Accessibility links

Қытайда журналистер ереуілге шығатын күн туды


"Оңтүстік" газетін қолдап шеруге шыққан демонстранттар. Гуаньчжоу, 8 қаңтар 2013 жыл

"Оңтүстік" газетін қолдап шеруге шыққан демонстранттар. Гуаньчжоу, 8 қаңтар 2013 жыл

Гуандун провинциясындағы "Оңтүстік" атты апталық газет редакциясының "цензураға қарсы наразылығы" күтпеген жерден ұлттық деңгейдегі дебатқа айналды.

Қытайдың ықпалды бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) бірі деп саналатын "Оңтүстік" апталық газеті (қытайша атауы - "Наньфан Чжоумо") цензура нормаға айналған қоғамда ақпаратты ашық, әрі батыл түрде жеткізуші басылым ретінде танылып келген еді.

Газет журналистерінің айтуынша, олар жаңа жылдық демалыстан келіп, жұмысқа шыққан кезде (қаңтардың 3-і күні) конституциялық реформа туралы өзекті мәселеге қатысты басылымға шыққан мақаланың қатты бұрмаланып кеткенін көрген. Шу осыдан кейін көтерілген.

СИДІҢ СӨЗІ ТУДЫРҒАН "КЕТ!" ҰРАНЫ

Әуелі Twitter-ге ұқсас қытайлық "Вэйбо" әлеуметтік желісі мен жекелеген блогтарда интернет қолданушылар Гуандун провинциясындағы үкіметтің үгіт-насихат өкіліне шүйліккен. Қаңтардың 7-і күні наразылық кеңсе алдындағы митингіге ұласқан.

"Оңтүстік" апталық газетін қолдап шеруге шыққан демонстранттар. Гуаньчжоу, 7 қаңтар 2013 жыл.

"Оңтүстік" апталық газетін қолдап шеруге шыққан демонстранттар. Гуаньчжоу, 7 қаңтар 2013 жыл.

Онлайн режимде желілерге жарияланып кеткен суреттерде шерушілер сөз бостандығына, демократия мен саяси реформаға шақырған плакаттар мен ұрандар ұстап тұр. Бұл фотолар көп ұзамай әлеуметтік платформалардан алынып тасталды.

Он шақты академиялық ғылым саласының өкілі мен бас редактор аймақтық үгіт-насихат бөлімі басшысының жұмыстан кетуін талап еткен. Қытайдың Нанкин университетінің студенттері мен басқа да адамдар онлайн режимде қытайша "Кет!" деген плакат ұстап тұрған фотоларын жариялап жіберген.

Кейбір наразылық танытушылар "Оңтүстік" газеті бастаған дискуссияны маңызды реформаларға түрткі болатын тарихи оқиға деп санайды.

Си Цзиньпин былтырғы қараша айында Қытай коммунистік партиясына жетекші болып тағайындалған соң жергілікті журналистер жаңа басшылықтың райын байқап көру үшін өткірлеу репортаждар мен редакциялық мақалалар жариялай бастаған.

Мұндай ақпараттық толқынға себеп болған - Қытай конституциясын қорғауға шақырған Си Цзиньпиннің өзі. Жаңа басшы жемқорлықпен күреске және шенеуніктердің шығынын қысқартуға шақырып, көптің мақтауына ілінген болатын.

"БІРТІНДЕП ӨЗГЕРУ"

Бейжіңдегі Жэньминь университетінің (Қытай халық университеті) журналистика профессоры Чжун Синь ханым "Си Цзиньпин билікке келгелі халық ойын ашық білдіре бастады" деген пікір айтады.

- Өзгерістің болып жатқаны анық. Әртүрлі деңгейдегі өзгеріске қарасаңыз, БАҚ өжеттеу, ал мемлекеттік билік жұмсақтау бола түскендей көрінеді. Халық кейбір мәселелер бойынша батылырақ сөйлей бастағандай, - дейді профессор.

Чжунның сөзінше, бұл оқиғаның қандай өзгеріске түрткі болатынын болжау қиын, бірақ БАҚ-ты басқару тәсілдеріне әсер етуі мүмкін. Алайда Чжун Синь бұл наразылық акциясы революциялық реформаларға ұласпайды, Қытай бірте-бірте өзгергенді қалайды деп санайды.
"Оңтүстік" апталық газетін қолдап шеруге шыққан демонстранттар. Гуаньчжоу, 7 қаңтар 2013 жыл.

"Оңтүстік" апталық газетін қолдап шеруге шыққан демонстранттар. Гуаньчжоу, 7 қаңтар 2013 жыл.


Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралынан еркін көзқарасы үшін қуылған Ли Датун есімді белгілі журналист "Оңтүстік" апталығының әрекеті билікке ақпаратты басқарудың қажеті жоқ деген ой түсіреді" деп үміттенеді.

- Бұл тек қана үгіт-насихат бөлімінің БАҚ-ты қадағалауына ғана қатысты туған мәселе емес. Олар барлық веб-сайттарды, әлеуметтік желілерді бақылап отырғылары келеді. Күн сайын парақшаларды жауып, жойып жатады. Қашанға дейін өстіп отыра бермек? - дейді Ли.

Әзірше күрес жалғасып жатыр. "Оңтүстік" басшыларының айтуынша, олар "Вэйбо" желісіндегі парольдерін біржола билікке тапсырып беруге мәжбүр болған. Ал осы желідегі газет парақшасын үкімет тартып алған.

(Мақала авторы - "Америка дауысы" радиосының Бейжіңдегі тілшісі Вильям Иде)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG