Accessibility links

"Көштің жолындағы жеті кедергі"


Қытайдағы senkazakh.com сайтының беті.
Қытайдағы senkazakh.com сайтының беті.
Бұл аптада Қытайдағы Senkazakh.com мен Kultegin.com сайттарына шолу жасалды. Онда Шыңжаңдағы орта білім мектептерінде қазақ тарихын оқыту мәселесі, Қазақстанға көшуге кедергі болатын жайттар, қазақ тілі мен Қытайдағы қазақ жастары туралы тақырыптар бар.

"ҰЛТТЫҚ ТАРИХ ОҚУЛЫҒЫ КЕРЕК"

Senkazakh.com сайты бұл аптада оқырмандарына Шыңжаңдағы орта мектептерде қазақ тарихын оқыту мәселесін қозғады. Аты-жөнін көрсетпеген автор өз оқырмандарына: «Бізде мемлекеттік тарих оқытылады. Ал ұлттық және жерлік тарих ретінде Шыңжанның жергілікті тарихы оқытылады. Әрі ұлттық, әрі жерлік тарих – негізі ұйғырларға қаратылса керек. Ал Шыңжаңдағы екінші үлкен ұлт қазақтардың тарихының негізгі барысы мен маңызды кезеңдері Шыңжаңның жерлік тарихында қамтылмайды. Сондықтан да ұлттық тарихтан сауатсыз қалып отырмыз. Қытай қазақтары үшін қысқаша ұлттық тарих оқулығын жасап мектептерге кіргізілсе қандай болар еді?» деген сауал тастайды.

Аталған сайттағы оқырмандар назарына көп түскен «Қытай қазақтары көшіне не кедергі?» деп аталатын тағы бір мақалада автор көштің кедергісі ретінде жеті түрлі себепті тізіп шығыпты.

«Ең бірінші мәселе – малшы, дихан қарызға буылып қалды, ал үкімет қызметкерлері тұрақты жалақысынан айырылып қалудан қорқады; ұлттық рух, ұлттық намыстың жетілмеуі де ауыр кедергі болып отыр; бір бөлім адамдарда әлі күнге «үкімет жарылқайды, Қытай аш қылмайды» деген есек дәме, Қытайдан айырылса, аштан өлетіндей сүйекке сіңіп кеткен құлдық сана әлі бар; көші-қон жұмысының әуресі көп, қаржы мен уақыт ысырап болады; көшіп барған адамдардың бір бөлігінің тұрмысының жақсы болмауы немесе сол жаққа барып келген кейбір адамдардың Қазақстан жөнінде өсек-аяң таратуы; Қазақстанда үкімет басындағылардың қағаз бастылығы, жеменқорлығы; Қазақстандағы қазақтардың бірсыпырасының ұлттық қанының сұйылып, Қытай қазақтарын шетке қағуы, жон көрсетуі» деп жазады сайт оқырманы.

"ШАҒЫН ҰЛТТЫҢ ЖОҒЫН ЖОҚТАУ"

Ал kultegin.com сайтында Анаргүл Тұрдықызының Индиана университетінде қазақ тілі мектеп бітірушілердің емтихан тапсыратын шетел тілдерінің қатарына енгені туралы жазбасы оқырмандар ең көп талқыға салған тақырыпқа айналды. Автор аталған ақпаратты ағылшын тілінен аударып ұсынғанын айта келіп, «қазақ тілінің аталған университеттегі емтихан тапсырылатын шет тілдердің қатарына енуіне Қазақстанның соңғы кезеңдегі жетістіктері мен шикізаты және тоғыз жолдың торабында орналасуы» себеп болғанын жазған.

Осы сайттағы екінші бір оқырман Қытайдың Сычуань өлкесіндегі Чэнду қаласында 500-ге жетеқабыл қазақ бауырлар тұрып жатқанын, «алайда ауызбірліктің жоқ екенін», ол қазақ жастарының арасында «ханзу (қытай - ред.) тілінде оқыған балалардың көп» екенін айтыпты. Өз жазбасында автор «егер осы өңірде мен білмейтін басқа ұлтшыл азаматтар болса хабарласыңыздар, бірігіп студенттер атынан шағын ұлттың жоғын жоқтайтын бірлестіктер құрайық» деген ұсыныс білдірген.
XS
SM
MD
LG