Accessibility links

«10 жылда 13 пайызға өскен» Қытай қазақтары


Қытай қазақтарының жиюлы тұрған көрпе-жастығы

Қытай қазақтарының жиюлы тұрған көрпе-жастығы

Бұл аптада kultegin.com сайты ашылмады. Сайттың хабарлауынша, «техникалық реттеу жүріп жатыр». Ал senkazakh.com сайты оқырмандарға мынадай тақырыптар ұсынған екен.

Senkazakh сайтында оқырмандар көп талқылаған тақырыптардың бірі – Шыңжаңдағы қазақтардың саны.

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ САНЫ

Сайт қолданушысы 2010 жылы Қытай бойынша жүргізілген адам санағы мен 2012 жылғы Шыңжаңның әр жеріндегі қазақтардың жан санын салыстырмалы түрде ұсыныпты.

Шыңжаңның жалпы жан саны - 21 815 815 адам жалпы Қытайдағы халық санының 1.6 пайызын құрайды.

Ал Шыңжаңдағы аз ұлттардың өлкелеріндегі тұрғындар саны былайша көрсетілген:
Нұрлан Айтқұрман, Шыңжаңдағы "қоныстандыру" бағдарламасы бойынша қалаға көшіп келген қазақ. Қытай, қыркүйек айы 2012 жыл. Скриншот CCTV телеарнасынан алынған.

Нұрлан Айтқұрман, Шыңжаңдағы "қоныстандыру" бағдарламасы бойынша қалаға көшіп келген қазақ. Қытай, қыркүйек айы 2012 жыл. Скриншот CCTV телеарнасынан алынған.


1. ұйғырлар - 10 001 302 адам, Шыңжаң халқының 46 пайызы;
2. қытайлар - 8 829 994 адам, 40 пайыз;
3. қазақтар - 1 418 278 адам, 6.5 пайыз;
4. дүңгендер - 983 015 адам, 4. 5 пайыз;
5. қырғыздар - 180 472 адам, 0.8 пайыз;
4. моңғолдар - 156 280 адам, 0.7 адам.

Қалған аз ұлттардың барлығы қосылып 13. 5 пайызды құрайды.

Сайт қолданушысының айтуынша, Қытайдағы қазақтардың саны соңғы он жылдың ішінде 13 пайызға өскен.

«10 жылдың алдындағы бесінші жан санақ кезінде Шыңжаңдағы қазақтың жалпы жан саны 1 250 458 адам болатын, 10 жылдан кейін 1 418 278 адам болып (Қазақстанға көшіп кеткендерді қоспағанда) 167 820 адамға өсіп, 13.42 пайызға артқан» деп жазады сайт.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 300 МЫҢ ҚЫТАЙ»

Оқырмандардың қызу пікірталасын тудырған екінші тақырып – «Қазақстандағы қытай мен орыстар» деп аталады.

«Кейбір қазақ тор бетіндегі туысқандар «Қазақстанды қытайлар басып келеді, орыстар да көбейіп келеді» деп өсек таратып, «Қазақстан шекараны жабу керек, жабу арқылы осы екі үлкен ұлттан сақтанып, Қазақстанды байыту керек» деп сандырақтап жүр. Бір ұлт та, яки бір мемлекет те қаншалықты басым болса, соншалықты тез дамиды. Қайта заңды түрде шекараны кең ашып, шетелдіктердің Қазақстанды білуіне, қаржы салуына тиімділік жасап, қазақ елінің дамуына қолайлылық әкелу керек» деп жазыпты аты-жөнін көрсетпеген сайт қолданушысы.
Алайда оған қарсы шыққан оқырмандардың бірі: «Реформа жасап есікті ашқаны, әрине, дұрыс. Бірақ соншама қытайларға азаматтық бергені қалай? 300 мың қытай өсіп-өнбей ме? Ана жолы бір хабарда Қытайдың бойдақтарының жан саны көбейіп келеді деп жатты. Ал Қазақстанда керісінше ер адамнан әйел көп екенін баршамыз білеміз... Олар «қазақтан қыз аламын, оған ханзу тілін өзім үйретіп аламын» дейді, бірі шаңыраққа қарамайды, бұлар Қазақстанды екінші Сингапур қылмақшы... Бүгін 300 мың болса, ертең 300 миллион болады. Ал азаматтығына өтпеген болса, онда оның жөні бір басқа» деген ксенофобиялық пікір қалдырыпты.

«ТАШКЕНТ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ХАҚЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?»

Осы сайтта сөз болған үшінші тақырып Ташкент қазақтарына қатысты болып шықты.

Ташкент жері «ежелде қазақтың жері болғанын» айтқан сайт оқырманы: «Орыс империясының ірге кеңейтуіне байланысты қазақтың ұлан-ғайыр атырабы орыстың қол астына қарады. Әйтсе де 1924 жылы Қазақстан республикасы құрылғаннан кейін неге екені белгісіз Ташкент өңірі Өзбекстанға тәуелді болып кетті. Қазір Ташкентте шамамен бір милионнан артық қазақ өмір сүреді» дей келіп, «Ташкент өңірінде жасап жатқан қазақтардың құқық мүддесі қалай қорғалып жатыр, өздеріне тиесілі автономиясы бар ма?» деген сауал тастайды. Алайда оқырмандардың барлығы бұл жағынан хабарсыз екендерін айтыпты.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG