Accessibility links

Guardian: Билік ауысқанымен өзгеретін Қытай жоқ


Солдан оңға қарай: ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, бұрынғы төраға Цзян Цзэминь, премьер-министр Вэнь Цзябао Қытай коммунистік партиясының 18-съезінің ашылу салтанатында тұр. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.
Солдан оңға қарай: ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао, бұрынғы төраға Цзян Цзэминь, премьер-министр Вэнь Цзябао Қытай коммунистік партиясының 18-съезінің ашылу салтанатында тұр. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.

Ұлыбританиялық басылымға пікір білдірген мамандардың сөзінше, елдегі дағдарыс пен тоқырау қаупі халықтың өзгерісті қалайтын талаптарын күшейтіп жіберген.

Guardian («Гардиан») басылымы қарашаның 9-ы күні Қытайдағы биліктің ауысуы жемқорлық жайлап бара жатқан бұл елді ешқандай өзгеріске ұшыратпайтыны туралы жазды.

Мақаласын «Екі күн бұрын АҚШ-та Барак Обама қайта сайланды» деп бастаған автор Қытайдағы билік жүйесінің ерекшелігіне тоқталып: «Мұнда «Бірінші басшы кім болады?» деген сұрақ жоқ. Си Цзиньпин бұдан бірнеше жыл бұрын партия төрағалығына белгіленіп қойған. Ал енді ол болашақта қандай істер атқаруды жоспарлап отыр?» деген сауал қояды.

«ЕЛЕУЛІ ӨЗГЕРІСТЕР БОЛМАЙДЫ»

Қарашаның 8-і күні Қытай коммунистік партиясының Пекинде басталған сьезінде елдің биліктен кеткелі жатқан бас хатшысы Ху Цзиньтао жаңа командаға болашақ саясаттың бағыты туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, партия мықты билікті сақтап қала бермек.

«Бас хатшының 18-съезде сөйлеген сөзіне қарағанда, Қытай саясатында елеулі өзгерістер болмайды» деп болжайды мақала авторы.
Қытай оқушылары биліктен кетіп жатқан Ху Цзиньтаоның сөзін үлкен экраннан көшеде тыңдап отыр. Қытай, Чжуцзи қаласы, 8 қараша 2012 жыл.
Қытай оқушылары биліктен кетіп жатқан Ху Цзиньтаоның сөзін үлкен экраннан көшеде тыңдап отыр. Қытай, Чжуцзи қаласы, 8 қараша 2012 жыл.

Бас хатшы елдегі жемқорлық проблемасына орай:

- Жемқорлықпен лайықты түрде күреспеу партияның тамырына балта шабады. Тіпті партияның ыдырап, мемлекеттің құлауына ықпал етеді. Саяси жетекшілер өздерін қатаң тәртіпке бағындырып, білімдерін жетілдіріп, отбасы мүшелері мен қол астындағы қызметкерлерінің жүріс-тұрысын бақылау керек, - деген.

Ху Цзиньтао ешкімнің де заңнан жоғары тұрмайтынын айтып, «қылмыс жасаған адам әділ жазасын алуы керек» деп, қызмет бабын теріс пайдаланатын басшыларға ескерту жасады.

«БАТЫСТЫҢ ЖҮЙЕСІН ЕШҚАШАН КӨШІРІП АЛМАЙМЫЗ»

Автордың жазуынша, кейбір адамдар биыл көбейіп кеткен түрлі жанжалдан соң, партия басшылары кешенді реформалар жүргізетін болар деп үміттенген. Бірақ Ху Цзиньтао делегаттарға:

- Біз қытайлық бейнедегі социализм туын биік ұстап, бұрынғы «жабық есік» саясатына да ұрынбадық және жүйені өзгертеміз деп қате жолға да түскен жоқпыз. Біз ешқашан да Батыстың саяси жүйесін көшіріп алмаймыз, - деген.
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао коммунистік партияның 18-съезінде сөйлеп тұр. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.
Қытай төрағасы Ху Цзиньтао коммунистік партияның 18-съезінде сөйлеп тұр. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.

Пекин университетіндегі саясаттанушы ғалым Чень Цзымин бас хатшының баяндамасы жайлы:

- Реформадан үміт еткендерге бұл мәлімдеме соққы болып тиді. Ху Цзиньтаоның сөзі «Өзгерістер болмайды. Біз бір орында тұра береміз» дегенді білдірді, - дейді.

Ол мұнымен қатар «Мен бұл жолғы ауыс-түйістен ешқандай да зор өзгеріс күткен жоқ едім. Бірақ бұл жолы тіпті мардымсыз өзгерістер де болған жоқ» деген пікір білдірді.

Чикаго университетіндегі саясаттанушы ғалым Дали Янь Пекиндегі партия жиналысын:

- Бұл партияға арналған шоу сияқты. Мұндағы негізгі шешімдер бұрыннан-ақ қабылданып қойған, - деп сынады.

«ДАҒДАРЫС ПЕН ТОҚЫРАУ ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ»

Ноттингем университетінің Қытай саясатын зерттейтін маманы Стив Цангтің болжауынша, «Қытай жетекшілері алдағы 10 жылда әлемнің екінші ең үлкен экономикасында не болып, не қоятынын шешеді».

- Болашақта кім көтеріледі, не болмаса кім құлайды - мәселе онда емес. Мәселе - олар бірлесіп жұмыс жасай ала ма? Экономиканы қайта құра алатындай жаңа реформалар жасауға қабілетті ме? - дейді ол.
Съезден шығып келе жатқан делегаттар. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.
Съезден шығып келе жатқан делегаттар. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.

Мақала авторының пайымдауынша, Ху Цзиньтао билікті алған соң, Қытайда біршама өзгерістер болған. 2002 жылы экономикалық қуаты жөнінен әлемде 6-орында тұрған ел қазір 2-орынға шықты. Қазір Қытайдағы 1 миллиард 400 миллион халықтың жартысына жуығы қалада тұрады. Қытайдың қуаты әлі де артады.

Guardian-ның жазуынша, Қытайдың саяси басшыларының бірі болған Бо Силайдың ісі әлі де тексеріледі. Бо Силайдың әйелінің британдық кәсіпкер Нейл Нейвудты өлтіруі, саяси жетекшілердің және олардың отбасы мүшелерінің жасаған қылмыстары көпшіліктің наразылығын күшейтіп жіберген. Әзірше Қытайда экономикалық, әлеуметтік және қоршаған ортаға қатысты проблемалар бірнеше жылдан бері шиеленісіп тұр. Енді елдің кері кету қаупі де сезіле бастады. Дағдарыс пен тоқырау қаупіне байланысты халықтың өзгеріс талап етуі күшейе түскен.
XS
SM
MD
LG