Accessibility links

Белсенділер Қырым блокадасы жалғасатынын айтады


Қырымдағы "азаматтық" блокада. 26 қазан 2015 жыл.

Қырымдағы "азаматтық" блокада. 26 қазан 2015 жыл.

Қырым татарлары белсенділері түбекті Украинаға қайтару үшін бірнеше айдан бері экономикалық және энергетикалық блокада қолданып келеді. Жергілікті жұртқа ауыр тигенімен, олар блокаданы жалғастырмақ.

Қырым татарларының белсендісі Кремльдің қол астындағы Қырымды әрі қарай оқшаулай беретіндерін айтты. Ресейге осындай нақты әрекеттің ғана әсер ететінін ескерткен белсенді Ленур Ислямов «блокада Қырым Ресей басқыншылығынан босағанша жалғасатынын» мәлімдеді.

- Біз Қырымдағы татарларға, украиндарға және Украинаны жақтайтын жұрттың барлығына Қырымды азат ету үшін шынайы күрес жүргізіп жатқанымызды көрсеттік, - деді ол Азаттықтың Татар-башқұрт қызметіне берген сұхбатында.

2014 жылдың наурызында Ресей өзіне қосып алғалы Қырым түбегін Украинаға қайтаруды көздейтін тәуелсіз азаматтық қозғалыс құрылып, оның басы-қасында Қырым татарларының белсенділері жүр.

Қырым татарлары белсенділерімен бірге басқа да топтар қыркүйектен бері Украинаны Қырыммен жалғап жатқан жолды бөгеп отыр. Сонымен бірге былтыр қарашада Украинадан түбекке электр энергиясы келетін желі бағандарын да татар белсенділері жарып жіберді деген күдік бар. Соның кесірінен Қырымда апталап жарық болмай, халық жапа шеккен.

Бұл оқиға Киев пен Мәскеу арасын шиеленістіріп, Ресей Украинаға сататын көмір көлемін күрт азайтты.

«ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ҚОРҒАЙМЫЗ»

Түбекті оқшаулау шарасынан ең алдымен 2 миллион 300 мыңдай адам зардап шегіп отыр. Соның 250 мыңдайы – мұнда ғасырлар бойы тұрып жатқан Қырым татарлары. Тұрғындар азық-түлік пен күнделікті қажетті заттардан таршылық көріп жатқандықтан бұл стратегия кері реакция беріп, халықты одан сайын Ресейге жақындата түсе ме деген қауіп бар.

Кезінде Қырым премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған Ленур Ислямов оқшаулау саясатының түбектегі халыққа ауыр тиіп жатқанын мойындағанымен, бұл әдісті жалғастыру керек деп санайды.

– Қырым – Қырым татарларының жері. Ол – біздің жер. Сондықтан біз өз құқығымызды қорғап, экономикалық және энергетикалық блокада ұйымдастырдық, - деді ол.

Қырым татарлары ұйымдары басқа топтармен саяси позиция және күрес тактикасы мәселелері бойынша көп келіспей қалып жатады. «Бірақ саяси көзқарастан да биік тұрған ортақ мақсаттың арқасында кей топтармен күш біріктіріп отырмыз» дейді Ислямов. Мәселен, әсіреұлтшыл «Оңшыл сектор» оларға жолды бөгеуге жәрдемдескен.

– Олар әсіреоңшыл ма, әсіресолшыл ма – онда тұрған ештеңе жоқ. Олар – бізбен ойы бір адамдар. Бастысы – сол. Біз үшін олар – Украинаның патриоттары, – деді Ислямов.

«РЕСЕЙМЕН СӨЙЛЕСПЕЙМІЗ»

Ленур Ислямов былтыр елтоқсанда берген сұхбатында 2016 жылдың басында блокада көлемі ұлғайып, теңізді де қамтитынын айтқан.

Ленур Ислямов.

Ленур Ислямов.

– Бірнеше кезеңнен тұратын жоспарымыз бар. Әуелі азық-түлік блокадасы ойластырылған. Оны жүзеге асырдық. Одан соң электр қуатына тосқауыл қою жоспарланды. Оны да орындадық. Біз Ресей басқыншылығына барынша кедергі жасап бағамыз, оларды жерімізден қуып шығамыз – дейді белсенді.

Белсенді бұл мақсаттарын Newsweek журналына «Себебі бұл – біздің жер, мұнда [ата-бабамыздың] зираттары жатыр, бұл – біздің тарихымыз» деп түсіндірген.

Азаттыққа берген сұхбатында Ленур Ислямов «басқыншы ел – Ресеймен келіссөз жүргізуге ешқандай жол жоқ» деді.

– Жаулаушы сенің жеріңді тартып алса, онда ол азық-түлік, дәрі-дәрмегін және басқа дүниесін әкелсін. Бізді, туыстарымызды, балаларымызды кепілдікте ұстап отырған үкіметпен неге келіссөз жүргізуіміз керек? – дейді Ленур Ислямов.

Ресейден Қырымға құрлық арқылы өтетін жолы жоқ, сондықтан Кремль аймаққа заттарды кемемен жеткізіп жатыр. Мәскеу 2018 жылға дейін түбекті Ресеймен жалғайтын көпір салуды жоспарлап отыр.

ЖАПА ШЕККЕН БЕЛСЕНДІЛЕР

Ленур Ислямов Ресейге қарсы мәлімдемелері мен батыл әрекеттеріне бола Кремльдің қаһарына ұшыраған. Қырымның қазіргі басшылығы оны «электр бағандарын жарып жіберіп, саботаж ұйымдастырды» деп айыптады. Қырым прокуроры Наталья Поклонская желтоқсанның 21-і күні «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында «Ислямов – [бағандарды құлатқан] белсенділердің бірі. Азамат Ислямовқа саботаж ұйымдастырды деген айып сырттай тағылды» деп мәлімдеді.

Ленур Ислямов ашық саяси позициясы кесірінен Қырымдағы бизнесінен айырылды. Аймақ басшылығы 2015 жылдың желтоқсанында оның барлық дүние-мүлкін тұтқынға алды.

Ислямов түбектегі татар тілінде хабар тарататын жалғыз ATR телеарнасының қожайыны болатын. Жаңа үкімет келгелі жергілікті татар тіліндегі тәуелсіз ақпарат құралдары қатты жапа шекті. Amnesty International ұйымының мәліметтеріне қарағанда, барлық ақпарат құралдарының қайта тіркеуден өтуін талап еткен Ресей заңының кесірінен былтыр бірнеше тәуелсіз басылым жабылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық Қырым татарлары ATR арнасын қолдады

Сонымен бірге жаңа басшылық Ленур Ислямовтың транспорт компаниясын, банкін және техника сататын дүкендерін алып қойды. Бірақ ол күрес жолын таңдағанына өкінбейді.

Қырым татарлары жетекшілері Мұстафа Жемилев (оң жақта) пен Рефат Чубаров журналистерге сұхбат беріп отыр. Киев, 8 қыркүйек 2015 жыл.

Қырым татарлары жетекшілері Мұстафа Жемилев (оң жақта) пен Рефат Чубаров журналистерге сұхбат беріп отыр. Киев, 8 қыркүйек 2015 жыл.

– Мұстафа Жемилев пен Рефат Чубаров сияқты Қырым татарларының басқа жетекшілері менен де көп жапа шексе де, қайсарлық танытып отыр, – дейді ол.

Қырым татарларының 71 жастағы көсемі Мұстафа Жемилев пен оның серігі Рефат Чубаровтың Қырымға оралуына тыйым салынған. Қазір Жемилев Киевте тұрып жатыр.

– Бәріміз бизнесмен, мұғалім, дәрігер сияқты бейбіт адамдармыз. Чубаров архивші болатын. Бұл – ең бір бейбіт кәсіп. Біз олар [Ресей] суреттеген адамдарға айналуға мәжбүр болдық, мұны өзіміз таңдағанымыз жоқ, өмірдің өзі соған әкелді, – дейді Ислямов.

Тони Веселовскидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG