Accessibility links

TI: Қазақстан - жемқорлық өршіген елдер қатарында


Жемқорлықты тоқтатуға үндейтін жарнама. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл.

Жемқорлықты тоқтатуға үндейтін жарнама. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл.

Transparency International (TI) халықаралық ұйымы Орталық Азия елдерінде 2012 жылдан бері коррупция деңгейін төмендетуде ешқандай маңызды өзгеріс жасалмағанын айтады.

"Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия - әлемдегі коррупция деңгейі ең жоғары және мүлдем транспарентті емес аймақтар қатарында" деп мәлімдеді Transparency International халықаралық ұйымы 27 қаңтарда жариялаған, 2015 жылға арналған коррупцияны қабылдау индексі туралы есебінде.

Ұйымның 168 мемлекеттегі коррупция деңгейін сараптаған индексінде Қазақстан Қырғызстанмен қатар 123-орында тұр.

Ұйым 2015 жылы әлемде халық өз үкіметтеріне дамуды тежейтін коррупцияны тоқтатып, барынша ашық қызмет етуді талап етіп демонстрациялар өткізгенін айтады.

Ұйым есебінде 2015 жылы әлемде 168 елдің мемлекеттік секторындағы коррупция деңгейіне талдау жасап, Данияны «коррупция деңгейі ең төмен ел» деп тапқан.

Ұйым есебінде коррупция мүлдем аз елдер қатарында Даниядан кейін Финляндия, Швеция және Норвегия тұр. Бірақ ұйым бір де бір мемлекет коррупциядан мүлдем ада ел деп танылмай тұрғанын айтады.

Индекс соңында коррупция деңгейі ең жоғары елдер тізімінде Сомали мен Солтүстік Корея тұр. Коррупция деңгейі жоғары елдер арасында Ауғанстан (166-орын), Ирак (161-орын), Түркіменстан (156-орын) және Өзбекстан (153-орын) Тәжікстан (136-орын) бар.

Transparency International ұйымының 2015 жылға арналған әлем елдеріндегі коррупция деңгейі туралы есебі.

Transparency International ұйымының 2015 жылға арналған әлем елдеріндегі коррупция деңгейі туралы есебі.

«TI индексінде Орталық Азиядағы бес ел түгел төменгі орындарда тұр. Бұл – аймақта коррупция індетке айналып, тамыр жайып кеткенін және ол жүйелік сипатқа ие болғанын көрсетеді» дейді ұйымның ТМД және Орталық Азия (ОА) бойынша үйлестірушісі Светлана Савицкая. Оның сөзінше, ОА елдерінің бір де біреуінде 2012 жылдан бері коррупция деңгейін төмендетуде ешқандай үлкен өзгеріс болмаған және «аймақтағы коррупциялық жағдай тоқырап тұр».

Савицкая бұрынғы совет республикалары – Ресей (119-орын), Украина (130), Әзербайжан), Молдова (103) мен Армениядағы (95) жағдай да осыған ұқсас екенін айтады.

«Егер өзіңіз жағдайға талдау жасасаңыз, онда Украинадағы коррупцияға қарсы бірнеше реформадан басқа айтарлықтай үлкен ешнәрсе жасалмағанын көресіз. Саяси ерік-жігер өте әлсіз, үкімет коррупцияға қарсы әрекеттерді тыңғылықты жүзеге асыруға ниет танытпайды» дейді Светлана Савицкая.

Ол TI Ресейде соңғы жылдары үкімет тіпті коррупциямен күресетінін жарияласа да ешқандай оң өзгеріс болмағанын айтады.

«Ресей билігі азаматтық қоғамды шектеуін жалғастырып отыр. Мәскеу үкіметтік емес ұйымдарды, оның ішінде Transparency International ұйымына қысымын, тәуелсіз ақпарат құралдары мен журналистерді қудалауын тоқтатпай отыр» дейді Савицкая.

Савицкая Ресейде «коррупцияға қатысты айтарлықтай өзгеріс болмағанын», қарапайым ресейліктер әлі ешқандай оң өзгеріс байқамағанын айтады.

Ол индексте 107-орында тұрған Беларусь таяуда жаңа антикоррупциялық заң қабылдағанын айтады. Заңда мемлекеттік шенеуніктердің табыс декларациясын тапсыру, азаматтық қоғам өкілдерінің антикоррупциялық шараларға қатысуы сияқты мәселелерді реттеуді қарастырады.

«Бұлардың шынайы өмірде қалай орындалатынын көру қызық болар еді. Себебі Беларусьте қандай да бір саяси немесе азаматтық еркіндік, тәуелсіз ақпарат құралы жоқ. Антикоррупциялық іс-қимылдардың сапалы жүруінде бұлардың маңызы зор» дейді Светлана Савицкая.

Коррупция мемлекеттік банктерінен 1 миллиард доллар жымқырылған соң саяси дағдарысқа тап болған Молдовада басты тақырыпқа айналған. Өткен жылы күзде Молдованың ірі үш банкінен қаржы жымқырылғаны анықталған соң үкімет отставкаға кеткен. Молдова парламенті содан бері екі рет премьерлікке ұсынған кандидатты бекіте алмаған.

TI-дің Кишиневтегі өкілдігінің мәлімдеуінше, Молдовада коррупция мен мемлекеттік деңгейде жымқырудың арасындағы байланыс бұрын-соңды мұндай анық байқалмаған.

Светлана Савицкая Молдовада бірнеше заңның қабылдануы кешеуілдеп, банк секторының қауіпсіздігіне жауапты адамдарға қатаң шара қабылданбай жатқанын айтады.

Савицкая постсоветтік елдерде Грузияда (48-орын) ғана коррупциялық ахуал жақсарғанын, Армения мен Әзербайжандағы жағдай 2014 жылмен салыстырғанда нашарлағанын айтады. Ол бұрынғы совет республикаларының көпшілігі – Беларусь, Молдова мен Орталық Азия елдерінде саяси партиялар мен бизнес арасында берік байланыс барын және ол байланыс үлкен саяси коррупцияға себеп екенін айтады.

TI Ауғанстан (186-орын) мен Пәкістандағы (117-орын) қақтығыстар бұл елдерде коррупцияны жоюға кедергі келтіріп тұр дейді.TI коррупцияны жоятын жол – билік пен саясаттың өзіндегі коррупциямен күрес және елдің қаржылық секторын реформалау екенін айтады. Бірақ ұйым елде шынайы азаматтық қоғам орнап, еркін БАҚ пайда болмаса бұл шараларды жасау мүмкін емес дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG