Accessibility links

Қытай қазақтары шайын Гиннеске енгізді


Гиннестер рекордына енді деп хабарланған Алтай шайына берілген сертификатты ұстап тұрған қазақ қыздар. Сурет Алтай аймақтық әкімдігінің ресми сайтынан алынды

Гиннестер рекордына енді деп хабарланған Алтай шайына берілген сертификатты ұстап тұрған қазақ қыздар. Сурет Алтай аймақтық әкімдігінің ресми сайтынан алынды

Қытайдың Алтай аймағында өткен мал және егін шаруашылығы жәрмеңкесінде жергілікті кәсіпкерлер қазақ шайының 56 түрін дайындап, Гиннесс рекордтар кітабына енгізгені хабарланды.

Шетелдегі ең ірі қазақ диаспорасы – шыңжаңдық қазақтардың Алтайдағы белсенділерінің бірі Серік Әбдіғали жергілікті қолөнершілер мен дәстүрлі кәсіп иелерінің бірқатар өнімдері мен ұлттық қойылымдарын Гиннестің рекордтар кітабына ұсынуға лайық заттар екенін бірнеше жыл бұрын аңғарады. Серік өзі жауапты қызметкер болып жұмыс істейтін Алтай қалалық әкімдігі жыл сайын өткізетін жәрмеңкеге төңіректен жиналған қарақұрым жұрт мереке-думан кезінде ұлттық би билеп, ән салады, өнімдерін саудалайды. Әкімдік 2010 жылы алғаш рет Гиннестің рекордтар кітабының өкілдерін шақырып, бір мезгілде «Жар-жар» биін билеген 17 мың адамды тіркетіп, алғаш рет көзге түседі. Кейін бұл аймақтың ұлттық бояуы қанық мәдени іс-шараларына рекордтар кітабының өзі назар аудара бастайды.

Ал биылғы қыркүйектің 20-сы күні жергілікті қазақ кәсіпкерлер бірлесіп дәл осы жәрмеңкеге шығарған 56 түрлі Алтай шайы көптүрлілігі жағынан Гиннестің рекордтарына тағы ілінгені хабарланды. Биылғы жәрмеңкеде «Алтай қазақтарының шайы» деген атпен ұсынылған өнімнің 56 түрі таныстырылған. Серік Әбдіғали шайдың бұл түрін ірі үш топқа бөледі.

Гиннестер рекордына енді деп хабарланған Алтай шайының түрлері. Сурет Алтай аймақтық әкімдігінің ресми сайтынан алынды

Гиннестер рекордына енді деп хабарланған Алтай шайының түрлері. Сурет Алтай аймақтық әкімдігінің ресми сайтынан алынды

«Біріншісі – дәстүрлі шай. Оған әдетте ішіп жүретін сүт қатылған шайдың түрлері жатады. Олар – қызыл шай, кемпір шай, бала шай деген секілді болып кете береді. Ал екіншісі – мәнерленген шай. Яғни тары салынған, ірімшік салынған, май қатқан, сүйек қосылып қайнатылған шайдың түрлері. Үшіншісі – дәрілік шай түрлері. Оған әртүрлі дәрілік өсімдіктер қосылып қайнатылған шайдың түрлерін жатады» деп сипаттайды Серік Әбдіғали.

Алтай қалалық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің бастығы Серік Әбдіғали Азаттыққа жәрмеңке жергілікті ұлттық өнім дайындаушылар үшін ерекше мүмкіндікке айналғанын айтады.

«2010 жылғы жәрмеңкеде сиыр сүтінен жасалған тағамның 20-дан астам түрі көпшілікке көрсетілді. Қазір сиыр сүтінен жасалған тағамның бұл түрлері «Аңсаты» деген атпен Қытайдың ішкі жағында, сонымен қатар Қазақстан мен Монғолияға саудаға шығарылады» дейді ол.

Соңғы уақытта жәрмеңкеге жергілікті кәсіпкерлер түйе сүтінің өнімдерін де шығара бастаған.

Гиннестер рекордына енді деп хабарланған Алтай шайына сертификат тапсыру сәті. Сурет Алтай аймақтық әкімдігінің ресми сайтынан алынды

Гиннестер рекордына енді деп хабарланған Алтай шайына сертификат тапсыру сәті. Сурет Алтай аймақтық әкімдігінің ресми сайтынан алынды

«Қазақ тарихта түйенің сүтін көбіне шұбат ретінде пайдаланып келді. Ал біздің кәсіпкерлер 2011 жылдан бастап түйе сүтінен 37 түрлі тағам түрін өндіруді қолға алды» дейді Серік Әбдіғали.

Биыл Алтай аймағында өткен дәстүрлі жәрмеңкеде елді елең еткізген тағы бір жаңалық – 176 келі тартатын қазақы қошқардың аса жоғары бағалануы болатын. Әлеуметтік желілерде «Алтай аймағында тегене құйрық қошқар 176 килограмм тартып, 128 мың қытай юанына (21 мың АҚШ долларындай) сатылды» деген ақпарат тараған. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары бұл мәліметке күмән келтірсе, енді бірі таң қалысқан.

Жәрмеңке ұйымдастырушыларының бірі Серік Әбдіғали Азаттық тілшісіне қошқардың салмағы мен тұқымы туралы мәліметті растады.

«Сатылған атан қошқар ешқандай қоспасыз, тегене құйрық, арқар тектес таза қазақы қойдың тұқымы» деді ол.

Қытайдағы Шыңжаң қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енуі бір бұл емес. Бұған дейін «Кеңес» күйін 10 мың шыңжаңдық қазақтың жиналып, бір мезетте тартуы рекорд ретінде тіркелген. Әлемдегі ең кішкентай домбыра жасаған шебер де осы өлкеден шыққан. Шыңжаңдық қазақтардың 1000 метрлік қазы жасау арқылы да рекорд тіркегені хабарланған.

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Алтай аймағында 650 мың адам тұрады, соның 230 мыңы Алтай қаласын мекен етеді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG