Accessibility links

Қырымда халық санағы не үшін өтеді?


Қырымда өтетін халық санағының жарнамасы. Симферополь.

Қырымда өтетін халық санағының жарнамасы. Симферополь.

Қырымда халық санағы өткелі жатыр. Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, "бұл ресми санақ емес". Ал кейбір жергілікті тұрғындар «санақ нәтижелерін бізге қарсы пайдалануы мүмкін» деп қауіптенеді.

Қырымдағы санақты Ресей қазанның 14-інен бері өткізіп жатыр. Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, бұл ресми санақ емес, бірақ оның нәтижелері «түбекті дамыту» үшін қажет.

Алайда кейбір жергілікті тұрғындар «санақ нәтижелерін бізге қарсы пайдалануы мүмкін» деп қауіптенеді. Құқық қорғаушылар мұндай кезде адам өз құқығын қалай қорғау керек екені жөнінде кеңестер береді.

Қырымда бұл тұрғыдағы соңғы шара 2001 жылы бүкілукраиналық халық санағы аясында жүргізілген. Ол кезде Қырым тұрғындарының саны 2 миллион 33 мың адам болған. Оның 58 пайыздан астамы - орыстар, 24 пайыздан көбі – украиндар, ал 12 пайызы - Қырым татарлары.

ҚЫРЫМНЫҢ ӘР ТҰРҒЫНЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Жаңа халық санағы түбекті Ресей аннексиялағаннан кейін «Әр адам маңызды» деген ұранмен өткелі отыр. Санақ алдында Қырым телевизиясы мен көше бойындағы билбордтар арқылы жарнама науқаны жүрді. Түбек тұрғындары сауалнамадағы 33 сұраққа жауап беруі керек. Олар - туған жері, азаматтығы, этникалық тегі, ана тілі және табыс көзі туралы сауалдар. Сұрақтардың бір парасы тұрғындардың үй-жайына арналған, яғни Ресей билігі әр баспананың шаршы метрін, тіпті санитарлық жағдайын да білгісі келеді.

Қырым статистика қызметінің басшысы Ольга Балдинаның айтуынша, әлеуметтік мәселелерді тиімдірек шешуді көздейтін бұл санаққа азаматтар ерікті түрде қатысады. Балдина «Осы деректер негізінде үкімет әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешіп, әлеуметтік, тіпті транспорттық инфрақұрылымға бюджет қаражатын бөледі» дейді.

ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ САНАҚҚА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАМАЙДЫ

Адамның жеке басына қатысты деректерді жинау науқанына қауіптене қарайтын Бахчисарай қаласы тұрғыны Асан Исмаилов санаққа қатысқысы келмейді. Ол «бұл деректер ФСБ мен полицияға Қырым татарларына қысым жасауға қажет деп ойлаймын» дейді.

Халық санағы - Қырым татарларын түбектен депортациялау жоспарының бір бөлігі. Жоспардың екінші бөлігі - Қырым татарлары жастарын Ресей армиясы қатарына шақыру.

Қазіргі жағдайды ескерсек, оның бұл сөзінің жаны бар. «Адамның жеке басына қатысты кез келген ақпарат оның өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін. Санаққа қатыспағандарға айыппұл саламыз дегендері де ұнамайды» дейді Исмаилов. Журналистің «Санаққа қатысасыз ба?» деген сұрағына ол «жоқ, әрине, қатыспаймын» деп жауап берді.

Ал Қырым татарларының лидері Мұстафа Жемилев халық санағын «Қырым татарларын түбектен депортациялау жоспарының бір бөлігі» санайды. Оның пікірінше, «жоспардың екінші бөлігі - Қырым татарлары жастарын Ресей армиясы қатарына шақыру».

Бірақ Меджлис Қырым татарларын санаққа бойкот жариялауға үгіттемейді. Керісінше, оның кейбір мүшелері «санақтың дұрыс өткені, шынайы ақпарат жиналғаны Қырым татарларынының өздеріне де керек» деп есептейді.

«СТАТИСТИКА МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА ОНСЫЗ ДА БАР»

Қырымдағы адам құқығы миссиясы төрағасының орынбасары Ольга Скрипниктің айтуынша, «Тұрғындар санақ процедурасына тек өз еркімен қатысуы тиіс. Ресей конституциясына сәйкес, адамның жеке өміріне қол сұғуға жол берілмейді әрі адам өзіне, туыстарына қарсы куәлік етуден бас тартуға құқылы».

Қалаған адам 30-дан астам сұрақтың бәріне жауап береді, ал қаламаса, жауап беруден бас тартуға құқылы. Мемлекеттік органдарда қажетті статистикалық ақпарат онсыз да бар. Ал мына санақтың көздегені мүлде басқа мақсат сияқты.

Құқық қорғаушы «Бұл ақпарат ерікті түрде жиналуы керек. Қалаған адам 30-дан астам сұрақтың бәріне жауап береді, ал қаламаса, жауап беруден бас тартуға құқылы. Мемлекеттік органдардың қолында қажетті статистикалық ақпарат онсыз да бар. Ал мына санақ дегендерінің көздегені мүлде басқа мақсат сияқты» дейді.

Қырым түбегіндегі кейбір ақпарат құралдары «санаққа қатысудан бас тартқан адамға 100-300 рубль көлемінде айыппұл салу қарастырылған» деп хабарлаған еді. Бірақ Ресейде халық санағына қатысудан бас тартқаны немесе өзі туралы жалған мәлімет бергені үшін санкция салатын нормативтік актілер жоқ болғандықтан, билік бұл ақпаратты ресми түрде терістеді. Санақ қазанның 25-і күні аяқталады.

(Мустафа Чауштың мақаласы орыс тілінен аударылды)

XS
SM
MD
LG