Accessibility links

Қырымдағы жүргізуші куәлігін ауыстыру дүрбелеңі


Украинаның жүргізуші куәлігін Ресейдікіне ауыстыру үшін кезекке тұрған азаматтар. Қырым, Симферополь.

Украинаның жүргізуші куәлігін Ресейдікіне ауыстыру үшін кезекке тұрған азаматтар. Қырым, Симферополь.

Қырымдықтар Украинаның көлік жүргізу куәлігін Ресейдікіне ауыстыру үшін ұзын-сонар кезекте тұр. Куәлік беретін бөлім сенбі күндері де істейді, жұмыс күні кешкі сағат 8-ге дейін ұзартылған.

Ауданаралық тіркеу-емтихан бөлімі (АТЕБ) қызметкерлерінің жұмыс уақытын ұзартқан билік тұрғындарға «куәлік ауыстыру процедурасын тездетеміз әрі электрондық кезек енгіземіз» деп уәде берген еді. Алайда терминалдар екі күн бұрын ғана жұмыс істей бастады.

Симферополь тұрғыны Николай: «Кезекке 1054-адам болып жазылғанмын. Кезегімді таңертең-кешке күнде келіп белгілеп кетіп жүрдім. Мұнда күніне 100-150 жүргізуші куәлік алады. Куәлігімді 11 күн дегенде ғана, АТЕБ жабылар кезде әрең алып үлгердім» дейді.

Бұрынғы кезекте тұрғандардың бәрін енді электрондық кезекке жіберіп жатыр. АТЕБ қызметкерлері «жұрттың дүрмегін реттейміз» дейді. Бірақ дүрбелеңнің бәсеңдейтін түрі көрінбейді. Қырым жол қозғалысы қауіпсіздігі мемлекеттік инспекциясы (ЖҚҚМИ - МАИ) ғимаратының құжат пен көлік нөмірін ауыстыратын екінші қабатында иін тірескен адам. Куәлік беретін кішкентай терезелер мен кабинет есіктерінің алдында үймелеген жұрт. Ел қай кезекке тұруды білмей, бір-бірінен сұрастырып жүр. Жаңадан келгендерді процедурадан өтіп алғандар үйретеді. Кезекте тұрған бір жігіт жаңадан келген бойжеткенге не істеу керек екенін түсіндіріп тұр.

Кезекте тұрған азаматтарға ескерту.

Кезекте тұрған азаматтарға ескерту.

Даладағы шағын вагон жанына жиналған елу шақты адамды терезеден саусағымен көрсеткен жігіт: «Әуелі анау кезекке тұрып, тиісті арызыңды бересің. Оған 200 рубль төлейсің. Егер ақша төлегің келмесе, мына жақтағы кезекке тұрасың. Бірақ мұнда адам көп» дейді жүз шақты адамның кезегін көрсетіп. Әңгімесін жалғастырған жігіт кеңесін: «Көлігіңді инспектор тексеріп шыққан соң, электрондық кезекке тұрасың. Ол жердегі терминал нөмірің көрсетілген талон береді. Оны алған соң мына кезекке тұрасың» деп аяқтады.

Құжаттарын қайта тіркетіп алып, жұрттың «сауатын» ашып жатқан «бақытты жандар» терминалдардың жанында да жүр.

Қырымның Дмитрий есімді тұрғыны: «Куәлік алу кезегінде екі апта тұрдым. Бүгін досыммен бірге келдім. Электрондық кезек тезірек жылжиды деп жатыр ғой, көрерміз» дейді.

«БӘРІН ТІРКЕП ҮЛГЕРМЕЙМІЗ»

Бұрын хабарланғандай, Ресейдің көлік жүргізу куәлігі мен автонөмірлерін Қырым тұрғындарының шамамен 10 пайызы ғана алған. Наурыздың 16-сы күні өткен «референдумға» дейін Қырымда 800 мыңдай транспорт тіркеліп, 1 миллионнан аса жүргізуші куәлігі берілген. Бірақ Украинаның куәліктері мен мемлекеттік нөмірлерімен жүрген автокөлік иелері әлі көп.

Симферополь ауданында тұратын Сергей: «Мына нөмірмен Украинаға кіре алмаймын ғой. Ол жақта туыстарым тұрады әрі шаруамен барып тұруым керек. Ал Ресейдің мына нөмірлерімен Украинаға кірсең, ұрланған көлік ретінде көлігіңді бірден айып тұрағына қойып тастайды. Ол жақта көлігім Украинаның мемлекеттік нөмірімен тіркелген» деп ашуланады.

Терминал арқылы электрондық кезекке тұрып жатқан азаматтар.

Терминал арқылы электрондық кезекке тұрып жатқан азаматтар.

Көлік нөмірін ауыстыруға қатысты алғашқы дүрбелең түбекті аннексиялағаннан кейін бірден басталды. Ол кезде Ресей нөмірін алу кезегіне көбінесе ресейшіл азаматтар тұрған еді. Ал АТЕБ-тегі қазіргі дүрбелең тіркелмеген көлік заңсыз транспортқа айналады деген қауіп күшейген соң басталды. Билік жүргізушілерге «2015 жылға дейін қайта тіркелмеген Қырым көліктері түбекте үш ай ғана жүре алады» деп ескерткен. Әйтпесе ондай көлік контрабандалық мүлік деп есептеледі.

Бірақ АТЕБ тіпті тәулік бойы жұмыс істесе де, 900 мың жүргізуші куәлігін қалған екі айда беріп үлгермейтіні анық. Сондықтан Қырым депутаттары Ресей мемлекеттік думасынан Қырым автокөліктерін қайта тіркеу мерзімін 2017 жылға дейін ұзартуды сұрайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG