Accessibility links

Қытайда қазақтың халық медицинасын оқытады


Шыңжан медициналық университетінің әкімшілік ғимараты. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

Шыңжан медициналық университетінің әкімшілік ғимараты. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

Шыңжаңда студенттерге қазақтардың дәстүрлі медицинасын кең ауқымда оқыту басталды. Ал Қазақстанда студенттерге қазақ медицинасының тарихын оқытумен ғана шектеледі.

Қытайда тұратын этникалық қазақ, Шыңжаң медициналық университетінің бірінші курс студенті Сандуғаш Мұса дәрігер болуды бала кезінен армандаған екен. Бірақ бойжеткен жоғары оқу орнына түскенде қазақ шипагерлерінің емдеу тәсілдерін үйренемін деп ойламапты.

КӨНЕ ТЕРМИНДЕР

Ол – биыл «қазақтың дәстүрлі медицинасы» мамандығын оқыту үшін іріктелген алғашқы топтағы отыз шақты студенттің бірі. Сандуғаш Мұса Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Санджи-Хуэй автономиялық округының әкімшілік орталығы Санджи қаласында туған.

– Медициналық университетке түскенде отбасым, әсіресе анам таңдаған мамандығымды құптады. Ол «университетті бітіріп, жақсы маман болып шықсаң, Сандуғаш Мұса (ортада) - Шыңжан медициналық университетінің студенті. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

Сандуғаш Мұса (ортада) - Шыңжан медициналық университетінің студенті. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

мені емдейсің» деп үміттенеді. Дәрігерлер осыдан біраз жыл бұрын анамның ағзасынан көп ауру тапқан. Сондықтан кішкентай кезімнен дәрігер болуды армандадым, – дейді Сандуғаш Мұса.

Қазақ медицинасының негіздерін оқу - қызықты әрі қиын іс. Оқу құралдары осыдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған кітаптар негізінде құрылғандықтан, мәтіндерде қолданыстан шығып қалған сөздер кездеседі. Алайда емдеу тәсілдерінің ерекшеліктері мен тиімділігін түсіну үшін мұндай архаизмдердің мәні зор болуы мүмкін.

– Мысалы, бұрын миды «мияқ» деп атаған екен, ал «есекқырған» - Юпитер планетасының қазақша атауы. Қазақтар таң атар алдындағы уақытты осылай сипаттаған. Мұндай сөздер көп, біз оларды сабақта жан-жақты талдаймыз, - дейді оқу ерекшеліктерімен бөліскен бойжеткен.

Студенттер бірінші семестрде қазақтың дәстүрлі медицинасының тарихын оқыпты. Екінші семестрде олар кейбір практикалық мәселелермен, атап айтқанда ауруды анықтау жолдарымен таныса бастайды. Қазақ халық медицинасы суық тиюден бастап сынған сүйекке дейін ем қолданады. Хирургиялық операция жасайтын аурулар бұл тізімде сирек.

– Біздің медицина тарихының танымдық мәні зор. Ол табиғат, адам, жан-жануар, өсімдіктердің өзара байланысты екенін көрсететін философияға негізделген. Қазақ медицинасында адамның қоршаған ортамен етене жақындығынан бастап ойлау дағдысына дейінгі мәселелерге мән беріледі. Енді оқи бастайтын ауруды анықтау тәсілдері де қызық тақырып. Қазақ шипагерлері науқастың тамырын ұстап диагноз қойған. Олар көздің тамырларына, шелдену дәрежесіне, қарашығына қарап та диагноз қоятын болған, - дейді бірінші курс студенті.

Сандуғаш Мұса (сол жақта) жатақхана бөлмесінде. Үрімжі, 23 ақпан 2013 жыл.

Сандуғаш Мұса (сол жақта) жатақхана бөлмесінде. Үрімжі, 23 ақпан 2013 жыл.

Университетте дәріс қытай тілінде оқытылады. Студенттер аптасына бес күн, күніне шамамен сегіз сағат сабақ оқиды. Олар қазақ медицинасымен қатар қытайдың дәстүрлі және қазіргі заманғы медициналық ғылымын, жалпы білім беретін пәндер мен ағылшын тілін оқиды. Сандуғаш Мұсаның айтуынша, оқушыларға қойылатын талап жоғары, оқытушылар ешкімді еркелетпейді. Алайда студенттер де жақсы оқып, қатардан қалмауға тырысады.

Сандуғашпен бір топта оқитындардың көбі - шеткері өңірлерден келген, жатақханада тұратын жастар. Екі қабат төсектен басқа жиһазы жоқ, едені бетоннан құйылған бөлмелердің жабдығы қарапайым болғанымен, студенттердің көңілі толады.

ОҚУДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

Шыңжаң медицина университетінің «Қазақтың халық медицинасы» мамандығы бөлімінде Қытайдағы қазақ, ұйғыр, татар, қырғыз сияқты азшылық ұлттардың өкілдері оқиды.

Университеттің оқытушысы Гүлсәуле Тәліп «қазақ және көне түркі тілдеріндегі көп сөздерге қытай тілінде мағыналас сөздерді табу қиын, кейде мүмкін емес, оларды иероглифпен белгілеу және аудару арқылы мағынасын жеткізу қиын болғандықтан бұл топта этникалық хансулар жоқ» деп түсіндірді. Бірақ, оның айтуынша, қазақ медицинасын үйренуге деген қытайлықтардың құлшынысы мықты.

Шыңжан медицина университетінің оқу ғимараты. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

Шыңжан медицина университетінің оқу ғимараты. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

– Қазақтың дәстүрлі медицинасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге бөлінетін қаржы жыл сайын ұлғайып келеді. Қытай жерінде алғашқы зерттеулер 1985 жылы басталды. Осы уақытқа дейін біз 24 кітап шығардық, – дейді Гүлсәуле Тәліп.

Оқытушының айтуынша, мал шаруашылығымен айналысып, негізгі қорегі ет болған, мал сою дәстүрі кең таралған Орталық Азия өңірін мекендеген халықтардың анатомиялық білімі терең. Түрлі соғыстар мен тартыс кезінде, көшпелі тұрмыс жағдайында жарақат алғандарды жергілікті емшілер емдеген. Сондықтан бұл жерлерде медицинаның қазір «травматология» және «хирургия» деп аталатын салалары жақсы дамыған.

МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ЛИНГВИСТИКА

Шыңжаң медициналық университетінің қызметкері Гүлсәуле Тәліптің айтуынша, оқытушылар «келешекте ежелгі және орта ғасырда көне түркі тілінде, қыпшақ және шағатай тілдерінде жазылған қолжазбалардың мағынасын ашып, аударуға көмектеседі» деп студенттерге үлкен үміт артады.

Шыңжан медицина университетінде оқытылатын қазақ дәстүрлі медицинасы туралы оқулықтар. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

Шыңжан медицина университетінде оқытылатын қазақ дәстүрлі медицинасы туралы оқулықтар. Үрімжі, ақпан, 2013 жыл.

Зерттелмей жатқан мұндай қолжазбалар көп. Атап айтқанда, Дүнхуан ауданынан өткен ғасырда табылған, Түрік қағанаты кезеңіне тиесілі қолжазбалардың талайы белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты Еуропа​ елдерінің, Ресей мен Жапонияның кітапханалары мен мұражайларында тұр. Гүлсәуле Тәліптің айтуынша, биыл Қытай үкіметі Дүнхуан қорымынан табылған түркі тіліндегі кітаптарды зерттеуге 400 мыңнан аса юань (9 миллион теңгеге немесе 60 мың долларға жуық) бөліпті.

– Лингвист мамандар әдетте медицинамен таныс емес. Ал медицина саласындағы ғалымдар көне тілдерді білмейді. Осындай қиындықтың салдарынан табылған кітаптардың мағынасын ашу, қазақтың халық медицинасына қатысты құнды деректерді жинап, құрастыру өте баяу жүріп жатыр, – дейді Шыңжаң медициналық университетінің оқытушысы.

Гүлсәуле Тәліп Қытай үкіметінің қазақтың дәстүрлі медицинасына қызығуы тегін емес дейді. Оның айтуынша, Қытайда дәрігерлер күдер үзген науқастарды қазақ емшілерінің емдеп шығарғаны туралы құжатпен хатталған жағдайлар бар көрінеді.

ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫН ҚАЗАҚСТАНДА ОҚЫТУ ЖАЙЫ

Қазақстанда шипагерлік дәстүріне арналған түрлі конференциялар өткізіліп, мақалалар жарияланғанымен, мемлекет тарапынан халық медицинасын дамытуға деген ықылас байқалмайды.

– Конференция мен жиналыстар өткізіліп, қатысушылар «тамаша екен» деумен тарасады, бәрі осымен шектеледі. Осылай болып келе жатқанына 10 жылдан асты. Жоғары оқу орындарында да, медицина колледждерінде де қазақтың халық медицинасының негіздері немесе тарихы деген пәндер жоқ, – дейді Зиядан Қожалымов.

Теміртаудағы медицина колледжінің шәкірттері. Көрнекі сурет.

Теміртаудағы медицина колледжінің шәкірттері. Көрнекі сурет.

Алайда денсаулық министрлігі бұдан өзгеше ақпарат береді. Азаттықтың сауалына жазған жауабында министрлік «базалық медициналық білім беру барысында қазақтың дәстүрлі медицинасы «Медицина тарихы» пәнінің бір бөлімі ретінде оқытылады» деп хабарлайды. Ресми жауапта «Жалпы медицина» факультеттерінде шығыстың қытай, кәріс халық медицинасымен қатар қазақтың дәстүрлі медицинасын да оқыту қарастырылғаны жазылған.

Бірақ бұл іске оқу орындарының барлығында бірдей аса мән берілмейтін сыңайлы. Айталық, Қазқстанның медицина саласындағы жетекші жоғары оқу орны - Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің баспасөз хатшысы Марина Чанның айтуынша, бұл жоғары оқу орнында қазақтың халық медицинасы оқытылмайды:

– Біздегі барлық пәндер білім министрлігі бекіткен мемлекеттік стандарт көлемінде оқытылады, онда қазақтың дәстүрлі немесе халықтық медицинасы деген пән қарастырылмаған, – дейді ол.

Марина Чанның айтуынша, ол университеттегі «Дәстүрлі шығыс медицинасы» мамандығын былтыр соңғы студенттер тобы бітіріп шығыпты. Баспасөз хатшысы бұрынғы шығыс медицинасы бөлімінің жабылу себебін бөлімді бітірген мамандарға сұраныс жоқтығымен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл
Біздегі барлық пәндер білім министрлігі бекіткен мемлекеттік стандарт көлемінде оқытылады, онда қазақтың дәстүрлі немесе халықтық медицинасы деген пән қарастырылмаған.
мамандықты алған түлектер жалпы практика дәрігерлері болып істейді. Олар негізінен қытай медицинасын, ине салу ерекшеліктерін, мануалды терапия принциптерін үйренгенімен, бөлімде «Қазақтың халық медицинасы» деген пән болмаған.

Қазақстанда қазақтың халық медицинасы тарихы мен практикасына арналған басылымдар да аз жарық көрген. Алғашқы кітаптар совет заманында басылған. 1978 жылы Төрегелді Шармановтың редакциясымен жарық көрген «Қазақстанның халық медицинасының тарихы жөніндегі очерктер» кітабында қазақтардың «қажетті анатомиялық білімі болған, оларда салыстырмалы анатомия жақсы дамыған» деп жазылған.

Кітапта сол кезеңнің идеологиясы және коммунистік партия мен совет үкіметін мадақтаған сарын басым. Бірақ онда 19-ғасырдың аяғы 20-ғасырдың басында Қазақстанда болған Драгендорф, Катанов, Колбасенко, Колосов сияқты шетел дәрігерлері мен саяхатшыларының жазбаларына көп сілтеме берілген. Кітап авторлары 1884 жылы Түркістан өлкесінде болған дәрігерлер Ненецкий мен Соколовтың «Кейбір емшілердің (даргерлер) литотомия (таспен тілу) және жарықты емдеу тәсілдері жақсы нәтиже береді» деген сөздерін келтіреді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG