Accessibility links

Қытай Түркіменстаннан жаңа газ құбырын тартпақ


Түркіменстан-Қытай газ құбырын ашу салтанаты. Самандепе, 15 желтоқсан 2009 жыл. Көрнекі сурет

Түркіменстан-Қытай газ құбырын ашу салтанаты. Самандепе, 15 желтоқсан 2009 жыл. Көрнекі сурет

Jamestown қоры маусымның 20-сы күні Қытай үкіметінің Ауғанстан арқылы тартуды жоспарлап отырған жаңа газ құбыры жайлы сараптама мақала басты. Сайттың барлауынша, жаңа құбыр Орталық Азия елдерінің бәріне бірдей тиімді емес.

Jamestown («Джеймстаун») қорының жазуынша, Пекин Ауғанстан мен Тәжікстанның территориясы арқылы Түркіменстан газын Қытайға тарту жайлы жаңа жобаны талқылауға ұсынған. Мамандар Қытайдың жаңа жобасы жүзеге асатын болса оның нәтижесі аймақтағы көрші елдердің болашағына әртүрлі әсер етеді деп санайды.

Мақала авторы болашақта жаңа жобаның аймақтағы елдердің экономикасы мен саясатына қалай әсер ететіні жайлы жеке-жеке тоқталып, жан-жақты сараптама жасаған.

Мамандардың пікірінше, Ауғанстан арқылы тартылатын жаңа жобаның іске асуы ықтимал. Себебі Қытай үкіметі құбырды Ауғанстанның Талибан жайлаған оңтүстік өңірімен емес, керісінше пуштундар сирек қоныстанған солтүстік тарабымен айналдыра тартуды жоспарлап жатыр. Жаңа жобаның бұған дейін АҚШ үкіметі ұсынып келген Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАРІ) газ құбыры жобасынан артықшылығы да осында. Өйткені ТАРІ жоспары бойынша құбырдың біраз бөлігі Ауғанстанның тұтастығын сақтай отырып, Герат, Гильменд, Кандагар өлкесімен және тағы басқа пуштундар тығыз қоныстанған тұрақсыз аймақтар арқылы тартылмақшы болған.
Түркіменстан-Қытай газ құбырында жұмыс істейтін маман. Көрнекі сурет

Түркіменстан-Қытай газ құбырында жұмыс істейтін маман. Көрнекі сурет


Мақала авторының пайымдауынша, ТАРІ жобасына АҚШ экономикалық тұрғыдан ғана мүдделі емес. АҚШ осындай жобалар арқылы аймақтағы ықпалынан айырылғысы келмейді. Мақалада оған дәлел ретінде АҚШ-тың қыруар қаржыны талап ететін «Жаңа Жібек жолы» жобасын көтеріп жүргені де айтылады. Сондықтан да АҚШ бұл жобаларды негізінен қаржылай емес, тек саяси тұрғыда қолдап келеді. Қала берді, Ауғанстандағы тұрақсыздық -ТАРІ жобасына басқадай шетелдік ірі компаниялардың қосылуына ең басты кедергі.

Осындай фактілерді салыстыра отырып, мақала авторы «ТАРІ-ге қарағанда Қытай құбырларының іске асу ықтималдығы әлдеқайда жоғары» деп тұжырымдайды.

Jamestown Ауғанстан арқылы жоспарланып жатқан жаңа құбыр жолына Пәкістан, Үндістан және Ресей сияқты ірі елдердің қаншалықты мүдделі екендігі жайлы да жазған.

Түркімен газының жаңа құбырмен Қытайға құйылуы - Ресейге тиімсіз. Себебі Түркіменстан газы Ресей ұсынған бағадан әлдеқайда арзан. Ресей жылдан-жылға түркімен газын бақылаудан қалып барады. Сондықтан да Шанхай ыгтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитінде Ресей президенті Владимир Путин Сібірде өндіретін Ресей газының бағасына байланысты Бейжіңмен жаңа келіссөздер жүргізуге мәжбүр болған.

Сарапшылардың болжауынша, Ауғанстан-Тәжікстан-Қытай құбыры - Өзбекстан мен Қазақстанға тиімсіз. Себебі жаңа жоба салынса, Қытай жағы бұрынғы Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан газ құбырына толықтай тәуелді болмайды. Соған қарамастан Өзбекстан да, Қазақстан да болашақта Түркіменстан-Қытай құбыры ақылы Қытайға жіберетін газ мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр.

ШЫҰ саммитінде Қытай төрағасы Ху Цзиньтао Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевқа Қазақстанды айналып өтіп, Қытайға тікелей жалғанатын газ құбырын салу жайлы жаңа ұсыныс айтты. Егер осы жобалар болашақта сәтімен іске асатын болса, Қытай Өзбекстан газына тәуелді болмайды. Бірақ әзірше Пекин Тәжікстан үкіметімен бұл жобаға қатысты ресми келіссөзді бастамаған деп жазады Jamestown сарапшылары.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG