Accessibility links

Oxford University баспасы Қырымды Ресейдікі деп көрсетті


Мәскеу тұрғындары Қырым түбегі картасын Ресей туы түстерімен бояған граффити қасынан өтіп барады. Украина территориясын Ресей 2014 жылы наурызда аннексия жасап, өз аймағына қосып алған еді.
Мәскеу тұрғындары Қырым түбегі картасын Ресей туы түстерімен бояған граффити қасынан өтіп барады. Украина территориясын Ресей 2014 жылы наурызда аннексия жасап, өз аймағына қосып алған еді.

Украинаның Лондондағы елшілігі Oxford University Press баспасы шығарған оқулықта Қырымның Ресей аймағы ретінде көрсетілуіне наразылық білдірді. «Оқулық оқушыны шатастырады» дейді Украина дипломаттары.

Мемлекеттер арасындағы жер дауы – карта жасаушылардың ең басты проблемасы. Бұл жолы Oxford University Press баспасы Мәскеу мен Киев арасындағы Қырым түбегіне қатысты саяси даудың ортасында қалды. Украинаның Қара теңіз жағалауындағы Қырым түбегін 2014 жылы наурызда Ресей күшпен өз аумағына қосып алғаны белгілі.

Украинаның Ұлыбританиядағы елшілігі қазанның 13-і күні баспа үйіне «География. Үшінші деңгей» (Geography for Key Stage 3) оқу құралының төртінші басылымында Қырымды Ресейдің бір бөлігі етіп көрсеткеніне наразылық білдірген хат жіберді.

Оқулықта Қырымда 2014 жылы наурыздың 24-і күні өткен референдум қорытындыларына сілтеме жасалады. Бұл референдумның нәтижелерін халықаралық қауымдастық мойындамаған еді. Елшіліктің хатында: «Біріккен Корольдік үкіметі [референдумды] заңсыз деп танып, Кремльге халықаралық құқық нормаларына бағынып, Қырымды Украинаға қайтару туралы бірнеше рет ескерткен» деп жазылған. Дипломатиялық өкілдік БҰҰ Бас ассамблеясының Украинаның территориялық тұтастығына қатысты қарарында да түбекті Ресейдің қосып алуы сыналғанын ескертеді.

«ОҚУЛЫҚ МАЗМҰНЫ ӨЗГЕРТІЛЕДІ»

Қазанның 15-сі күні Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Oxford University Press баспасының баспасөз хатшысы аталған оқулықтың 11-14 жас аралығындағы балаларға арналғанын және ол «жарияланған сәттегі саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайларды мұқият зерттеп, оқушылардың деңгейі мен оқу мақсатын негізге ала отырып» әзірленгенін айтады.

Қырым жағалауына платформа орнатып жатқан Ресей әскері. 5 мамыр 2014 жыл.
Қырым жағалауына платформа орнатып жатқан Ресей әскері. 5 мамыр 2014 жыл.

- Oxford University Press жағдайдың өзгеруіне және түрлі тараптардан алуан сын-ескертпелердің айтылуына қарай, шыққан материалдарды үнемі жаңартып отырады. Біз [мәтіннің] осы тақырыпқа қатысты тұстарын өзгертеміз және оған БҰҰ позициясын да қосамыз,- деді баспа өкілі.

Оксфорд университеті оқулығы Қырымды бір кездері Германияның құрамында болған, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Совет Одағының қоластына өткен Калининград аймағымен бір қатарға қойып, екеуін де «Ресейдің эксклавтары» деп атайды. Десе де, Қырымның «Ресейдің 2014 жылы Украинадан алған территориясы» екенін ескертеді.

РЕСЕЙ ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ӘСІРЕЛЕУІ

Бұл дауға Ресей үкіметіне қарайтын, ағылшын тілінде хабар тарататын RT телеарнасы назар аударды.

Russia Today «Oxford University Press баспасы Қырымды халықаралық құқық нормалары негізінде Ресей құрамына қосылған аймақ деп мойындады» деген мазмұнда хабар таратты.

Ресейдің мемлекеттік телеарнасы Украина елшілігі жіберген хаттың өңін айналдырып, отқа май құя түскен. «Украина елшілігі «оқушыларды шатастыратындықтан, оқулықтағы қателеріңді тез арада түзетіңдер» деп әлемдегі ең ірі баспаға қоқан-лоқы жасады. Киев «қате түзетілмесе, бұл әңгімені үлкен «дауға» айналдырамыз деп қорқытты» деп хабарлады Russia Today.

Ал шын мәнісінде Украина елшілігінің хаты кәсіби дипломатиялық мәнерде «Oxford University Press баспасының беделі түспеуі үшін оқушыларға арналған жаңа оқулықтың соңғы редакциясы тез арада жаңартылып, қателердің барлығы түзетіледі деп үміттенеміз» деп жазылған.

ҚАЗАҚСТАН ОҚУЛЫҚТАРЫНДАҒЫ ДАУ

Биыл қыркүйекте Қазақстанда да дәл осындай жағдай болған. «Мектеп» баспасының орта мектептерге арнап шығарған «География», «Қазіргі дүние географиясы» және «Дүниежүзі тарихы» оқулықтарында Қырым түбегі «Ресейдің субъектісі» деп сипатталған.

"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары. (Көрнекі сурет)
"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған география оқулықтары. (Көрнекі сурет)

Мәселен, 10-сыныпқа арналған «География» оқулығында «2014 жылы 17 наурызында Қырым Республикасының тәуелсіздігі жарияланып, республиканың Мемлекеттік Кеңесі Ресей Федерациясы құрамына ену жөнінде ұсыныс жасады. 18 наурызда Қырым мен Севастополь қаласын Ресей құрамына қабылдау жөніндегі мемлекетаралық келісімге қол қойылды» деп жазылған.

«Дүниежүзі тарихы» және «География» оқулықтарының авторлары Азаттыққа берген сұхбатында «мағұлматтарды ақпарат құралдарынан алып, объективті түрде беруге тырысқандарын» айтқан. Оқулық авторларының бірі Ертіс Ахметовкітаптардың Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» орталығында сараптамадан өткенін хабарлаған. Қазақстанның кейбір сарапшылары «оқулықтардың мұндай мазмұнмен шығуы – Ресейдің ықпалының көрінісі» деген пікір білдірген болатын.

Украинаның Қазақстандағы елшілігі мектеп оқулықтарындағы жаңсақ мағлұматтарға наразылығын білдіріп, елдің Сыртқы істер министрлігіне арнайы нота жолдаған.

Көп ұзамай Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарындағы Қырымға қатысты мәліметтердің түзетілетінін хабарлады. Алайда, осы айдың басында Алматы мектептерін аралап шыққан Азаттық тілшісі оқулықтардағы мәліметтердің сол күйі жүргенін анықтаған.

Қазақ оқулығындағы Қырым (видео):

Қазақ оқулығындағы Қырым
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:47 0:00

XS
SM
MD
LG