Accessibility links

Виза кезегінде тұрған Қытай қазақтары уақытын ғана жоғалтып жатқан жоқ


Қазақстанның Қытайдағы төлқұжат-визалық қызметі. (Оқырманнан келген сурет)

Қазақстанның Қытайдағы төлқұжат-визалық қызметі. (Оқырманнан келген сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Қытайдағы виза кезегі мәселесі бізге байланысты емес» дейді. Ал Үрімжі қазақтары «Қазақстанның төлқұжат-визалық қызметі енді баспасөзге шағымданғандарға қызмет көрсетуден бас тартты» деп жазады.


Азаттық радиосы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районында тұратын, өз аты-жөнін көрсетпеуді өтінген қазақтан хат алды. Ол Қытайдағы қазақ консулдығының әуре-сарсаңынан әкесінен айырылып қалғанын айтады.

Оның айтуынша, әкесі екеуіне Қазақстан визасын алуға қажетті құжаттарды тапсыру үшін жарты жыл кезекте тұрған. Бірақ Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметтің қызметкері әкесін алып келуді талап еткен. «Жолдың шалғайлығын, 86 жасар әкемнің алыс жолда жүруі қиын екенін айтқаныма құлақ аспады» дейді хат ауторы. Қазақ дипломаты әйтпесе әкесінің виза ала алмайтындығын ескертіпті.

Хат ауторы 900 шақырым жол жүріп, әкесін Үрімжіге алып келуге мәжбүр болған. Қалаға жеткенше түн ортасынан ауып кеткен. Оның айтуынша, әкесі ақыры төлқұжат-виза қызметіне жете алмаған. «Қарияның жүрегі алыс
Әбдібақыт Әбдіманапұлының анасы Каслия Аленнің қайтыс болғаны туралы куәлік.
жолды көтере алмай қайтыс болды» деп жазады хат иесі.

ҚУҒЫНДАУДАН ҚАУІПТЕНУ

Азаттық радиосының редакциясына Қытайда тұратын қазақтардан хаттар келіп, телефон қоңыраулары шалынып жатыр. Тағы бір азаматтың хабарлауынша, Қазақстанның Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметі Алматы облысының Шелек ауданында тұратын анасының қайғылы қазасы жөнінде хабар алған Әбдібақыт Әбдіманапұлына виза беруден бас тартқан.

Бірақ, бізге хабарласушының айтуына қарағанда, бұдан бұрын төлқұжат-виза қызметіндегілер Әбдібақыт Әбдіманапұлына: «Адамдар не себепті баспасөзге шағымданып жатыр? Оларды шағым жазуға итермелеген кім, ұйымдастырушы кім?» деген сияқты сұрақтар қойған.

Бізге хабарласушының айтуынша, консулдық қызметтің қызметкерлері 20 сәуірде Әбдібақытты кешке дейін ұстаған, кеңседен шығармаған, «виза бермейміз» деп қорқытқан және «шағымданушыларды ұйымдастырушы» кім екендігін айтуын талап еткен. «Оны жұмыс күні біткен соң ғана ешқандай визасыз босатқан» дейді хабарласушы адам.

Хабарласушы адамның айтуынша, Әбдібақыт Әбдіманапұлы оған телефон шалып, төлқұжат-виза қызметкерлерінің қысымына шыдай алмай, консулдық қызметтегілерге шағымданушылардың бастамашысы және ұйымдастырушысы ретінде оның атын атағанын мойындаған.

Азаттық радиосына хабарласушы оған қарсы әлдебір арандатудың болуы мүмкін деп қауіптенетіндігін айтады.

«Егер қытай билігі қазақстандық дипломаттардың шағымы бойынша мені кенеттен тұтқындар болса, Қажығұмар Шабданұлы сияқты түрмеде шірігім келмейді. Мұндай жағдайдың болуы әбден ықтимал. Мұндай жағдайдың болуы мүмкін екендігі жайында әйелімді ескертіп, оған сіздердің электронды пошталарыңыз бен телефондарыңызды бердім» дейді бізбен хабарласушы.

Азаттық радиосы Әбдібақыт Әбдіманапұлына телефон шалып еді, ол кісі «қатты асығып» келе жатқанын, «өзі қайта хабарласатынын» айтып, қорқынышыпен жауап берді.

Төлқұжат-виза қызметіне тікелей хабарласпақ болып едік, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің сайтында көрсетілген телефондардың бірде-біреуі жауап бермеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров Әбдібақыт Әбдіманапұлының басындағы жағдаймен таныс екендігін
«Бірақ мәселенің мәні – Әбдібақыттың өзінің консулдық қызметке келмей жүргенінде» дейді Ілияс Омаров.
білдірді. Ол төлқұжат-виза қызметімен хабарласқанын және Әбдібақыттың Қазақстан визасын алатындығын айтты. «Бірақ мәселенің мәні – Әбдібақыттың өзінің консулдық қызметке келмей жүргенінде» дейді Ілияс Омаров. Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Азаттық радиосына «Әбдібақыт Әбдіманапұлына хабарласып, оған виза берілетіндігін айтсаңыздар екен» деп өтінді.

Қытайдан хабарласушы адамның айтуынша, Әбдібақыт Әбдіманапұлы Үрімжіге Іле қазақ автономиялық облысындағы Құлжа қаласы маңынан келген. Бұл – Үрімжіден жүздеген шақырым жер. Оның айтуынша, бұл – алыстағы ауылдан келген қарапайым қазақ жігітінің виза алмаққа жасаған төртінші әрекеті.

Дәл осы хабарласушы адамның жазуынша, 21 сәуір, бейсенбі күні төлқұжат-виза қызметінің қызметкерлері Әбдібақытты өздері іздеп тауып алып, ақырында оған виза берген. Өйткені Әбдібақыттың басындағы жағдай жалпақ жұртқа жария болып кеткен еді.

«ҚАРА ДАҚ»

Үрімжідегі ақпарат көзінің айтуынша, жергілікті қазақтар негізінен ауылда тұрады, олардың біразы осы уақытқа дейін көшіп-қонумен жүр. Олар жер өңдеп, мал бағады.

«Ауыл қазақтары негізінен өте қарапайым, сенгіш, момын және билікке ығысыңқырап қарайды. Олар қытай шенеуніктерімен ешқандай жанжалға барғысы келмейді. Қазақстандық консулдық қызмет қызметкерлеріне қатысты да артық сөзге бармайды. Егер төлқұжатына «қара дақ» басылып қалса, Қазақстанға мүлдем бара алмай қалармыз деп қорқады олар» дейді бізбен хабарласушы азамат.

Оның айтуынша, Бейжіңде де, Үрімжіде де қызмет істеп жатқан консулдық қызметкерлері қытай тілін білмейді, қазақ тілінде де нашар сөйлейді, өздерін дөрекі ұстап, орыс тілінде балағаттайды, жергілікті қазақтарды «мәмбеттер» деп атайды.

ШТАТҚА БІР АДАМ ҚОСЫЛДЫ

Дәл осы кезде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының сұрауына жауап хатында «Азаттық радиосында жарияланған ақпараттар, оның ішінде дипломатиялық қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысты ақпараттар шындыққа сай келмейді» деп мәлімдейді.

Осыған қарамастан Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайдағы консулдық қызметтің штат бірлігін кеңейту мәселесінің шешілу мүмкіндігі жайында жазады: «ҚР Үрімжі қаласындағы төлқұжат-виза қызметі штатын көбейту мәселесі қытай жағымен келісуді қажет етеді. Қазақстандық визаны рәсімдеуге қатысты жағдайды реттеу мақсатында ҚХР жағы бізге штаттық кестені бір адамға ғана көбейтуге келісім берді. Жақын арада қосымша штат бірлігі Үрімжі қаласындағы ҚР төлқұжат-виза қызметіне жіберіледі».

Қазақстан сыртқы істер министрлігі: «Қытайдан келіп жатқан қазақтар үшін шекараның арғы жағындағы ҚР мекемелеріндегі визаларды рәсімдеу тәртібі,
Сыртқы істер министрлігі: «барлығын заңға сәйкес жасап, виза сұраушылардың көңілдерін табуға барынша тырысып жатырмыз»
оларды тұрақты тұруға қалдыру, оралман мәртебесін беру, көшіп келу квотасына енгізу және азаматтық алу мәселелерінің барлығы қолданыстағы ұлттық заңнамамен реттелген» дейді. Сыртқы істер министрлігі «барлығын заңға сәйкес жасап, виза сұраушылардың көңілдерін табуға барынша тырысып жатырмыз» дейді.

Бірақ Қытайдан хат жазып, хабарласып жатқандардың барлығы «Қазақстан визасын алу өте қиын» деседі. Олардың айтуларынша, Қазақстан визасын алудың жеңілдетілген жолы – тек қағаз жүзінде ғана, ал шындығында Қазақстанның Бейжің мен Үрімжідегі консулдық қызметтерінде мүлдем бөлек «ережелер» қалыптасқан, визаны рәсімдеудің әуре-сарсаңы көп.

Қытайда тұратын қазақтардың жазғандарына қарағанда, виза алу үшін құжат тапсыру кезегінде мыңдаған адамдар тұр. Олар өз кезегін бірнеше айлар бойы күтеді.

Сонымен бірге, олардың айтуларынша, егер олар Қазақстанға туған-туыстарының қайтыс болуына немесе өзге бір жағдайлармен бара жатқан болса, онда консулдық сөздерін растайтын құжаттарды талап етеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің: «Үрімжідегі төлқұжат-виза қызметіне берген визаның 90 пайызы ҚХР-дағы қазақ азаматтарына рәсімделді», - деген мәлімдемесіне де сенбейді. Қытайлық кейбір қазақтардың айтуларынша, жергілікті хань ұлтының азаматтары (әрине, белгілі бір ақыға) визаны жиірек және тезірек алады.

Олар жергілікті қазақтардың Қазақстан визасы үшін консулдық алымнан босатылғанын растайды. Алайда, олардың айтуларынша, бірнеше жүз, тіпті мың шақырымдық жол жүріп, Бейжің мен Үрімжіге қайта-қайта келе беру, бұл жерде бір аптадай жатып, тамақтану үшін бұдан көп қаржы кетеді. «Әйтеуір ақшасын үнемдеп, визасын кезексіз алу үшін негізінен ауылдан келгендер амалсыздан бейресми делдалдардың қызметіне жиі жүгінеді» дейді редакцияға жазылған хат ауторлары.

Қытайдан хат жазған қазақтар Үрімжідегі төлқұжат-визалық қызметтің атташесі Жарас Мұратовтың «виза алу кезегінде тұрғандардың көпшілігі – Қазақстанда іскерлік жұмыстары бар бизнесмендер, олардың ішінде тарихи отаныма қайтып ораламын деп нық шешім қабылдағандар аз» деген сөздерін де жоққа шығарады. «Астанадан квота сұрамай-ақ, өз күштерімен Қытайдан Қазақстанға тұрақты тұруға көшкісі келіп отырғандарға Қазақстан сыртқы істер министрлігі мекемелері кедергі жасап жатыр» дейді олар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG