Accessibility links

Қазақ мұнайы Қытайдың жұмырына жұқ болмайды


Мұнай танкері. Көрнекі сурет

Мұнай танкері. Көрнекі сурет

Қытай әлемдегі ең ірі мұнай импортеріне айналды. Қазақстанның мұнай өндірісінде де басымдылығы артып келе жатқан Пекин үшін Астана бұл саладағы негізгі ойыншы емес.

The Financial Times газетінің жазуынша, Қытай алғаш рет мұнай саласындағы ірі импортерге айналып отыр. Қытай 1970 жылдардан бері көшбасшы болып келе жатқан АҚШ-ты басып озған. Мұнай тұтыну бойынша Пекин 2009 жылдан бері Вашингтоннан кейінгі екінші орынды қанағат етіп келген. АҚШ-тың 2012 жылдың желтоқсан айындағы бір тәуліктегі импорты - 5,98 миллион баррельді құраған. Ал Қытай осы уақытта – 6,12 миллион баррель, ал 2013 жылдың қаңтар айында – 6,3 миллион баррель тұтынған.

Ал жалпы мұнай өндірісіне қатысты Қытай Америкаға әлі жете қойған жоқ. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметі бойынша, қазірдің өзінде Қытай өзге елдерден әлдеқайда көп энергия тұтынады.

ИМПОРТ

Қытай экономикасының соңғы жылдардағы дамуына сәйкес елдегі мұнайдың өндіріліп, пайдалану қарқыны да өсті. Сұраныстың бір бөлігі Қытайдың өз кеніштерінің есебінен жабылады. Дегенмен тұтынудың күн сайын артуына байланысты импорттың да маңызы күшейіп келеді. АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметі бойынша, 2035 жылы Қытай өзі пайдаланатын мұнайдың 75 пайызына дейін импорттамақ.

Қазір Қытайға 15-ке жуық ірілі-ұсақты мемлекет мұнай сатып отыр. Олардың ішінде 9-шы болып 2011 жылы тәуілігіне 224 мың баррель мұнай берген Қазақстан тұр.

Қытай үшін негізгі мұнай экспортерлері - араб елдері. Алғашқылардың қатарында Сауд Арабиясы, бұдан кейінгі ондықта Иран, Ирак, Оман және Кувейт бар. Бұдан бөлек Ресей мен Венесуэла да бар.

2011 жылғы Қытайдың мұнай импорты «1000 баррель/тәулігіне»

Шикізат көзін әртараптандырып, қауіп-қатерді азайту мақсатында Қытай Африка елдеріне көп сүйенеді. Сондықтан да болар Қытайға негізгі мұнай жеткізуші мемлекеттер қатарында Ангола мен Суданды байқауға болады.

ЭКСПОРТ

Қазақстан Қытай үшін мұнай тасымалдаушы негізгі мемлекет болмағанымен, Қазақстандағы мұнай саласында Қытай маңызды рөл ойнап отыр. Биылғы қаңтар айының басында «ҚазТАГ» агенттігі Қазақстанның мұнай өндірісінде Қытай компанияларының үлесі 40 пайыздан асатынын, көп ұзамай елдегі мұнай табысының тең жартысы Пекинге тиесілі болатынын хабарлады. Бұл ақпарат сол күні-ақ таралып, қызу талқылана бастаған тұста «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы бұл хабарды «дұрыс емес» деп мәлімдеді.

"ҚазМұнайГаздың" хабарлауынша, елдегі миноритарлық инвесторлардың жалпы үлесі 31 пайызды құрайды. Ал 2009 жылғы мәліметтер бойынша China Investment Corporation компаниясының үлесі 11 пайыздан сәл ғана асқан. Ал негізгі акционер саналатын «ҚазМұнайГаздың» үлесі өзгеріссіз қалып отыр, яғни 57,9 пайыз.

Компанияның мәліметі бойынша, «Қазақстан және Лондон қор биржаларының талаптарына сәйкес, қытайлық компанияның нақты үлесін білу үшін инвестордың өзінен ғана сұрау керек» екен.

Бұл мәселеге шағын зерттеу жасаған «Forbes Kazakhstan» басылымының жазуынша, Қазақстанның мұнай саласында Қытайдың қатысуымен 22 компания жұмыс істеп жатыр. Оның оншақтысы түгелімен, ал тағы сегізінің – 50 пайызы және одан да көбі қытайларға тиесілі.

Қазақстан мұнайының басым бөлігін өндіріп отырған Қытай 2013 жылдың басында оны импорттауды өткен жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға азайтқан.

Қазақстанның мұнай және газ министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2012 жылы 79,2 миллион тонна мұнай және газ конденсаты өндірілген. Соның 68 миллион аса тоннасы экспортталған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға аз.

«ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан мұнайының ірі импортерлері Италия – 17,7 млн тонн ($14,9 млрд), Қытай – 10,6 млн тонн ($8,7 млрд), Голландия – 7,9 млн тонн ($6,7 млрд), Австрия – 6,4 млн тонн ($4,9 млрд) және Франция – 6,1 млн тонн ($5,3 млрд).

Қазақстан мұнайының экспорты 2012 жыл (млн /тонн)

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG