Accessibility links

Қытайдағы қазақ айтыскер ақыны қаза болды


Еркін Ілиясұлы, айтыскер ақын. (Скриншот YouTube сайтынан алынды).

Еркін Ілиясұлы, айтыскер ақын. (Скриншот YouTube сайтынан алынды).


Маусымның 28-і күні Қытайдағы қазақ айтыскер ақыны Еркін Ілиясұлы 45 жасқа қараған шағында жол апатынан қаза тапты. Ақынды бүгін жергілікті сағат 11.00-де ақтық сапарға аттандырды.

Еркін Ілиясұлы Қытайдың Алтай аймағы Бурылтоғай ауданы Қарамағай ауданында дүниеге келген.

«Ақынның артында жалғыз ұлы қалды. Ол да әкесінің ізімен айтыс сахнасында өз қолтаңбасын қалыптастырып келеді» дейді көз көргендер.

«АҚЫНДЫҒЫН ТЕК ҚАЗАҚ ЕМЕС, ҰЙҒЫР ДА БАҒАЛАЙТЫН»

– Еркіннің айтыстағы жұлдызды шағы өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталды, – дейді «Шыңжаң» газеті қазақ бөлімінің тілшісі Қалиақпар Үсенханұлы.

Қалиақпардың айтуынша, Еркіннің ешкімге ұқсамайтын әуені мен ерекше тапқырлығы оны өз ортасында ерекшелеп тұратын.

– Ол кісі Қытай қазақтары айтыскерлерінің ішіндегі орта буын ақындары арасындағы айтысқа ерекше бір сұлулық әкелген, сахнаны дүрілдетіп өткен ерекше жан болатын. Еркіннің ерекшелігі – біріншіден, сөз тапқыштығы, екіншіден, ұйқасты қиыннан алатындығы. Сөзінің төркіндігімен де кейінгі буындарға үлгі боп кетті, – дейді Қалиақпар Үсенханұлы.
Еркіннің ерекшелігі – біріншіден, сөз тапқыштығы, екіншіден, ұйқасты қиыннан алатындығы.

Журналистің айтуынша, Еркін Ілиясұлы «Алтай аймағының құрметті ақыны» атанған.

– Мұндай атақты бізде әркімге бере бермейді ғой, Өйткені оның ақындығын тек қазақтар ғана емес, ұйғыр ұлты да бағалайтын еді. Жақында өткен бір қазақ ақындарының айтысында Еркінге келіп сәлем берген ұйғыр ұлтының азаматтары «Сіз керемет ақынсыз ғой. Сіздің өлеңдеріңізді тыңдау үшін келдік» дегенін өз құлағыммен естідім, – дейді Қалиақпар Үсенханұлы.

«ОРАЗАЛЫ ДОСБОСЫНОВТЫҢ ӨЗІ МОЙЫНДАҒАН ЕДІ»

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның айтуынша, Еркін Ілиясұлы 2004 жылы Қытайға арнайы шақыртумен барған қазақ ақындарымен, оның ішінде қазір марқұм болған Оразалы Досбосыновпен апталап айтысқан.

– Оразалы марқұмның «Аман болсам, сізді Қазақстанға шақырамын. Сіздің ақындығыңыздың қасында біздікі жай әншейін бір дүние ғой. Мынандай талантпен қалай танылмай жүрсіз» дегенін бір емес, бірнеше мәрте естіген едім. Еркіннің ақындығын Оразалының өзі мойындаған болатын. Қазақстанға қайтып келгеннен кейін Қытай жайлы сөз қозғағанымызда Оразалы «Менің бар тапқан байлығым, ең үлкен қазынам - Еркін» деген болатын, – деді Айнұр Тұрсынбаева Азаттық тілшісіне.

Еркін Ілиясұлы мен Оразалы Досбосыновтың айтысы. 1-бөлімі
(YouTube-тегі Argyn2011 деген қолданушы жүктеген видео).



Айнұр Тұрсынбаеваның айтуынша, «Еркіннің ерекше таныла алмауына оның дауысқа мән бермеуі себеп болса керек».

– Ол кісі артистизмге, содан кейін дауысқа аса мән бермеген. Тек бар күшін өлеңге салған адам. Оны кезінде Оразалы да айтқан болатын. «Қазақстанға келгенде әуеніңізді өзгертіп, бір жеңілдеу әңге салыңызшы» деген. Уақытында өз бағасын ала алмауына осы себеп болды ма деп ойлаймын, – дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Оның ойынша, марқұм Еркін Ілияұлының ерекшелігі – басқа ақындардың екі-үш шумаққа сыйғызатын ойларын бір жолмен ғана айта алатыны болған.

– Бір шумақ өлең айтса, соның төрт тармағы төрт түрлі ойды беріп тұрады. Ақындығы өте терең адам еді, – дейді қазақстандық айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева.

Еркін Ілиясұлы мен Оразалы Досбосыновтың айтысы. 2-бөлімі
(YouTube-тегі Argyn2011 деген қолданушы жүктеген видео).

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG