Accessibility links

Қырым балықшылары табыстан қағылды


Балық сатып отырған адам. Керчь, 2014 жылдың шілдесі.

Балық сатып отырған адам. Керчь, 2014 жылдың шілдесі.

Балықшылар тауарды сату мүмкін болмағандықтан, балық аулауды азайтты. Қазір олардың табысы орталап қалған.

Украина мен әлем Қырымның Ресейге қосылғанын мойындамады. Енді қырымдық балықшылар кемелерін ресми түрде еш жерге тіркей алмай отыр.

Аймақтың әлемдегі мәртебесі анықталмады, жаңа бюрократиялық кедергілер де толып жатыр. Осының бәрі Қырымдағы балық шаруашылығына кесірін тигізді. Ал ресейлік «әріптестер» жағдайды пайдаланып, өз ұпайларын түгендеуге көшті.

Ресей Қырымды аннексия жасаған соң республиканың балық аулау саласы (басқа да салалар сияқты) дамиды деген болжам көбейді. Ресейлік сарапшылардың айтуынша, түбек Ресейге қосылғанға дейін Оңтүстік федералдық округтің (Ростов облысы мен Краснодар өлкесі) балық аулау кәсіпорындары Азов-Қара теңіз су алабынан жылына орта есеппен 25 мың тонна балық аулап келген. Сондықтан, таза математикалық есепке салған күннің өзінде Қырымды өзіне қосып алған Ресейдің балық түсімі 2,5 еседен астам артса керек еді.

Ресей басылымдары «Енді түбектің балық шаруашылығы Ресейге өтеді, оларға нарық табу керек» деп шулады. Бірақ «асатпай жатып құлдық ұрма» дегендей, шындық олар күткендей болмай шықты.

«Өтпелі кезең қиын» деген жиі айтылып жауыр болған сөз басқа азық-түлік өндірісімен салыстырғанда Қырым балықшыларына ауыр тиді. Негізгі себеп: Қырым Ресейдің бір бөлігі ретінде мойындалмады және жаңа ережелерге бейімделу қажет. «Бейімделу» үшін қосымша қаржы да керек.

ТІРКЕЛМЕГЕН КЕМЕЛЕР

Украина мен әлем Қырымның Ресейге қосылғанын мойындамай отыр. Сондықтан Қырым балықшылары кемелерін ресми түрде тіркей алмайды. Ресейге тіркеліп, кәсіптерін жалғастыру үшін балықшылар кемесін Киевтегі тіркеуден шығару керек. Түбекті өз аумағы санайтын Укриана оған рұқсат етпейді. Қырымдықтар Украина суынан да балық аулай алмайды – украиналық шекарашылар басып алынған аймақта ауылшаруашылығымен айналысуға тыйым салынғанын айтып, балықшылардың жолдарын кеседі.

Жақында құрылған «Қырымдағы балық аулау мемлекеттік комитеті» дерегіне қарағанда, Украина мен Ресей арасындағы араздық кесірінен балық аулау кемелерінің 70 пайызы тоқтап тұр.

Комитет жетекшісі Андрей Дедюхин билікке қарайтын «Крыминформ» агенттігіне «Украинаға тіркелген кемелер проблемасы» туралы айтқан. Ол «Мендегі дерек бойынша, Қырымдағы балық аулау кемелерінің 70 пайызы әліптің артын бағып, жұмыстарын тоқтатып қойған» дейді.

Оның айтуынша, «әр кеменің өзіне тән бұлыңғыр, түсініксіз тарихы» бар. Украина мен Ресейге қатар тіркеліп, балық аулау мүмкін емес. Сондықтан қазір Азов-Қаратеңіз алабында ресейлік кәсіпорындар ғана жұмыс істеп жатыр.

Керчендік «Жемчужины моря» балық колхозының өкілі Артем Гончаров «Балық аулауға рұқсат беретін ресейлік билет бойынша жұмыс істейміз, бірақ кемеміз Украина аумағына өтіп кетсе, украиналық шекарашылар тоқтатады. Кеме Ресейдің атынан шығуы үшін украиналық мемлекеттік мекемелер рұқсат беруге тиіс, бірақ олар әдейі рұқсат етпейді» дейді. Оның айтуынша, балық аулау көрсеткіші құлдырап кеткен. «Жұмысымыз 99 пайыз тоқтап қалды, өткен жылмен салыстырғанда балық аулау 90 пайызға азайды» дейді ол.

БЮРОКРАТ ПЕН БАЛЫҚШЫ

Тағы бір мәселе – балық аулау флотын ресейлік талапқа сай жабдықтау қажет. Керчендік «Первый май» балық колхозы төрағасының көмекшісі Владимир Ивановтың айтуынша, «Росрыболовство» Қырым балықшыларының балық аулауына рұқсат ететін құжаттарды берген. Бірақ Керчен кемежайы ресейлік қауіпсіздік талабына сай жабдықталмаған кемелерді теңізге шығармайды. Солайша олар әлі күнге дейін байлаулы тұр.

Иванов «Крыминформ» басылымына берген сұхбатында «Путинге тамыздың 15-і күні бұзаубасты аулауға шығамыз деп мәлімдедік, бірақ кемелер теңізге шықпады. Себебі барлық кемелерді ресейлік талапқа сай қайта жабдықтау керек, жаңа радиожабдық орнату керек екен» дейді.

Бірақ жаңа жабдық алғандар да оны құжаттай алмай отыр. Ол үшін алдымен кеменің өзін қайтадан рәсімдеу керек, ал кемелерді украиналық тіркеуден шығару мүмкін емес. Нәтижесінде, кеме иелері қайтадан жоғарыда айтылған бірінші мәселеге айналып келеді.

Қырымдағы осы мәселеге жауапты комитет бәрін біледі, бірақ жақында құрылғандарын, өкілеттері аз екенін желеу етіп, қарап отыр. «Қазір комитет құжаттарын рәсімдеп жатыр. Өкінішке қарай, бюрократиялық процедуралар өте көп. Жақында жағдай реттеледі, толық қарқынмен жұмыс істейміз» дейді Дедюхин.

БАЛЫҚТЫ ҚАЙДА САТАМЫЗ?

Енді мәселенің бәрі шешілді деп елестетіп көрейік: бюрократиялық кедергілерден өтіп, кемелердің бәрі жеңілдетілген процедура бойынша, жаңа тіркеудің бар-жоғына қарамай теңізге еркін шығады. Ары қарай не болмақ? Тағы бір мәселе туындайды: балықты өткізетін нарық керек.

Осы кезге дейін ауланған балықтың 90 пайызы Украинаға жіберілетін. Енді Севастополь балық өнеркәсібі бірлестігінің президенті Валерий Сивочубтың айтуынша, балықшылар өзара есеп айырысу мәселесі бойынша украиналық нарықтан айырылып отыр. Тауарды сату мүмкін болмағандықтан, балықшылар балық аулауды азайтып, жартылай ғана жұмыс істеп жатыр.

Тауарды сату мүмкін болмағандықтан, балықшылар балық аулауды азайтып, жартылай ғана жұмыс істеп жатыр.

Ал балықты Ресейде сату үшін жаңа нарықты зерттеу керек, оған біраз уақыт кетеді. Бірақ Ресейдің балықты өңдеу қуаты шектеулі, Қырымның балығын қабылдауға бұл нарық даяр емес.

Краснодар өлкесінің Азов-Қаратеңіз балық өнеркәсібі бірлестігінің басқарма төрағасы Юрий Атановтың пікірінше, қырымдық кәсіпорындар толық жұмыс істеген жағдайда Ресей нарығы тауарға толып қалуы мүмкін. Ондай жағдайда тауарды өткізу мәселесі туындап, ресейлік және қырымдық балықшылар балық аулау көлемін азайтуға мәжбүр болады.

Сарапшы мәселені шешу үшін мемлекет саланы реттеуді қолға алуы керек дейді. «Өңдеу құралдары мен балықты көшеде сату жағдайын жеңілдету үшін мемлекеттен қолдау керек, сауда желілеріне шығу үшін әкімшілік көмек және қажет» дейді Атанов (РБК сайтынан алынды).

Әзірге бұл жағдайдан ресейліктер пайда көріп отыр. Қырым балықшылары үлестен қағылды, импорт өнімдерге санкция қойылды, нәтижесінде олар өнімді айтарлықтай ұлғайтты. «Росрыболовство» дерегі бойынша, тамыздың 26-сына дейін Азов-Қара теңіз алабынан 27,6 мың тонна балық ауланған, ол өткен жылдан 64,3 пайызға артық. Бірақ мұның бәрі - қырымдық балықшылардың дағдарысы нәтижесінде түскен пайда.

(Роман Николаевтың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG