Accessibility links

Шыңжаңдағы дәстүрлі қазақ күйшілерінің көзі


Отызға жуық күйі Қытай қазақтарының ішінде кеңінен тараған күйшінің әлі бір де бір күйі нотаға түспеген. Насихатты ұнатпайтын өнер иесі мал бағып, тауда оңашалануды әдет қылған.

Қытайдың Іле автономиялық аймағына қарасты Құттыби ауылында тұратын Төлеухан Сүттібайұлы атты дәстүрлі күйшінің бар екенін естігеніне бірнеше жыл болған Азаттық тілшісі өнер иесімен жүздесуді біраз күтіп жүрді. Жасы 68-ге келген қария биылғы жазда қонақшылап Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жарма ауданындағы туыстарына келіп жатқан кезінде жолығудың сәті түсті. Қазақ үйдің төрінде алқақотан отырған жұрттың алдында күй тартып отырған ақсақалды сөзге тарту үшін күтіп біраз отырдық. Әр күйін тартарда тарихына жеке тоқталып, жұртты әңгімесіне ұйытып отырған Төлеухан күйші 5-6 күй тартқан соң «Араларыңда өнері бар жігіттер болса, домбыраны ұстаңдар. Көпшілік өзгелердің де өнерін тамашаласын» деп домбыраны ортаға қарай ұсынды. Осы тұста сөзге араласып қарияны әңгімеге тарттық.

Төлеухан Сүттібайұлының айтуынша, 30-ға тарта күй шығарса да, бір де бір күйі нотаға түспепті. Өзі ғұмыр бойы малшылықты кәсіп етіп келеді. Шыңжаң қазақтарының арасында танымал дәстүрлі күйшіні Қазақстанда көп ешкім білмейді.

«БҰРЫН ЕСТІМЕГЕН ТЫҢ КҮЙ»

Күйші домбыраны 10 жасынан тарта бастаған. Оның сөзінше, бала күнінде Іле аймағындағы өзі бақсы, әрі күйші Нұрғали деген белгілі адам қарағайдан жасалған домбырасын ұсынып, батасын берген.

- Көрші Манас ауданына қарасты Тасырқай ауылында нағашыларым тұратын еді. Асқан домбырашылар болды. Солардың ішінде Сағыбек атты нағашым текенің мүсінін ағаштан ойып алып, күймен бірге ойнатып отыратын еді. Менің домбыра ұстауыма осы кісі түрткі болды, - деді күйші.

Көне домбыра түрлері

Көне домбыра түрлері

Азаттық тілшісі жазып алған Төлеухан күйшінің «Дастархан» атты күйін тыңдаған белгілі қазақстандық күйтанушы Мұрат Әбуғазы бұл шығарманың «Іле мектебіне тән сарынды, бірақ бұрын-соңды естімеген тың күй екенін» айтты.

- Қытай қазақтарының күйі негізінен Іле, Тарбағатай және Алтай мектебі болып үшке бөлінеді. Күйшінің домбыра қағысынан, күй сарынынан күйді осы үш мектептің біріншісіне жатқызамыз. Күйдің өнбойынан ескі халық күйлеріне тән сарынды аңғаруға болады. Бірақ бұл «халық күйі» деген сөз емес. Ең бастысы осы уақытқа дейін бізге белгісіз болып келген бір күйшінің табылуы. Бұл күйшінің күйлері болашақта зерттеуді қажет етеді, - деп сөзін түйіндеді ол.

«КҮЙЛЕРІН ӨЗГЕЛЕР ПАЙДАЛАНЫП КЕТІП ЖАТАДЫ»

Азаттыққа Құттыби ауылының байырғы тұрғындарының бірі екенін айтқан Азат есімді ақсақал «Төлеуханның күйлері радиодан ойналмаса да, ол Шыңжаңға белгілі күйші» деп есептейді.

Домбыра тартып отырған шыңжаңдық қазақтар. www.chinanews.com сайтының суреті

Домбыра тартып отырған шыңжаңдық қазақтар. www.chinanews.com сайтының суреті

Азат ақсақал Азаттыққа өзінің жерлесі туралы мақтана тұрып әңгімеледі.

- Осыдан 20 жыл алдында ғой деймін, тұңғыш рет Іле аймақтық мал шарушалығы ойыны (жәрмеңкесі – ред.) болды. Сонда Төлеухан жұрт алдында «Ортеке» күйін (текенің ағаштан ойылған мүсінін күймен бірге секіртіп ойнату – дед.) мәнерлеген түрде шертті. Бұрын ондайды ешкім көрмеген еді. Тіпті ханзулардың (қытайлар – ред.) өзі ауыздарын ашып қалды. Бүгінде оны Шыңжан өлкесі түгел таниды, - деді күйшінің жерлесі.

Өзін «Қанат» деп таныстырған Төлеухан күйшінің ауылдасының айтуынша, күйшінің өзі Шыңжаңдағы ел ішінде танымал болғанымен күйлері қағазға түспегендіктен өзгелер иемденіп кетіп жататын оқиғалар болып тұрады.

Шәкен Айманов ұстаған дәстүрлі домбыра түрі.

Шәкен Айманов ұстаған дәстүрлі домбыра түрі.

- Бұл кісі (Төлеухан Сүттібайұлы – ред.) өте жуас адам. Үнемі тауда малда жүргендіктен өнерін ел алдына көрсетуге асықпайды. Соны кейбіреулер пайдаланып, бұл кісінің күйлерін өз аттарынан шығарып жіберіп жатады. Оны да көзіміз көрген кез болды, - дейді күйшінің ауылдасы.

Күй – қазақ халқының музыка аспаптарында тартылатын шағын инструменталдық пьеса. Ұзақтығы орташа алғанда 3-4 минутқа созылады. Дәстүрлі домбыра күйлері ырғағы мен тартылу техникасына қарай төкпе және шертпе күйлер болып бөлінеді. Ал географиялық таралу ерекшелігіне қарай Маңғыстау күйлері, Қаратау күйлері мен Алтай күйлері сияқты мектептерге және бөлінеді. Соңғы жылдары Қазақстанда шығарылған дәстүрлі күй антологияларына шетелдегі қазақ диаспорасы мен ирредента күйлері де кіргізіле бастады. Қазақстанда да, шетелде де дәстүрлі қазақ күйшілерінің саны күрт азая бастады. Консерваторияда академиялық музыкалық білім алған домбырашы-күйшілер кезінде музыкатанушы ғалым Ахмет Жұбанов қалыптастырған заманауи 19 пернелі аспапты тартады. Ал күйді тек тыңдау арқылы жаттайтын, арнайы білімі жоқ дәстүрлі күйшілердің көпшілігі 9-14 пернелі домбыра ұстайды, арасында заманауи домбыра тартатындары да бар.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG