Accessibility links

Қытайда тағы бір қазақ газеті шыға бастады


Қытайдағы қазақ тілінде шығатын "Азия кіндігі" газеті.

Қытайдағы қазақ тілінде шығатын "Азия кіндігі" газеті.

Шыңжаңдағы қазақ тілінде жарық көрген жаңа газет «мемлекет саясатын қолдаумен қатар ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңіруді мақсат еткенін» айтады.

Қытайдың батысындағы бір жарым миллионға жуық қазақ тұратын Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында «Азия кіндігі» атты қазақ тіліндегі газет шыға бастады. Қазақша 40-қа тарта газет-журналы бар аймақтың орталығы Үрімжі қаласындағы жаңа апталық газеттің жауапты редакторы – Жайырбек Мұхаметханұлы. Азаттыққа сұхбат берген редактордың айтуынша, «басылымның басты қолдаушысы – мемлекет».

Азаттық: – Елдеріңізде басылымдар интернетке көшіп жатқан тұста газет шығаруларыңыздың себебі неде?

Жайырбек Мұхаметханұлы: – Әрине, Қытайда мемлекеттік дәстүрлі газет-журналдар жабылып жатыр. Өйткені барлық ақпарат құралдары электрондық болып кетті де, соның салдарынан газет-журналдардың таралымы азайып, оқырмандарынан айрылып қалды. Бірақ соған қарамастан мемлекет бізге толық мазмұнда қаржылық қолдау көрсетіп, қазақ тілді газеттің ашылуына мүмкіндік жасады. Мемлекет Шыңжаңда тұратын аз ұлттардан тек қазақтарға ғана өз тарапынан газетке қолдау көрсетіп отыр. Газеттің тек қаржылық мәселесі емес, оның таралуы да – мемлекеттің мойнында. Өйткені Қытайдың батысында жаппай көркейту, гүлдендіру іс-қимылы жүргізіліп жатыр. Соның ішінде біз де – қазақтар да бармыз.

Азаттық: – Шыңжаңда қазақ тілінде газет шығаруда Қытай үкіметінің қандай мүддесі бар?

Жайырбек Мұхаметханұлы: – Менің түсінігімше, Шыңжаңда қазақ тіліндегі газеттің жарыққа шығуына Қазақстанның ықпалы бар. Қытайда қазақ тілді газетке мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, ол Қазақстанның арқасы деп ойлаймын.

Азаттық: – Газеттеріңіздің көлемі, таралымы қандай?

Қытайдағы қазақ тілінде шығатын "Азия кіндігі" газетіндегі материалдардың бірі.

Қытайдағы қазақ тілінде шығатын "Азия кіндігі" газетіндегі материалдардың бірі.

Жайырбек Мұхаметханұлы: – Төрт беттік апталық газет. Жуықта екінші нөмірі шықты. Ішіндегі материалдары төте жазумен жазылған. Әзірге 1500 данамен оқырмандардың қолына жетті. Болашақта Қытайда қанша қазақ болса, сонша таралымға жеткізсек деген ой бар. Қазір газетті екі адам ғана шығарып отырмыз. Негізгі авторларды сырттан тартамыз.

Азаттық: – Мемлекет қаржысына шығып жатқан газет қандай тақырыптарды қамтымақ?

Жайырбек Мұхаметханұлы: – Әдеби-мәдени және қоғамдық тақырыптардың бәрін қамтимыз. Әрине, мемлекет қаржысына шыққаннан кейін алғашқы бетке партияның жиындарында сөз болған мәселелерді жариялап тұрамыз. Ал қалған беттеріне шамамыз келгенінше қазаққа қатысты дүниелерді жариялайтын боламыз. Содан кейін біз күнделікті жаңалықтарды шығаратын ақпарат құралдармен бәсекелеспейміз. Біздің мақсатымыз – мемлекет саясатын қолдаумен қатар ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңіру.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG