Accessibility links

Қытайдың болашақ басшысы шетке шыға бастады


Қытай төрағасының орынбасары Си Цзиньпин Ақ үйде АҚШ басшысы Барак Обамен кездесіп тұр. Вашингтон, 15 ақпан 2012 жыл

Қытай төрағасының орынбасары Си Цзиньпин Ақ үйде АҚШ басшысы Барак Обамен кездесіп тұр. Вашингтон, 15 ақпан 2012 жыл

Қытайдың болашақ саяси жетекшісі, қазіргі төраға орынбасары Си Цзиньпин соңғы аптадан бері халықаралық кездесулер өткізе бастады. Азаттық бүгін Түркияға жол тартқан саясаткердің өткен өмірі мен билікке келу жолдарына үңіліп көрмек.


Қытайдың болашақ саяси жетекшісі Си Цзиньпин өткен аптадан бері жалғасып жатқан шетелдік сапары кезінде АҚШ пен Ирландияда болып, енді Түркияға бет алды. Ақпанның 14-і күні ол Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обамен кездесті.

Обаманың көмекшілері басынан қандай да бір ресми келісім-шарттар жасалады деп күткен жоқ. Бұл жолы екі елдің басшылары бір-бірімен тереңірек танысып, жеке қарым-қатынас орнатуға тырысты. Барак Обама Қытай халық республикасы төрағасының орынбасарына Сирияға қатысты көзқарасын айтып, Бейжіңнің бұл мәселе бойынша ұстанған позициясына көңілі толмайтынын жеткізді. АҚШ президенті адам құқықтары бойынша мәселе көтерген кезде Си Цзиньпин Қытайдың соңғы 30 жыл ішінде адам құқықтары бойынша ғаламат табыстарға қол жеткізгенін айтты да, соңына қарай «әлбетте, одан да жақсарта түсуге болады ғой» деп қосып қойды.
Си Цзиньпиннің сапары кезінде АҚШ азаматтары Тибеттегі саяси жағдайға қатысты наразылық білдіріп тұрды. Вашингтон, 14 ақпан 2012 жыл

Си Цзиньпиннің сапары кезінде АҚШ азаматтары Тибеттегі саяси жағдайға қатысты наразылық білдіріп тұрды. Вашингтон, 14 ақпан 2012 жыл


Ирландия арқылы ақпанның 20-сы күні Түркияға жеткен Қытай саясаткерінің алдынан тағы да бір мәрте «Сирия мәселесі» шықпақ.

Биыл Қытайдың мәдениет жылын атап өтіп жатқан Анкараның Бейжіңмен әскери қорғаныс саласы бойынша бірлесе жасап жатқан бірнеше жобасы бар. Оның бірі - әуе қорғанысы бойынша дамытылып жатқан технология.


ҮЛКЕН СИДІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Си Цзиньпин 2013 жылы төрағалық қызметіне кіріспес бұрын биылғы жылдың соңына қарай Қытай коммунистік партиясының бас хатшысы болып тағайындалмақ.

Солтүстік Қытайдағы партизандық қозғалысты ұйымдастырушылардың және революция жетекшілерінің бірі Си Чжунсюннің бел баласы болғандықтан Цзиньпинді коммунистік партияның «ханзадасы» деп атайды.

Алайда «Мәдени революцияның» кезінде әкесінің басынан бағы таюына байланысты кішкентай Цзиньпин шет аймақтардың бірінде өсуге мәжбүр болады. Солайша өзінің алдында партия басқарған технократтармен салыстырғанда қарапйым қытайлықтардың басына түскен ауыртпашылықтарды көбірек көрген.

Си жауапты қызметке тағайындалысымен жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес бастады. Өзінен бұрынғы басшылармен салыстырғанда нарықтық экономика мен саяси реформаларды ашық қолдайтын саясаткер ретінде танылды.

1959-1962 жылдары экономика құлдырап, ондаған миллион адамның өліміне әкеп соққан «Үлкен секіріс» реформасы кезінде Сидің әкесі Қытайдың премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған.

1960 жылдардың ортасында Си әлі бозбала жасына іліне қоймаған еді. Оның әкесі коммунистік партияның кәріне ұшырап, «бас хатшы Мао Цзедунға берілмеген» деген айыппен қудаланды. Соның кесірінен Сидің әкесі жырақтағы фабрикаға еңбекпен түзеуге айдалып, көп ұзамай 1968 жылы түрмеге қамалады.

БАЛА СИДІҢ ШАРЫҚТАУЫ

Әкесінің қолдауынан айрылып қалған Си 1969 жылы Маоның «Ауылға қарай ағылу» қозғалысы кезінде жұмысқа тұрып, 1971 жылы коммунистік жастар лигасына өтіп, 1974 жылы коммунистік партияға мүше болып қабылданады.

1970 жылдың аяғында Бейжіңдегі Цинхуа университетінің химия инженерлігін оқып шыққан соң, Си Қытайдың орталық әскери комиссиясының бас хатшысы болған, бір заманда өзінің әкесінің қол астында істеген Гэн Биаоның хатшысы болып жұмыс жасап, әскери салада тәжірбие жинақтайды.

Сол кезде Сидің әкесі түрмеден босатылып, Оңтүстік Қытай теңізінің жағасында орналасқан Гуандун провинциясының губернаторы болып тағайындалады.
Си Цзиньпин Фуцзянь провинциясының губернаторы кезінде журналистермен сұқбаттасып отыр. Фучжоу, 23 ақпан 2000 жыл

Си Цзиньпин Фуцзянь провинциясының губернаторы кезінде журналистермен сұқбаттасып отыр. Фучжоу, 23 ақпан 2000 жыл


Жас Сидің саяси карьерасы 1982 жылдан бастап төрт түрлі провинцияда коммунистік партияның жергілікті қызметкері ретінде аймақтық деңгейден бастап өрлей береді.

1985 жылы провинциялық шенеунік дәрежесіндегі Си АҚШ-қа тұңғыш сапар шегеді. Сол сапарында Си Айова штатының ауыл шаруашылығымен айналысатын шағын қалаларын аралап, Лос Анджелеске де барып қайтады.

1987 жылы қытайдың халық әндерін айтатын атақты әнші Пэн Лиюаньге үйленеді. Бұл оның екінші рет үйленуі болатын. Олардың Си Минцзе есімді қыздары 2010 жылдың күзінде Гарвард университетіне бірінші курсқа бүркеншек атпен қабылданған.

Олар үйленген кезде Пэн деген фамилия Қытайдың әрбір отбасына әбден таныс, әрі Си деген есімге қарағанда қытай қоғамында әлдеқайда танымал болатын.

2002 жылы коммунистік партияның орталық комитетінің мүшесі болып, мемлекеттік деңгейде саясатқа араласқанға дейін Сидің саяси соқпағы 1980-1990 жылдар аралығында губернаторлық аймақтағы қызметтердің шарлап өтті.

Time («Тайм») журналы Сиді әлемдегі ең ықпалды адамдардың бірі деп жазды. Ол 2007 жылы вице-президент болды. Ол одан бөлек коммунистік партия хатшылығының жоғарғы мүшесі, орталық әскери комиссияның төраға орынбасары және орталық партия мектебінің президенті қызметін атқарады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG