Accessibility links

«Қытайды Қазақстанның астығы да қызықтырады»


Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Ашғабат, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Ашғабат, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Орталық Азия елдері мен Ресейге сапары басталды. Сарапшының айтуынша, Қытайдың бұл аймақта бірнеше мүддесі бар.

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің сапары қыркүйектен 3-інен 13-іне дейін жалғасады. Ол Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге барып, екі саммитке (6 қыркүйекте – Санкт-Петербургте өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитіне, 13 қыркүйекте – Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне) қатысады.

Орталық Азия елдеріне сапары барысында Қытай төрағасы сауда және экономикалық қатынастарды кеңейту мәселесін талқыламақ. Ауғанстаннан 2014 жылы халықаралық коалиция күштері шығарылғаннан кейінгі аймақтық қауіпсіздік мәселесі де көтерілмек.

Қытай 2010 жылдан бастап Орталық Азияның ең ірі сауда әріптесі атанып келеді. Пекин аймақтағы инфрақұрылымның дамуына, оның ішінде теміржол қатынасын, автокөлік жолдарын жақсарту жобаларына, авиациялық, энергетикалық және телекоммуникациялық салалардағы жобаларға қатысады.

Қытайтанушы, Еуразия ұлттық университетінің доценті Бекқожа Жылқыбекұлы қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келуінің бірнеше себебі бар екенін айтады.

Азаттық: Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапарының басты мақсаты не деп ойлайсыз?

Бекқожа Жылқыбекұлы: Си Цзиньпиннің аймаққа келудегі негізгі мақсаты – Қытайдың Орталық Азияға мүдделілігін көрсету. Өйткені бұл аймақ келешекте Қытайтанушы Бекқожа Жылқыбекұлы. Астана, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Қытайтанушы Бекқожа Жылқыбекұлы. Астана, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Қытайдың экономикасы мен саясатына айтарлықтай ықпал етеді.

Әсіресе Қытайдың экономикасына өте қажетті нәрсе – жанармай. Қытайды Қазақстанның астығы да қызықтырады. Сондықтан олар Қазақстанмен ортақ мәмілеге келуге тырысады.

Қытай экономикасында сауданың алар орны ерекше. Қазір де бұл мемлекеттің халқын асырап отырған – шағын өнеркәсіп. Сондықтан Қытай тауарларын Орталық Азияға, сол арқылы Батысқа шығаруға мүдделі.

Азаттық: Қазір Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қай шамада?

Бекқожа Жылқыбекұлы: Егемендік алған жылдары Қазақстанның Қытаймен экономикалық саясаты өте дұрыс болды. Ол кездері Қытай базары бізді құтқарды.

Ал қазір өз қолымыз өз аузымызға жетті, сол себепті Қытаймен арадағы байланысты қайта қарайтын кез келді. Ол үшін қытайтану инситуттарын ашу керек, зерттеулерді жолға қою керек. Өкінішке қарай, бізде мұндай орталықтар жоқ, бірде бір институт жоқ. Қытай бізбен қандай байланыс орнатқалы отырғанын нақты дәлелдермен көрсетіп бере алмаймыз. Сондықтан Қытаймен арадағы саясатымызда жаңалық жоқ.

Азаттық: Қытай Орталық Азия елдеріне байланысты саясатында қандай амалға жүгінуі мүмкін?

Бекқожа Жылқыбекұлы: Қытайдың өзіндегі әрбір ғылым академиясында жалпы атауы «Орта Азияны зерттеу орталығы» деген орталықтар бар. Оған қоса Ішкі Қытайда Орталық Азия, әсіресе Қазақстан жайындағы материалдарды сараптап, зерттеп отырады.

Оған қоса, Қытайдың арғы тарихынан қарасақ, ол ешқандай елді басқыншылықпен жауламаған. Оның ең бірінші сенетіні – 5 мың жылдық мәдени-тарихи тереңдігі.

Азаттық: Сұхбатыңызға рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG