Accessibility links

Қырым дауы карта жасаушыларға да жетті


Ресейдің Красноярск қаласындағы Қырымды қосып алуды қолдау үшін өткен акцияда ер адам СССР картасын ұстап тұр. 13 наурыз 2014 жыл.
Ресейдің Красноярск қаласындағы Қырымды қосып алуды қолдау үшін өткен акцияда ер адам СССР картасын ұстап тұр. 13 наурыз 2014 жыл.

Ресейдің Қырымды қосып алуы Батыс пен Шығыс арасында қырғиқабақ соғыс кезінен бері болмаған кикілжің тудырып қана қойған жоқ. Өзгеріс карта шығаратын мекемелер мен баспаларды да екіге жарды.

Мәскеу осы аптада Қырымды қосып алғанын жариялады. Ресейдегі карта шығарушылар Қара теңіздегі түбекті Ресей жері етіп көрсететін карталар басып шығаруға кірісті.

Ресейлік DMB баспасы жаңа үлгідегі карталарды наурыздың 19-ынан бастап шығара бастаған. «Известия» газетіне сұхбат берген баспа директоры Сергей Меликов жаңа карталардың дүкендерге екі аптадан соң түсетінін айтты.

ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей географиялық қоғамы да бұдан былайғы карталарында Қырымды Ресей жері етіп көрсететінін хабарлады.

Ресейдегі екі ірі интернет компаниясы да сайттарында Қырымды Ресейдің бір аймағы етіп көрсете бастады.

Mail.Ru компаниясының өкілі Ксения Чабаненко наурыздың 19-ы күні ИТАР-ТАСС агенттігіне «өзгерістің техникалық аспектілері реттеліп жатқанын» хабарлаған. Ол интернетте жаңа карталардың қашан пайда болатынын нақты айтпады.

Ресейдегі ең ірі іздеу сервері «Яндекс» компаниясының «Яндекс. Карты» қызметі «келесі жаңартуларының бірінде» Қырымды Ресейге қосып көрсететінін хабарлады. Бірақ олар да бұл өзгерістің нақты қашан болатынын айтпады.

Қырым картасы.
Қырым картасы.
Ал батыстағы карта жасаушылар әзірге әліптің артын бағып отыр. Вашингтонда орналасқан National Geographic Society қоғамы Қырымды даулы аймақ етіп белгілемек. Наурыздың 19-ы күні мәлімдеме жасаған қоғам басшылығы даулы аймақтар ерекше назарда болатынын, сұр түспен белгіленіп, «арнайы мәртебесі бар аймақ» деп аталатынын хабарлады.

Олардың айтуларынша, картаға даулы аймақтың мәртебесін түсіндіретін мәтін қосылады. Егер Қырымды Ресей ресми түрде аннексияласа, «онда сұр түспен боялады, әкімшілік орталығы – Симферополь да арнайы белгімен бейнеленеді. Белгілі бір аймақтың мәртебесіне қатысты дауды картада да көрсетуге тиіспіз. Біздің саясатымыз осындай» дейді National Geographic Society өкілдері.

Америкалық The Washington Post және U.S. News and World Report сияқты басылымдар «Ресей думасы Қырымды аннексиялау туралы шешімді ратификациялай салысымен National Geographic Society карталарында бұл аймақты Ресей бөлігі етіп көрсетеді» деген ақпарат таратқан. Географиялық қоғам мәлімдемесін осы ақпаратты жоққа шығару үшін жасаған сыңайлы.

АҚШ-тың Иллинойс штатында орналасқан Rand McNally баспа үйі мектептердегі атластар мен карталарды өзгертпейтінін хабарлады.

Баспаның ресми өкілі Эми Краус Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында «Біз АҚШ мемлекеттік департаментінен саяси өзгерістер туралы хабар күтеміз» деді.

Американың басқа да карта жасаушылары Қырымды бұрынғыдай Украина жері етіп көрсете береді. Мәселен, наурыздың 20-сы күнгі ақпарат бойынша Google maps-те Қырым Украина аймағы ретінде белгіленген.

(Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG