Accessibility links

Жер бетіне қауіп төндіріп тұрған ғаламдық жылыну проблемасы Копенгагенде талқыланады


Копенгаген алаңындағы мұздан жасалған ақ аюдың мүсіні. 5 желтоқсан 2009 жыл.

Копенгаген алаңындағы мұздан жасалған ақ аюдың мүсіні. 5 желтоқсан 2009 жыл.

Бүгін Копенгагенде ғаламдық ауа-райының өзгеруіне қатысты БҰҰ конференциясы басталады. 12 күнге жалғасатын жиында алдағы онжылдықта орташа ғаламдық температураның өсу мүмкіндігін тоқтату үшін стратегия жасалады деген үміт бар.

ТІРШІЛІККЕ ТӨНГЕН ҚАУІП

Ауа-райының өзгеруіне қатысты халықаралық конференция ғылыми-фантастикалық триллердің барлық элементтеріне ие.

Бұл халықаралық кездесу бүкіл ғаламшарға төніп тұрған қауіптің алдын-алуға бағытталған стратегияны жасауға ниеттеніп отыр. Егер көптеген ғалымдардың айтқандары дұрыс болса, онда бұл қауіп әрбір онжылдық сайын өсуде.

БҰҰ-ның болжамына сәйкес, егер көмір қышқыл газының ауаға тарауы қазіргідей деңгейде жалғаса берсе, осы ғасырда әлемнің орташа температурасы Цельсий бойынша 3 градусқа көтерілмек.

Бұл өз кезегінде ауа-райының тым қатты өзгеруіне әсер етеді, яғни жер бетінде дауылдар мен құрғақшылық болуы мүмкін. Сонымен қатар теңіз деңгейі өсіп, су тасқыны көбеюі ықтимал.

Мұндай қорқынышты сценарийдің алдын-алу үшін әлем елдері мен ғалымдар ғылыми мақсатпен бүгін Копенгагенге жиналды.

Олар алдағы онжылдықта ең жоғарғы температураның 2 градустан көтерілмеуіне кепілдік бергісі келеді. Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэль Баррозу өткен айда Бейжіңде сөйлеген сөзінде былай деп мәлімдеді:

«Біз табиғат заңдары мен ғылымға қарсы тұра алмаймыз. Ғылымға сәйкес, біз ғаламдық температураның екі градустан артық көбеюін қабылдай алмаймыз».

АҚШ ПЕН ҚЫТАЙ КИОТО ХАТТАМАСЫН БЕКІТПЕЙ ОТЫР

Бірақ көмір қышқыл газы тарауының қауіпін адамдардың көбі түсінсе, бұл проблеманы шешуде жеке елдер өздерінің қаншалықты роль атқаруы керектігінде бір ымыраға келе алмай отыр.

Копенгаген жиынындағы күрделі мәселелердің бірі АҚШ сияқты дамыған елдер мен Қытай сияқты дамып жатқан мемлекеттерді алдағы онжылдықта көмір қышқыл газ таратуларын айтарлықтай азайтуына көндіру болмақ.

Конференцияда әсіресе АҚШ пен Қытайға үлкен назар аударылмақ. Атмосфераның ластануына ең көп үлес қосатын бұл екі ел 2012 жылы аяқталатын ғаламдық көмір қышқыл газының таралуын азайту жөніндегі Киото хаттамасына қол қоймаған.

Бейжің мен Вашингтон өз еркімен көмір қышқыл газының таралуын азайтуға ниеттеніп отырғандығын жариялады.

Мәселен АҚШ үкіметі 2020 жылға дейін газ эмиссиясын шығару деңгейін 17 пайызға қысқартуға уәде етті.

Бірақ бұл туралы заңнама Конгреске тапсырылған, ол Барак Обаманың Копенгагендегі конференцияға қатысуының алдында мақұлданбайтын да шығар. Сондықтан Вашингтонның халықаралық конференцияда өз міндеттемелерін қалай көрсете алатындығына күмән туып отыр.

Ал Қытай болса газ эмиссиясын шығару деңгейін 2020 жылға дейін 40-45 пайызға қысқартуға уәде етті. Алайда көптеген сарапшылар Бейжіңнің болжамына күмән келтіріп отыр.

Копенгагендегі жиынға кемінде 65 мемлекеттің басшылары немесе үкімет жетекшілері қатысады. Олардың арасында АҚШ президенті Барак Обама бар. Ақ үйдің хабарлауынша, Обама ғаламдық ауа-райының өзгеруіне қатысты халықаралық саммиттің соңына қатысады. Оның алдында Обама дүйсенбі күні Копенгагендегі саммиттің басына қатысады деп жоспарланған болатын. Ақ үйдің айтуынша, басқосудың алдындағы келіссөздердің серпіні Барак Обаманы ынталандырған.

Дания премьер-министрі Ларс Локке Расмуссен Обаманың шешімін құптап қарсы алып, ол маңызды келісімнің жасалуына алып келуі мүмкін деп атап көрсетті.

ЖЕРДЕГІ ТІРШІЛІК ҒАЛАМДЫҚ ЖЫЛЫНУ ПРОБЛЕМАСЫНА ТӘУЕЛДІ

Халықаралық конференцияға сондай-ақ жүздеген үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен қызығушылық танытып отырған топтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады.

Жиын алдында қоғамның назары ғаламдық ауа-райының жылыну қауіптеріне ауып отыр.

Желтоқсанның 4-інде Непал үкіметі әлемдегі ең биік Эверест тауына жақын жерде отырысын өткізді. Непал ғаламдық ауа-райының жылынуы Гималай тауларындағы мұз қоймаларына әсер етіп, аймақтағы су тасымалы проблемасына алып келеді деп қауіптенеді.

Непал премьер-министрі Мадхав Кумар журналистердің алдында сөйлеген сөзінде былай деп мәлімдеді:

«Бұл проблеманы жеңілдетуде бүкіл әлем бірігуі тиіс. Сондықтан біз әлемнің назарын аудартып, «қараңыздаршы, ғаламдық ауа-райының жылынуы адамзаттың өмір сүруіне теріс әсер етеді» деп айтқымыз келеді».

Бақылаушылардың айтуынша, Копенгагендегі конференцияға қатысты тағы басқа бірқатар проблемалар бар. Дамыған мемлекеттер дамушы елдердің әуеге зиян келтірмейтін технологияларды игеруі үшін қаржылай көмектесуге қаншалықты әзір?

Еуропа Одағының болжамына сәйкес, осы мәселеге қатысты айтарлықтай өзгерістердің болуы үшін 2020 жылға дейін дамушы елдерге шамамен 150 миллиард доллар бөлінуі тиіс. Бұл ғаламдық экономикалық рецессияның салдарын жоюға тырысып жатқан батыс елдері үшін сәл қиындық туғызбақ.
XS
SM
MD
LG