Accessibility links

Қырғызстанда қытай жұмысшылары көбейді


Қырғызстанның Шу облысында электр станциясы құрылысын салып жатқан қытай жұмысшыларлы. 1 тамыз 2012 жыл.

Қырғызстанның Шу облысында электр станциясы құрылысын салып жатқан қытай жұмысшыларлы. 1 тамыз 2012 жыл.

Жүз мыңдаған қырғыз азаматы жұмыс іздеп Ресей мен Қазақстанда жүргенде, елдегі жұмыс орындарында қытайлардың көбеюі басқаларды таң қалдырады.

Өз отанынан жұмыс таппай қиналған адамдар күнкөріс қамы үшін шетел асуға мәжбүр. Ал Қытай азаматтары қалайша жергілікті жұмыс күшіне айналып шыға келді? Қырғызстандық жұмысшылар мен белсенділер үкіметке осындай сауал қояды және елдегі жұмыс орындарын Қырғызстан азаматтарына беруге шақырады.

ҚЫРҒЫЗДАРДЫ ЕҢБЕК МИГРАНТЫ БОЛУҒА НЕ МӘЖБҮРЛЕЙДІ?

Қырғызстанның шығысындағы Нарын өлкесінің Кочкор ауданында тұратын азаматтық белсенді Урматбек Шергазиев былай дейді: «Қарапайым қырғыз азаматы биліктің жұмыс квотасын шетелдіктерге не себептен ұсынатынын түсінбейді. Сол жұмыс орнын иеленуге ынталы адамдар жеткілікті, бірақ компаниялар оларды қызметке алмайды. Ресейде тентіреп, жұмыс іздеп қорланғаннан көрі, өз елінде еңбек еткенді бәрі қалайды».

Қырғызстанның бұрынғы миграция министрі Айгүл Рысқұлова.

Қырғызстанның бұрынғы миграция министрі Айгүл Рысқұлова.

Еңбек, миграция және жастар министрлігінің дерегі бойынша, Қырғызстанның квота жүйесі бойынша тіркелген шетелдіктердің 70 пайызын қытайлар құрайды, жылына шамамен 13 мың шетелдік азамат Қырғызстанға келіп еңбек етеді.

Бішкектегі Қытай елшілігінің дерегіне сәйкес, 20 мыңға жуық қытай мигранттары қытай-қырғыз бірлескен компаниялары мен базарларда, мейрамханаларда және басқа орындарда еңбек етеді. Бірақ Қырғызстанның бұрынғы миграция министрі Айгүл Рысқұлованың айтуынша, елдегі қытай жұмысшыларының нақты саны 50 мыңға жетеді.

«Жұмыссыздық деңгейі жоғары, жалақысы төмен Қырғызстан үшін бұл өте көп көрсеткіш» дейді сарапшылар. Халқының саны 5,5 миллионды құрайтын елдің 500 мыңға жуық тұрғыны жыл сайын жұмыс іздеп Ресей мен Қазақстанға ағылады.

Қырғызстанның Ош облысында жұмыс істеп жүрген Қытай азаматтары. 9 қаңтар 2013 жыл.

Қырғызстанның Ош облысында жұмыс істеп жүрген Қытай азаматтары. 9 қаңтар 2013 жыл.

Ресми өкілдер елдегі жұмыссыздық деңгейі 8 пайызды құрайды дейді, бірақ Бішкек экономисі Азамат Ақелеев бұл статистикаға күмәнмен қарайды.

«Ресейде жұмыс істейтін мигранттар сияқты маусымдық қызметке жалданған адамдар толық жұмыспен қамтылған адам ретінде есептелді. Бірақ олар елден жұмыс болмаған соң кетті ғой» дейді маман.

«ҚЫТАЙЛАР ЕҢБЕКҚОР, АЛ ҚЫРҒЫЗДАР ЖЕҢІЛ ЖОЛ ІЗДЕЙДІ»

Бірақ «жергілікті тұрғындар бас тартқан жұмыстарды ғана шетелдіктер атқарып жүр» деп санайтындар да бар. Еңбек, миграция және жастар министрлігінің баспасөз хатшысы Досқұл Бекмұрзаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне «көптеген тұрғындар аз уақыт ішінде көбірек қаржы табатын Ресей сияқты елдерге маусымдық жұмысқа барғанды қалайды» дегенді айтты.

Бішкек-Торугарт тас жолындағы жүк автокөліктері. 12 қараша 2013 жыл.

Бішкек-Торугарт тас жолындағы жүк автокөліктері. 12 қараша 2013 жыл.

«Егер қытай-қырғыз біріккен жобасы бойынша салынып жатқан Ыстықкөлдің Бішкек-Торугарт автожолы арқылы жүрсеңіз, қытайлық жұмысшылардың таңертең ерте жұмыс бастайтынын және еңбек шартының ауыр екенін көресіз. Сондықтан да біздің азаматтар Ресейде еңбек еткенді дұрыс санайды» дейді ол.

Кейбір жұмыс орындарын шетелдік қызметкерлер шетел компаниясының келісім-шартына сай иеленеді. Көлік және коммуникация министрлігінің шетелдік инвестиция бөлімін басқаратын Сұлтан Сарығаевтың айтуынша, қытай инвесторлары әдетте «белгілі бір біліктілікті қажет ететін қызметтерге өз мамандарын ала келеді».

«Жергілікті тұрғынды жалдай салу оңай емес. Қытайлар өз жабдықтарының тілін білетін инженерлер, бақылаушы сияқты білікті мамандарын ерте келеді» дейді ол.

Сарғаевтың сөзіне сенсек, қырғыз-қытай жобасы бойынша жұмыстың 70 пайызы қытай азаматтарына, ал 30 пайызы жергілікті тұрғындарға арналған.

Қытаймен бірлесіп салған Қарабалта мұнай өңдеу зауыты. Қырғызстан, 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытаймен бірлесіп салған Қарабалта мұнай өңдеу зауыты. Қырғызстан, 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Еңбек, миграция және жастар министрі Әлиясбек Әлімқұлов «қытай инвесторларымен арадағы әрбір келісім-шартқа жергілікті қызметкерлердің мүддесін ескере отырып қол қойылды» дейді.

Қырғызстан Қытаймен бірлесіп Бішкектің батысында Қарабалта мұнай өңдеу зауытын, Шу облысының солтүстігінде электр тасымалдау станциясын салып жатыр.

«Осылардың бәрінде жергілікті қызметкерлер жұмыс шарты ауыр, жалақы аз деп қызметтен кетіп жатыр» дейді министр.

Бақыт Асанов пен Фарангиз Наджибулланың мақаласын аударған – Динара Әлімжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG