Accessibility links

«Қытайға керегі - мұнай мен қауіпсіздік»


Қытай басшысы Си Цзиньпин G-20 саммитіне келді. Ресей, Санкт-Петербург, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Қытай басшысы Си Цзиньпин G-20 саммитіне келді. Ресей, Санкт-Петербург, 4 қыркүйек 2013 жыл.

Қытай басшысы Орталық Азия елдеріне ұзақ сапарға аттанды. Сарапшылар пікірінше, мұнай мен газдан бөлек, Си Цзиньпинді аймақтағы қауіпсіздік мәселесі де алаңдатады.

2014 жылы НАТО әскері Ауғанстаннан кетеді. Осы шараның қарсаңында Қытай басшысы Си Цзиньпин Орталық Азияның төрт елін ресми сапармен аралауға шықты.

«ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ІРІ ЖОБА»

Си Цзиньпин Қытай басшысы болып наурыз айында сайланған еді. Бұл - оның Орталық Азияға тұңғыш сапары. Қытай басшысы Түркменстан, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанға барып, осы аптада Санкт-Петербургте өтетін «Үлкен жиырмалық» (G-20) саммитіне де қатыспақшы.

Си Цзиньпиннің сапары Бішкекте аяқталмақ. Ол қыркүйектің 13-і күні осы қалада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының басқосуына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай мен Ресей мүше.

Джорджтаун университетіндегі (АҚШ) халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Джеймс Реардон Андерсонның пікірінше, «Си Цзиньпиннің бұл сапары Қытай үшін Орталық Азияның маңызды аймаққа айналғанын білдіреді».

Қытайдың бас хатшысы Си Цзиньпин мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Қытайдың бас хатшысы Си Цзиньпин мен Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. Ашғабат, 3 қыркүйек 2013 жыл.

- Ол төрт елдің де астанасына арнайы бармақ. Бұрын мұндай болмаған. Қытай жетекшісі бұл сапарға ұзақ уақыт арнап отыр. Осыған қарап-ақ Орталық Азияның Қытай үшін болашақта қаншалықты маңызды екенін білуге болады, - дейді ол.

Қыркүйектің 3-і күні Қытай басшысы Түркіменстанға барды. Екі ел басшылары газ туралы келісім-шарт жасасты. Осының өзі Пекиннің Орталық Азиядан мұнай-газ тасымалдау ісіне ден қойғанын көрсетеді.

Жаңа келісім бойынша Түркіменстан 2020 жылға дейін Қытайға жыл сайын 65 миллиард текше метр табиғи газ жібермекші. Си Цзиньпин Ашғабатта журналистермен кездескенде «Қытай мен Түркіменстан арасындағы келісім - энергетика саласындағы бірлескен ірі жобаның айқын үлгісі» деді.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДІҢ «МҰНАЙ БӘСЕКЕСІ»

Қытай басшысы қыркүйектің 6-8-і күндері Қазақстанға барады. Бұл елден мұнай тарту - Қытай үшін маңызды мәселе. Ол Қазақстанға Санкт-Петербургтегі G-20 саммитінен қайтқанда соқпақшы.

Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіретін ел. Бірақ бұл елден мұнай тарту үшін Қытайға Ресеймен бәсекелесуге тура келеді.

Қытайдың бас хатшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытайдың бас хатшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей бұрынғы СССР республикаларын Кеден одағына кіргізгісі келеді. Әзірше бұл одақтың құрамында Беларусь пен Қазақстан ғана бар. Ресей «Еуразия Одағы» аталатын экономикалық блок құрып, Қазақстаннан шығатын мұнай жолдарын толық бақылауға алғысы келеді. Ол жағдайда мұнай құбырлары айналма жолдармен емес, Ресей арқылы өтетін болады. Бірақ Кремльдің бұл стратегиясы саяси мәселелерге байланысты іске аспай тұр. Украина, Молдова және Беларусь сауда-саттық мәселесінде Ресеймен келісімге келе алмады.

Реардон Андерсонның ойынша, осы кедергілер Пекиннің Астанамен тез тіл табысуына жол ашуы мүмкін. Онда Қытайдың Қазақстан мұнайындағы үлесі артады.

- Қытайдың да, Ресейдің де көздегені маңызды энергетика қоры ретінде Қазақстаннан шығатын мұнайды бақылауда ұстау. Екі ел де осы мақсатқа жету үшін барынша жанталасып жатыр. Қазақстанның мәңгілік президенті Назарбаев екі елді де бір-бірімен бәсекелестіріп, оларды ұтымды пайдаланып, мұнайдың тасымалдануы мен бағасына қатысты келіссөздер жүргізіп отыр, - дейді ол.

Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы шекара белгісінің қасында тұрған АҚШ әскери кемесі. 10 тамыз 2010 жыл.

Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы шекара белгісінің қасында тұрған АҚШ әскери кемесі. 10 тамыз 2010 жыл.

Орталық Азиядан тасымалданатын мұнай қоры Пекиннің Шығыстағы геосаяси проблемаларын да азайтуы мүмкін. Орталық Азиядан Батыс Қытайға дейінгі аймақты игеру арқылы, Қытай Парсы шығанағы мен Шығыс Африканың мұнайынан тәуелсіз болғысы келеді.

Қазір Қытай Шығыс елдеріндегі мұнайды танкерлерге тиеп, Үнді мұхиты және Малакка бұғазы арқылы Оңтүстік Қытай теңізіне жеткізіп отыр. Қытай басшылығы Оңтүстік Қытай теңізіндегі стратегиялық теңіз жолдарындағы әскери флотын да күшейтті. Бірақ Пекиннің бұл әрекеті Оңтүстік Азиядағы басқа елдермен арадағы территориялық дауды ушықтырып жіберді. Пекиннің Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеті АҚШ-тың мүддесіне де қайшы келді.

«ҮШ ТҮРЛІ БҮЛІКПЕН» КҮРЕС

Қытай сарапшыларының ойынша, «НАТО әскері 2014 жылы Ауғанстаннан шығарылады. Сондықтан Си Цзиньпин осы жолы Қытайдың батыс шекарасындағы қауіпсіздікті нығайту үшін Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайтуды көздейді».

Пекиндегі Қытай академиялық ғылыми орталығының сарапшысы Сунь Чжуанчжи мен «Синьхуа» агенттігінің маманы Шэнь Шилай да бұл болжамдарды құптап, «қазір Пекинді Шыңжаңдағы ұйғыр сепаратистері алаңдатып отырғанын, Ауғанстаннан НАТО әскері шыққаннан кейінгі қауіпсіздікті нығайту мақсатында Қытайдың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарын нығайтып алуды көздейтінін» айтады.

Қытай Орталық Азиядағы көршілерімен бірігіп «үш түрлі бүлікке» қарсы күресуді жоспарлайды. «Олар – сепаратизм, діни экстремизм және терроризм» дейді қытайлық сарапшылар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG