Accessibility links

Еркін ойлы Қытай суретшісіне экономикалық қылмыс жасады деген айып тағылды


Ай Вэйвэй, белгілі қытай суретшісі фарфордан жасалған күнбағыс дәндерін шашып тұр. Tate Modern галлереясының Turbine залы. Лондон, 11 қазан 2010 жыл
Ай Вэйвэй, белгілі қытай суретшісі фарфордан жасалған күнбағыс дәндерін шашып тұр. Tate Modern галлереясының Turbine залы. Лондон, 11 қазан 2010 жыл

Қытайдың мемлекеттік басылымы танымал суретші Ай Вэйвэйдің босатылуын талап еткен Батыс үкіметтерін сынады.


Қытайдың Global Times («Глоубал Таймз») газеті Батысты Қытайдың ішкі істеріне араласпауға шақырды. Мұндай мәлімдеме еркін ойлы шығармашылық өкілі ретінде танылған Ай Вэйвэй сәуірдің 3-і тұтқындалып, оған экономикалық қылмыс жасады деген айып тағылған соң таратылып отыр. Қытайда ресми идеологиядан басқаша саяси көзқарас ұстанған адамдар жиі қудаланады.

Билік орындары Ай Вэйвэйдің қайда екендігін туыстарына да айтпай отыр. Жексенбі күні Гонконг қаласына ұшайын деп жатқан суретші Бейжің әуежайында тұтқындалған болатын. Содан бері хабар-ошарсыз. Суретшіге экономикалық айыптар тағылғанын хабарлаған «Синьхуа» агенттігі басқа егжей-тегжейлі мәлімет бермеді.
Қытай мемлекеттік газеті танымал суретші Ай Вэйвэйдің тұтқындалуына қатысты Батыс елдерінің айыптауларын «Қытайға қарсы шабуылға» теңеді.
Ал Global Times-тың айтуынша, суретші көптеген жағдайда Қытай заңдарын бұзуға жақын қалған. «Ай Вэйвэй сияқты адамдарға тарихтың өзі баға береді. Бірақ, оған дейін олар өздерінің таңдауына жауап бере алатындай болуы керек», - деп жазады қытайлық басылым.

Қытай мемлекеттік газеті танымал суретші Ай Вэйвэйдің тұтқындалуына қатысты Батыс елдерінің айыптауларын «Қытайға қарсы шабуылға» теңеді.

Вэйвэйдің тұтқындалуын АҚШ, Еуропа Одағы елдері, Amnesty International және басқа да ұйымдар айыптады. Олардың айтуынша, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы наразылық шерулерінен кейін Қытайда басқаша көзқарастағылар қудаланып жатыр. Қытайлық суретші Вейвей осы науқан барысында қамауға алынғандардың арасында болуы мүмкін делінеді.

Лондондағы Amnesty International («Халықаралық амнистия») ұйымының Шығыс Азия бойынша зерттеушісі Коринна-Барбара Фрэнсистің айтуынша, 53 жастағы суретші соңғы кездері қамауға алынып жатқан диссиденттер тізімінде болуы мүмкін.

«Вэйвэй билікке қарсы сөйлей алатын батыл адамға айналған еді. Ол үкіметті құлатуға шақырмады. Вэйвэй адамдардың өзгеше пікір айтуына мұрсат беруге шақырды. Ол Қытайдың қалай дамуы тиіс туралы адамдар өз пікірлерін айта алуы керек деп айтқан», - деді Франсис.

Бейжіңдегі АҚШ елшілігінің мәліметінше, суретшінің тұтқындалуы Қытай азаматтарының негізгі бостандықтары мен құқықтарына қайшы келеді.

Еуропа Одағының Қытайдағы елшісі Маркус Эдерер елде көптеген белсенділер мен құқық қорғаушылардың қамауға алынып жатқандығына байланысты алаңдаушылық танытты.
«Жасмин революциясы» туралы шақырулардан кейін Қытайда 25-ке жуық адвокат, белсенділер мен блоггерлер тұтқындалған немесе жоғалып кеткен. 200-ге жуық адамға репрессиялық шара қолданылған.
Ақпанның 17-де интернетте Қытайдың ірі қалаларында бейбіт шеру өткізу туралы шақырулар айтылды. Бірақ Фрэнсистің пікірінше, бұл үндеу кейін айтарлықтай үлкен наразылық шарасына ұласпаған.

«Полиция қызметкерлерінің көп болғандығы соншалықты наразылық танытушылар көрінбеді. Алайда Twitter арқылы жіберілген Жасмин револициясы жөніндегі шақыруларға қатысты өз блогтарында пікір жазған ондаған адам қамауға алынды», - дейді Фрэнсис.

Human Rights Watch ұйымының мәліметі бойынша, «Жасмин революциясы» туралы шақырулардан кейін Қытайда 25-ке жуық адвокат, белсенділер мен блоггерлер тұтқындалған немесе жоғалып кеткен. 200-ге жуық адамға репрессиялық шара қолданылған.

Нью-Йорктегі халықаралық топтың айтуынша, Қытай үкіметі интернеттегі цензураны күшейткен, бірнеше либералды газет редакторларын қызметінен кетірген және Бейжіңнен хабар беретін шетел бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа шектеулер енгізген.

Ай Вэйвэйдің қолдаушылары цензураға қарамастан оның босатылуын талап еткен петицияны интернетте жариялады.

Лондонда Ай Вэйвэйдің суреттері қойылған Лиссон галлереясы да суретшінің бас амандығына қатысты алаңдап отырғанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG