жұмысшылар.

Чернобыль АЭС-індегі апат орнында зарарсыздандыратын сұйықтық шашып жүрген жұмысшылар.

Бертінге дейін Украина ғылым және білім министрі болған Сергей Квит «Советтік БАҚ ақпаратты өзгертіп берді, бәрі жақсы, ешқандай қауіп жоқ деп жазды. Олар тек бір сөзді қайталай берді, алаң болмаңдар, бәрі жақсы деумен болды» дейді. Ол апат кезінде Киев университетінде журналист мамандығын оқып жүрген.

Бірақ 49 жастағы Ирина Жукованың айтуынша, апаттың нақты ауқымын ешкім білмесе де, сыбыс көп болған. «Әрине, біз ештеңе білмедік. Бірақ бәрін жасыру мүмкін емес қой, себебі солдатқа кеткендердің көбі апат зардабын жоюшыларға айналды» дейді Жукова.

Киевте тұратын 51 жастағы Михаил Авершин де апат зардабын жоюшылардың бірі, ол ресми дерекке сенген тұрғындардың мәселеге енжар қарағанын айтады. «Тұрғындар мемлекеттік баспасөздің дерегіне күмән келтірмейтін. Ақпарат алудың басқа балама жолы болмаса басқа не істейді?» дейді ол.

Сол кезде советтік армияның жас солдаты болған Авершин басқа жастармен бірге дереу Чернобыльге жіберілгенін айтады. «Біз радиация туралы дым білмедік, апат орнында ликвидация жұмыстарын бастап кеттік. Әскер қатарында болған ауыл тұрғындары тіпті сауатсыз еді» дейді ол. Бұл сөзіне дәлел ретінде Авершин апат орнында болған ұрлық-қарлық жайлы баяндайды.

«Взводымдағы жігіттердің бірі парашют тауып алды, сол кезде оны реакторға құм тасу үшін қолдандық, бірақ ол соны ұрламақ болды. Әйеліне айтып өзіне бір-екі шалбар тіккізсем деп ойлады, себебі материалдың сапасы жақсы еді» деп еске алады ол.

Апат орнына жақын жерде бағылатын шошқалардың радиацияны сіңіру деңгейін тексеріп жатқан маман.

Апат орнына жақын жерде бағылатын шошқалардың радиацияны сіңіру деңгейін тексеріп жатқан маман.

Ал басқалар металл сынықтарын қабылдайтын жерге өткізу үшін көліктер мен темір заттарды ұрлаған. «Кейбір адамдар қаңырап қалған үйлердің жылыту пешіндегі радиаторды кесіп алды, оны металл ретінде сатқысы келді. Шын мәнінде, олар өз өмірлерінің ондаған жылдарын кесіп тастағанын білмеді» дейді ол. Олардың басшылары да нақты ақпаратты естімеген, солдаттарын қорғауға шамасы жетпеді немесе қармағындағылардың тағдырына немкетті қарады.

633-батальон орналасқан Ивано-Франковск облысының тұрғыны Василий Романов «Біз онда барғанда далаға тігетін шатырларымыз ғана болды, соның ішінде жерге ұйықтадық. Кейбір командирлер шөп беріп, соны төсеңдер деді. Адам күлетін жағдай еді» дейді.

200 МЫҢ АДАМНЫҢ АЖАЛЫ

633-батальонның тағы бір мүшесінен Азаттық тілшісі «Басшылар қорғаныс құралын берді ме?» деп сұрады. Ол күлді де, ескі сурет алып шықты. Онда мұрнына шағын дәке байлаған солдат тұрды. Ол суретті көрсетіп, «Көрдіңіз бе? Біздің қорғаныс құралымыз осындай болды» деді. 633-батальон басшысы, 60-тан асқан, ірі денелі, көңілді адам Ярослав Олейник «басшылықтың бастапқыда сәулелену мөлшерін анықтауға тырысқанын» айтады.

«Олар бізге бір құрылғы берді, оны киімдеріңе іліп жүріңдер деді. Ол зат күн сайын солдаттарды тексеретін, бірақ үш күннен соң жинап алды. Әр адамның күн сайын артығымен сәулеленіп жатқанын түсінді. Содан соң бізге ауысым сайын қанша радиация алғанымызды жазып отыруымызды сұрады, ал біз ойымызға келген санды жаздық, себебі ол жайында ештеңе білмедік» деп күледі ол.

Ресми деректер бойынша апат кезінде дереу қаза тапқандар саны 40-50 ғана адам, ал кейін қатерлі ісік пен басқа да сырқаттарға шалдыққандар дерегі әлі даулы болып келеді. 2005 жылы БҰҰ зерттеу қорытындысын жариялап, апаттан шыққан радиациядан кем дегенде 50 адам қаза тапқан деп мәлімдеді. Ал апат салдарын жоюға барған, ластанған аумақта тұрған және эвакуацияланған тұрғындар арасында радиация кесірінен 4 мыңға жуық адам опат болған.

Greenpeace белсенділері Индонезияда Чернобыль апаты сияқты оқиғалардың қайталанбауы тиіс екенін ескерткен акция өткізіп тұр. Джакарта, 26 сәуір 2010 жыл.

Greenpeace белсенділері Индонезияда Чернобыль апаты сияқты оқиғалардың қайталанбауы тиіс екенін ескерткен акция өткізіп тұр. Джакарта, 26 сәуір 2010 жыл.

Бірақ Greenpeace ұйымы БҰҰ баяндамасын қатты сынады. Олардың дерегі бойынша Чернобыль апатынан 1990-2004 жылдар аралығында 200 мыңға жуық адам дүние салған. Оған мерзімінен бұрын қартаю, жүйке дерттеріне шалдығу сияқты басқа дерттерді қосыңыз.

Украина денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы жыл сайын Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан 20 мыңға жуық адам қайтыс болатынын мәлімдеді. Мұндай деректі Киевтегі радиациялық медицина ұлттық орталығының бас директоры Дмитрий Базика растады. Мемлекеттің қамқорлығынсыз қалған бұл адамдардың ахуалын түсінуге болады.

«Басында билік бізге көңіл бөлді, жақсы қарады, қандай еңбек еткенімізді білді. Бірақ кейін ұмытып кетті» дейді Олейник. 1997 жылы Украина билігі апат салдарын жоюшыларға төлем жасау заңсыз деп мәлімдеп, мыңдаған адам қаражаттан қағылды. Бұл адамдар мемлекет көмегіне зәру екендерін дәлелдеуге тырысты.

«Судьялар өтемақыны қалпына келтірсін деп дұрыс шешім шығарды, бірақ билік оған құлақ аспады. Уақыт өтіп барады, жауап күтіп жүріп көп адам дүниеден өтіп те кетті» дейді Олейник.

Беларусьтің «Крылы Халопа» тәуелсіз театрының Чернобыль апаты жайлы Петербургте қойған спектаклі (видео - орыс тілінде):

Қазір ол уақытының көбін жеңілдіктен айырылған жандарға мемлекеттік өтемақы мен түрлі көмек тағайындату жұмыстарына арнайды.

«Көп нәрсеге қол жеткіздік. 96 адамға апат салдарын жоюшы мәртебесін қайтардық» дейді ол. Олар енді қоғамдық көлікке тегін отыру, уақтылы медициналық көмек сияқты жеңілдіктер мен ай сайын өтемақы алады.

Апаттан соң 30 жыл өткенде 633-бригаданың аман қалған мүшелері апат орнына туристердің саяхаттап барғанына шошына қарайды. Жыл сайын баратын 10 мыңдай туристер үшін бұл қызықты саяхат орны шығар, бірақ апат салдарын жоюшылар олай ойламайды. Алайда Чернобыльді радиациядан тазалау олардың өміріне кесірін тигізсе де, көпшілігі қажет болса сол ерліктерін қайталауға әзірміз дейді.

Кристиан Бористің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG