Accessibility links

Биліктің конституцияға енгізбек өзгерістері қарсылық тудырды


Оппозиция шеруіне қатысушылар. Баку, 11 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Оппозиция шеруіне қатысушылар. Баку, 11 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Әзербайжан белсенділері конституцияға енгізілмек өзгерістерге Венеция комиссиясының құқықтық баға беруін сұрап Еуропа кеңесіне жүгінді. Олар даулы өзгерістер елде монархиялық жүйе қалыптастыруға бағытталған деп санайды.

Әзербайжандағы адам құқықтарын қорғаушы белсенділер Еуропа кеңесі бас хатшысы Торбьерн Ягландқа жазған хатында қыркүйектің 26-сы күні бүкілхалықтық референдум арқылы конституцияға енгізілгелі жатқан өзгерістер демократияға қайшы келеді әрі қазіргі президент Илхам Әлиевтің өмір бойы билікте қалуына жол ашады деп санайтындарын айтқан.

Мәселен, бұл өзгерістер президент өкілетінің мерзімін бес жылдан жеті жылға ұзартып, оның бірінші вице-президент пен вице-президентті тағайындауына және парламентті таратуына мүмкіндік береді. Оның үстіне президенттікке кандидатқа қойылатын ең төменгі жас шегі (35 жас) алынып тасталады, ал парламентке сайлану үшін бұрынғыдай 25 жастан асу міндетті емес. Өзгерістер қабылданса, онда азаматтар 18 жастан бастап депутаттыққа кандидат бола алады. 2003 жылы күзде әкесі Гейдар Әлиевтің орнына Әзербайжан президенті болып сайланған Илхам Әлиев содан бері билікте отыр. Оның ұлы Гейдар қазір 19 жаста.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (оң жақта) пен оның ұлы Гейдар.

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев (оң жақта) пен оның ұлы Гейдар.

Өтінішке бес адам – азаматтық белсенділігі үшін ойдан шығарылған қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылып, түрмеге жабылған, кейін рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан Интигам Әлиев, Расул Жафаров, Анар Мамедли, Лейла Юнус пен 2015 жылы елден кетіп, Әзербайжан азаматтығынан айырылған, «Журналистердің бостандығы мен қауіпсіздігі институтының» басшысы Эмин Гусейнов қол қойған. Олар конституцияға енгізілмек кей өзгерістердің демократия, адам құқықтары және заң үстемдігі сияқты Еуропа кеңесінің басты принциптеріне қайшы келетінін айтады. Хат авторларының айтуынша, бұл өзгертулер қабылданған жағдайда билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдік бұзылып, бар билік президенттің қолына шоғырланған «демократияға қайшы» жүйе орнығады.

Сонымен бірге олар «Әзербайжан басшылығы халыққа бұл өзгертулердің қандай себеппен енгізіліп жатқанын және олардың салдары қандай болатынын түсіндірген жоқ» дейді. «Қазіргі режимнің сыни пікірге деген наразылығы, баспасөзді, сөз және жиын бостандығын шектеуі кесірінен ұсынылған өзгерістерді таразыға салып бағалау, референдумның алдында сайлаушыларды оның нәтижелерімен таныстыру мүмкін емес», - деп жазады олар.

Еуропа кеңесінен әзірше ресми жауап болған жоқ.

Әзербайжанның Turan ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Венеция комиссиясының есімін атамаған өкілі «тек ресми үкіметтен өтініш түскенде ғана заңдарға құқықтық баға береміз» деген.

Конституцияға енгізілмек өзгерістерге наразылық шеруіне қатысушылар. Баку, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Конституцияға енгізілмек өзгерістерге наразылық шеруіне қатысушылар. Баку, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Өкіметтің конституцияға енгізілетін өзгерістерді тез арада қабылдауға тырысып жатқанына оппозициялық партиялар да наразы. «Өзгерістер қоғамның ашық талқысынан өткен жоқ, президент Илхам Әлиевтің ұсыныстарын қарап, мақұлдаған Конституциялық соттың отырысы бар-жоғы екі сағатқа созылған» дейді оппозициялық партия өкілдері. Қыркүйектің 5-інде жасаған мәлімдемесінде оппозициялық «Мусават» партиясы негізгі заңға енгізілмек өзгерістер елде монархиялық билік жүйесін енгізуі мүмкін деген болжам жасады және өкіметтің бұл өзгерістерді халыққа мүлде түсіндірмегенін айтты.

«Әзербайжанның Халық майданы» референдумға бойкот жариялауды ұсынды.

Ал Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясы конституцияға енгізілмек өзгерістерге қарсы үгіт-насихат жүргізу үшін «Мусават» партиясы құрған қозғалысты тіркеуден бас тартты. Оған себеп – топты құруды қолдаған 41 мың адамның қолының «3500-і жарамсыз» болып шыққан.

«Республикалық балама» қозғалысы құрған және бір топ басшылары Натик Жафарли мен екі белсендісінің тұтқындалуына байланысты конституцияға енгізілетін өзгерістерге қарсы үгіт-насихаттарын тоқтататынын тамыздың 23-інде хабарлаған. Бұған қоса полиция бұл топтың 100 мыңға жуық парақшасын тәркілеген.

Есесіне Орталық сайлау комиссиясы конституцияға енгізілетін толықтыруларды қолдайтын үш бірдей үкіметшіл топты тіркеуге алды. Оның үстіне комиссия 26 қыркүйектегі дауыс беруді бақылайтын 37429 еріктіні және сайлау комиссиясының жұмысын қадағалайтын 846 бақылаушыны тіркеген.

Наразылық шеруіне қатысушылар Әзербайжан түрмесінде отырған белсенділердің суретін ұстап тұр. Баку, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Наразылық шеруіне қатысушылар Әзербайжан түрмесінде отырған белсенділердің суретін ұстап тұр. Баку, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Қыркүйектің 6-сында «Азадлык» тәуелсіз басылымы уақытша шықпай қалған соң конституцияға енгізілетін өзгерістерге, референдум науқанына қатысты сыни пікір тіпті азайып кетті. Газетті таратып, сатумен айналысатын мемлекеттік компаниядан 42 мың доллар берешегін ала алмаған тәуелсіз басылым мемлекеттік баспаханаға қарызын өтей алмай жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. 1989 жылы негізі қаланған «Азадлык» басылымы оппозициялық «Әзербайжанның халық майданына» жақын газет саналады.

«Азадлык» бас редакторының орынбасары Рахим Гажиев Әзербайжан билігі елдегі соңғы тәуелсіз басылымдарды жауып тыну үшін бар күшін салып жатыр дейді. Биыл жазда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды орнынан кетіру әрекеті кезінде АҚШ-та тұратын діни тұлға Фетхулла Гүленді қолдады деген айыппен шілде айында тәуелсіз ANS TV телеарнасының лицензиясын алып қойған. Ресми Анкара іске аспай қалған төңкерісті ұйымдастырған деп Фетхулла Гүленді айыптайды. Гүлен бұл айыптауды жоққа шығарады.

Лиз Фуллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG