Accessibility links

Қырымдық блогер Елизавета Богуцкая «Ресейге қосылған соң түбекте еркіндік азайды» дейді. Осы аптада үйіне қауіпсіздік қызметкерлері басып кірген соң ол отанынан кетуге мәжбүр болды.

Танымал блогер осы аптада жергілікті билік үйін тінткен соң түбектен кетіп қалды. Оның айтуынша, «Қырымда негізгі адам құқықтарына қауіп төніп тұр».

Украинаның Қырым түбегін Ресей наурыз айында қосып алды. Елизавета Богуцкая содан бері жергілікті билікті сынап келеді. Оның бұл әрекетіне бөгет жасамақ болғандар да табылды. Бірақ Богуцкая Facebook парақшасында Ресей тағайындаған Қырым билігін сынауын тоқтатқан жоқ. Ол «Қырым тұрғындары бостандықтан айырылды» деп санайды.

Азаттыққа Одессадан сұхбат берген ол «Қазір Қырым – үлкен түрме, бірақ мұны түйсінетіндер аз. Ресейге қосылған кезде көп адам азаттық алдық деп лепірді. Бірақ осы «азаттықтың» ақыры жаман болатынын олар ұқпайды» дейді.

Қырымда баспасөз еркіндігіне шектеу қойыла бастаған тұста Богуцкаяның жазбалары мұндағы тәуелсіз ақпарат көзіне айналды. Оның Facebook парақшасын 20 мыңға жуық адам оқыды, ол украиналық радио мен телеарналарға сұхбат беріп тұрды.

Қазір Қырым – үлкен түрме, бірақ мұны түйсінетіндер аз. Ресейге қосылған кезде көп адам азаттық алдық деп лепірді. Бірақ осы «азаттықтың» ақыры жаман болатынын олар ұқпайды.

Елизавета Богуцкаяның украин ұлттық оюларымен өрнектелген көлігінің суреті де интернетте тарап кетті. Блогердің үйін қыркүйектің 8-і күні тінтіп, өзін тергеуге алды. Бірақ Богуцкая биліктен мұндай әрекетті бұрыннан-ақ күтіп жүргенін айтады. Оның алдында блогер Ресейдің құпия қызмет өкілдерін айыптап, «қырымдықтарды алдап соқты, Украинаның шығысындағы зорлық-зомбылық мұнда да болуы мүмкін» деп жазған еді.

Кейіннен ол «Бірдеңе болатынын сездім. Сол түні таңғы беске дейін көз ілмедім. Аулаға көлік тоқтаған сайын маған келіп тұр деп мазам кетті» деп жазды.

Қауіпсіздік қызметкерлері әуелі оның үйінің қасына келіп мылтық атқан. Бұл таңғы сағат 5:30-дар шамасы болған. Содан кейін үйіне басып кіріп, тінту жасаған.

Богуцкаяның айтуынша, келгендер қару-жарақ, есірткі мен экстремистік әдебиеттер іздеген. Олардың айтуынша, "Богуцкая - Қырым татарлары басшысы Мұстафа Жемилевтің мамырдың 3-і күні Қырым аумағына кіруге әрекет жасағанын көрген куә. Куәгер ретінде жауап беруі тиіс".

Жергілікті билік Жемилевтің Қырымға келуіне тыйым салған еді. Қырым татарлары жетекшісі Украина мен Қырым шекарасына келген кезде, оның мыңдаған жақтастары қарсы алды. Олар Жемилевтің жолын бөгеген Ресей әскері бөгетін бұзып өткен еді. Осы көріністі бақылағандардың ішінде Богуцкая да болған.

Богуцкаяның компьютерін, ұялы байланыс телефоны мен көлігіндегі навигациялық құрылғысын, USB құралын тексеріс кезінде тәркілеген. «Куәгерден мұндай заттарды алуға құқықтары жоқ екенін кейін білдім. Мен күдікті емеспін, маған айып тағылған жоқ» дейді ол.

Елизавета Богуцкаяның үйін тінтуге келген полицейлер. 8 қыркүйек 2014 жыл.

Елизавета Богуцкаяның үйін тінтуге келген полицейлер. 8 қыркүйек 2014 жыл.

Богуцкаяны Қырымның қылмысқа қарсы күрес агенттігі ғимаратына алып келген. Сол жерде үш сағат бойы тергеп, экстремистік әрекеті және ұлтаралық араздық тудырғаны үшін айыпталуы мүмкін екенін ескертіп, босатып жіберген.

«Екі сағаттан соң Қырымнан кету керек екенін түсіндім. Олар босатқанымен, ертеңінде тәркілеген заттарды пайдаланып, экстремизммен айналысты деген айғақтарды қолдан жасауы мүмкін ғой. Онда экстремист ретінде тұтқындалатын едім» дейді ол.

Блогер дереу жаңа компьютер, жаңа ұялы телефон сатып алып, жеңіл-желпі киімдерін буып-түйіп, түн ішінде Қырымнан кетіп қалған. Богуцкая бұдан кейінгі алғашқы жазбасын Одессадан жариялады.

Қырымда оның жұбайы мен балалары қалды. Өзі түбекке қашан оралатынын білмейді. Бірақ ол «Үніңді шығара алмай түрмеде жатқаннан еркіндікте ойыңды ашық айтқан жақсы» дейді.

(Марк Крутов пен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG