Accessibility links

«Орталық Азияға таласта АҚШ-ты Қытай жеңеді»


ҚХР (Қытай) төрағасы Ху Цзиньтао мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Пекин, 22 ақпан 2011 жыл.

ҚХР (Қытай) төрағасы Ху Цзиньтао мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Пекин, 22 ақпан 2011 жыл.

National Interest («Нэшнл Интерест») басылымы Қытайдың Орталық Азияға күшейіп келе жатқан ықпалы жайлы мақала басты. Мамандар «Қытай – ықпалын теңізде емес, құрлықта күшейткен ежелгі империя» дейді.

Қазанның 29-ы күні шыққан мақаланың басында АҚШ президенті Барак Обаманың 2011 жылы Азия нарығы мен Тынық мұхиты елдеріне қатысты мәлімдемесі берілген.

Обама «АҚШ өзінің қазіргі геосаяси векторын Таяу Шығыс пен Еуропа бағытынан Азия мен Тынық мұхиты елдеріне бұрады» деген еді. Обаманың осы мәлімдемесіне қарап, АҚШ-тың Азия аймағында күшейіп келе жатқан Қытай ықпалымен бәсекеге түсуге бел байлағанын білуге болады.

Автор «Осы бәсекеге кіріскен АҚШ қазір қаншалықты дұрыс қадамдар жасап жатыр?» деген сауал қояды.

«ҚЫТАЙ ШЫН ҚУАТЫН ҚҰРЛЫҚТА КӨРСЕТЕДІ»

Басылымның жазуынша, америкалық стратегтер «АҚШ пен Қытайдың қарым-қатынастары «қырғи қабақ» соғысқа ұласатын болса, бұл АҚШ үшін бір кездері СССР-мен тірескендегідей қиын болмайды. Қытайды бақылауда ұстау үшін АҚШ-қа теңіз флотын күшейтсе жетіп жатыр» деп есептейді.
АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) мен ҚХР (Қытай) төрағасының орынбасары Си Цзиньпин (сол жақта). АҚШ, Вашингтон, 14 ақпан 2012 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама (оң жақта) мен ҚХР (Қытай) төрағасының орынбасары Си Цзиньпин (сол жақта). АҚШ, Вашингтон, 14 ақпан 2012 жыл.


Алайда автор «Осы арада назардан тыс қалған бір факт бар» дейді. Ол факт – «Қытай ықпалының теңізде емес, құрлықта күшейіп жатқаны. Қытай ықпалын мұхит арқылы күшейтуге тырыспайды. Пекин қазір Орталық Азияға ентелей еніп барады».

Мақала авторы дәлел ретінде Қытай армиясының генералы Лю Ячжоудың «Орталық Азия - Құдайдың Қытайға берген үлкен сыйы» деген сөзін еске салады.

Автордың ойынша, «Қытай - ықпалын құрлықта жүргізетін империя».

Қытай ықпалын қазір АҚШ-тың теңіз флоты мен Вашингтонның одақтастарынан алыстау жатқан Еуразия құрлығына жүргізгісі келеді. Оның үстіне Орталық Азия құрлықтағы тағы бір қуатты ел - Үндістаннан да қашық жатыр. Автор «Осыған қарағанда, АҚШ саясаткерлері «Орталық Азия аймағы - АҚШ үшін ең маңызды геосяаси зона» деп дәлелдеуге тырысқан Нэлфорд Макиндердің пікірімен санасуы керек сияқты» дейді.

Автор «Егер АҚШ Қытайдың геосаяси және стратегиялық бағытын дұрыс болжағысы келсе, Қытайдың Орталық Азияда күшейіп бара жатқан ықпалына барынша назар аударуы керек» деген пікір айтады. Мақалада «Алда-жалда АҚШ пен Қытай арасында қақтығыс бола қалса, Қытай Орталық Азиядағы ықпалын сақтау үшін өзінің шын қуатын құрлықтағы әскерімен көрсететіні» туралы болжамдар айтылған.

«ҚЫТАЙ БАТЫСҚА БЕТ АЛДЫ»

National Interest Қытайдың көне тарихына үңіліп, оның ешқашан да басқа елдерге мұхит арқылы ықпал етпегенін жазады. Қытай императорлары маңайдағы елдерге ықпалын арттыруға күш салған. Қазір экономикасы күшейіп бара жатқан коммунистік Қытай да Евразия құрлығындағы үстемдік үшін жанталасып жатыр.
Үрімжідегі ұйғыр көтерілісінен түсірілген сурет. Қытай, Үрімжі, 7 шілде 2009 жыл.

Үрімжідегі ұйғыр көтерілісінен түсірілген сурет. Қытай, Үрімжі, 7 шілде 2009 жыл.


Мақала авторының пайымдауынша, Қытай қазір қазба байлықтарды игеру үшін Орталық Азияға назар аударып отыр. Пекин осы мақсатта Қытайдың батысындағы тынышсыздау аймақ - Шыңжаң өлкесін дамытуды қолға алды. Бұл өлке - табиғи қазба байлықтарға бай болғанымен, ұлтаралық қақтығыстар да болып тұратын аймақ.

Мақала авторы «2009 жылы шілде айында болған ұйғырлар мен қытайлар арасындағы қанды қақтығыстан соң, Пекин Шыңжаңда түбегейлі реформа жасауға кірісті» деп жазады. Билік өлкенің бұрынғы басшыларын тәжірибелі басшылармен алмастырды. Іле-шала Шыңжаң өлкесіне басқа бай провинциялардан экономикалық донорлар шақырылып, Орталық Азия елдерімен арадағы шекарада Қашғар (Шыңжаңның оңтүстік жағында) және Қорғас (Қазақстанмен шекаралас аумақта) сияқты «ерекше экономикалық зоналар» ашылды. Осының арқасында бұл аймақтың экономикасы күрт көтерілді.

«КОНФУЦИЙ ИНСТИТУТТАРЫ»

Шыңжаңда теңіз жолы болмағандықтан, бұл өлке Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей және Моңғолия сияқты көршілерімен бейбіт жағдайда сауда-саттық жасағанда ғана тұрақты дами алады. Осы мүддені көздеген Қытай Орталық Азия елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқысы келеді. Бұл аймаққа (Орталық Азияға – ред.) Ресейдің ықпалы қазір айтарлықтай әлсіреген. Ал АҚШ әскері таяуда Ауғанстаннан кетуге дайындалып жатыр. Сондықтан Орталық Азиядағы Қытай басымдығы айқын білініп келеді.

Қазірдің өзінде бұл елдерде Қытай үкіметі қаржыландыратын қытай тілі мен мәдениеті орталықтары айтарлықтай көбейген. Экономикалық тұрғыда да Қытай Қазақстанмен жақын әріптеске айналды. Қазір Қытайдың мұнай өндіретін CNPC компаниясы Қазақстанның мемлекеттік «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, Каспий теңізінде мұнай игеріп жатыр. Қытай табиғи ресурстарды игеру үшін Түркіменстанмен де, Ауғанстанмен де тиімді келісім-шарттар жасасып үлгерді.
Алматы-Қапшағай жолының бойында мұнай құбырын салып жатқан қытайлық компания. 9 шілде 2008 жыл

Алматы-Қапшағай жолының бойында мұнай құбырын салып жатқан қытайлық компания. 9 шілде 2008 жыл


Мақала авторының ойынша, Қытай Орталық Азия елдерімен мәдени байланысты нығайтуға да тырысып жатыр. Қытайдан бұл елдерге оркестрлер мен театр ұжымдары да жиі келе бастаған.

Одан бөлек, Пекин Конфуций орталықтарын ашу арқылы қытай тілін тегін үйрету жобаларын жүзеге асырып отыр. Қазір Конфуций орталықтары Орталық Азияның барлық елдерінде жұмыс істейді.

«Алматы мен Астанада орналасқан оқу орындары Қытай оқу орындарымен бірлесіп, білім жүйесін жетілдіріп жатыр» деп жазады National Interest.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG