Accessibility links

Қытай «бір отбасы – бір бала» саясатын өзгертті


Балалармен серуендеп жүрген әйелдер. Пекин, 5 сәуір 2011 жыл.

Балалармен серуендеп жүрген әйелдер. Пекин, 5 сәуір 2011 жыл.

Қытай коммунистік партиясының осы аптадағы айрықша шешімі әр отбасының екі бала өсіруіне рұқсат береді. Бірақ бұл үшін биліктен бәрібір ресми рұқсат сұрау керек болатын сыңайлы.

Американың Wall Street Journal басылымы Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің пленумы қазанның 29-ында қабылдаған «бір бала саясатынан» бас тарту жайлы қаулысын «мемлекеттің адам еркіндігіне араласуының әлем тарихында кездесетін ең нашар үлгілерінің бірі болған дәуірдің аяқталуы» деп атаған. Мақалада «Бірақ бұл адамның жеке таңдауын құрметтеуден туған көрегендік шешім емес. Қытай басшылығы халқы тез қартайып бара жатқанын, яғни демографиялық дағдарыс қаупі төнгенін кеш те болса мойындады» деп жазылған.

1960 жылдары шектен тыс артып кеткен бала туу қарқынын тежеу үшін Қытайда 1979 жылы уақытша әрі төтенше шара ретінде «бір отбасы - бір бала саясаты» енгізілген. Ол кезде бала туу коэффиценті әр әйелге шаққанда 6,16 балаға дейін жеткен болатын, кейін бұл көрсеткіш 2,81-ге дейін азайған. Бірақ елде мәжбүрлі түрде стерилизация жүргізу, жүктіліктің соңғы кезеңдерінде жасанды түсік жасату, тіпті тірі туған баланы өлтіру сияқты шаралар қарастырылған «бір бала саясаты» қатаң орындалды.

Ұлыбританияның Times газетінің жазуынша, қазір халқының саны бір миллиард 300 миллион адамға жеткен немесе әлем халқының бестен бір бөлігіне жуығын құрайтын Қытай «бір отбасы - бір бала саясатының» арқасында халық санының өсуін 400 миллион адамға кемітіп, әлеуметтік проблемаларды азайтқан, бұған қоса тамақ және өзге де жұтаң ресурстардың тапшылығын тежеуге қол жеткізген.

Мектептегі ту көтеру рәсімінде ән айтып тұрған балалар. Сичуан провинциясы, 21 қаңтар 2015 жыл.

Мектептегі ту көтеру рәсімінде ән айтып тұрған балалар. Сичуан провинциясы, 21 қаңтар 2015 жыл.

2000 жылдардың ортасында мемлекет кейбір топтар үшін бұл саясатын жұмсарта бастады. Мысалы, әуелі ауылдық жерде тұратын отбасыларға бірінші баласы қыз болса, екінші бала өсіруге рұқсат берді, ал кейінірек ерлі-зайыптылар әке-шешесінен жалғыз болса, екі бала тууға шектеу қоймайтын шешім қабылдады. Қазанның 29-ында қабылданған қаулы барлық отбасыларға екі бала өсіруге рұқсат береді. Бірақ бұл үшін бәрібір биліктің рұқсатын алу қажет. «Отбасын жоспарлаумен айналысатын үлкен бюрократиялық аппарат жұмыссыз қаламыз деген қорқынышпен мұндай өзгерістермен келіскісі келмей, қарсылық танытып отыр» деп жазады Wall Street Journal.

Ұлыбританияның Guardian газетінің жазуынша, бала туу деңгейі халықты табиғи жолмен ауыстыру коэффицентінен көп төмендеп, ал қарт адамдар саны «ырыққа көнбейтін деңгейде көбейгендіктен», Қытайда халық саны «шектен тыс азайып кеткен», былтыр еңбекке қабілетті жастағы адам саны екі миллион 700 мыңға кеміген. Times басылымының жазуынша, саны азайып бара жатқан жұмысшылардың орнын қартайып бара жатқан халық толтыруы тиіс, ал Қытай халқының үштен біріне жуығы – 50 жастан асқандар.

Қытай бойжеткендері супермаркетте ұйымдастырылған «қалыңдықтар жарысында». Гуанчжоу, 12 тамыз 2013 жыл.

Қытай бойжеткендері супермаркетте ұйымдастырылған «қалыңдықтар жарысында». Гуанчжоу, 12 тамыз 2013 жыл.

Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылардың ұл балалы болуға ұмтылуы мен экономикалық және әлеуметтік қысым салдарынан гендердік тепе-теңдік бұзылған. Guardian газетінің дерегінше, Қытайда 30 миллион жігіт жұп таба алмай, мүлде үйленбей қалуы мүмкін (Times басылымы бойдақ жігіт санын 25 миллион деп бағалайды). «Жас жігіттердің көбі жұп таба алмаған қоғам тәртіпсіздіктерге бейім болады» деп жазады Times.

Guardian газеті «нақты фактілерге негізделген» демографиялық саясат жүргізуді ұсынады. Мұндай саясат «көші-қон зардаптарын азайтып әрі жаһандық экономикалық қауіпсіздік үшін тиімді болмақ». Бұл саясат бойынша бала туу деңгейін әйелдердің өздері бақылағаны дұрыс. «Халықтың білімін жетілдіру мен әл-ауқатын жақсарту - ең дұрыс демографиялық саясат болып саналатынын мойындау қажет» деп жазады Guardian газеті.

Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, болашақта Жапония, Еуропа және АҚШ сияқты елдер де бала туу дағдарысына тап болуы мүмкін, бірақ бұлар - бай елдер. «Ал Қытай халқының қартаю сипаты өзге елдерден ерекше. Енді Қытай тез өсім жолын табуы әрі қартайып бара жатқан халқын еңбекке жарамды аз адамның күшімен және зейнетақыны қаржыландырудың онша дамымаған жүйесінің көмегімен асыруы тиіс» деп жазады Wall Street Journal.

«Қытай кедей елден экономикасы дамыған елге тез айналу кезеңінде тұр. Бұрын негізінен ауыл шаруашылық саласына сүйенген ел қазір өнеркәсіптік алыпқа айналып, өзінің қызмет көрсету саласын дамытуға тырысып жатыр. Тәуелділік коэффицентінің артуына байланысты Қытай бай елдер қатарына сол күйі қосыла алмай, экономикасы тоқырауға ұшыраған елге айналуы мүмкін» деп жазады Times басылымы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG