Accessibility links

ИМ сапында 500 Қырым татары жүр


Ирактың Журф әл-Сахар қаласындағы "Ислам мемлекетіне" өлім келсін" деген жазуы бар граффити.

Ирактың Журф әл-Сахар қаласындағы "Ислам мемлекетіне" өлім келсін" деген жазуы бар граффити.

Жақында қайта құрылған Қырым мүфтиятының жетекшісі Руслан Саитвалиев «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы сапында 500 Қырым татары соғысып жатыр» деп мәлімдеді.

Қарашаның 18-і күні Симферопольде өткен, Еуразия экономикалық одағына арналған конференцияда сөйлеген Қырым мүфтиі «ИМ қаупін» ескертіп, «орыс тілді содырлар Қырым тұрақтылығына қатер төндіруі мүмкін» деп мәлімдеді.

Руслан Саитвалиев «Ислам мемлекеті» идеологтарының «келесі нысанамыз – Ресей» дегенін естідік. ИМ құрамында орыс тілін білетін, сондықтан біздің қоғамға кіріге алатын содырлар жетерлік. Олардың кейбірі Қырымға да кіре алады» дейді. Оның айтуынша, «Қырым ішінде бүлік тудырғысы келсе, содырлар ол пиғылдарын «Хизб ут-Тахрир» немесе жергілікті ваххабистер сияқты топтардың қолдауымен іске асыра алады». Ресейде «Хизб ут-Тахрир» тобына тыйым салынған, бірақ олар Украинада заңды түрде жұмыс істейді.

«Хизб ут-Тахрирдің» Қырымда бірнеше жүз жақтасы бар. Саитвалиевтің ескертуіне қарағанда, түбекті Ресейдің аннексия жасауына қарсы болған Қырым татарлары Ресей билігіне әжептәуір проблемаға айналуы мүмкін. Мұның сыртында, мүфтидің сөздерінен Қырым татарларының радикалдануына қатысты үрей де аңғарылады.

САИТВАЛИЕВ КІМ?

Саитвалиев Қырым мұсылмандары басқармасын тамыз айынан бері басқарып отыр. Бұл мекеме сол айда жаңадан құрылған. Оның қайтадан құрылуы дау тудырды. Қырым мүфтиінің орынбасары Айдер Исмаилов жаңадан мүфтият құруды «Қырым мұсылмандарын жікке бөлетін қадам» деп бағалады. Кейбір сыншылар мұны «Қырым татарлары Меджлисін әлсіретуге жасалған талпыныс» деп атады.

Қырым мүфтиі ресейшіл позиция ұстанатын тәрізді. Ол Қырымды Ресейдің бір бөлігі санайтынын айтқан. Саитвалиев қыркүйек айында «Қырым мұсылмандары басқармасының түбектен ваххабистерді тықсырып шығаратынын» мәлімдеген еді. Пост-советтік елдерде экстремистерді солай атайды.

ҚАУІП ШЫНЫМЕН ҮЛКЕН БЕ?

Ресей Қырымды бөліп алған наурыз айынан бері «дінаралық қатынастар шиеленісіп, әсіредіншілдер көбейеді» деген қауіп күшейді.

Евпатория мешітіндегі мұсылмандар. Қырым, 4 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Евпатория мешітіндегі мұсылмандар. Қырым, 4 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

The Independent басылымына наурыз айында сұхбат берген 25 жастағы Әлия есімді әйел «Егер орыстар татарларға қысым жасаса, әрине, наразы жұрт «Хизб ут-Тахрир» сияқты ұйымдарды қолдап кетуі де мүмкін» деген еді.

Ресейдің Қырым радикалдар ошағына айналуы мүмкін деген қаупін қарашаның 13-і күні шыққан «РИА Новости» репортажынан да байқауға болады. Агенттік «Хизб ут-Тахрирдің» жүздеген үндеу хаты Ресейге тарап кетті. Оны Мәскеу соты тауып алды. Ресейдің әртүрлі аймағынан «Хизб ут-Тахрир» мүшелері тұтқындалды... 2014 жылдың көктемінде Ресейге қосылған Қырымда да осы ұйымды қолдайтындар көп» деп хабарлады.

СИРИЯДАҒЫ ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ

Саитвалиевтің Қырым татарлары Сирияда соғысып жүр деген мәлімдемесі шындыққа жанасады. Бірақ олардың дәл санын нақты айту қиын.

Олар түбек Ресей құрамына өтпей тұрып-ақ Сирияға барып, соғыса бастаған. Қырым татарларынан шыққан содырлардың көбі ИМ емес, шешендер басқаратын «Жейш әл-Мухаджирин уәл-Ансар» тобының құрамына кіреді. Бұл топтың командирі - Абдул Карим Крымский деген татар.

Мосул түбіндегі жаттығу лагеріндегі ИМ содырлары. 2014 жылдың қарашасы.

Мосул түбіндегі жаттығу лагеріндегі ИМ содырлары. 2014 жылдың қарашасы.

«Жейш әл-Мухаджирин уәл-Ансар» тобына қарасты «Қырым татарлары жамағатын» (әскери жасақ) басқаратын Крымский мамыр айында жарияланған видеода Қырым татарларын Ресейге қарсы соғысуға үндейді. Оның сөзінше, «Еуропа институттарына шағымдана беруден ештеңе шықпайды, дұрысы - Ресеймен ашық соғысу».

Крымскийдің айтуынша, «Ол басқаратын жасақ Сирияның Алеппо қаласында жеңіске жеткен. Яғни, Қырым татарлары Қырымда да соғыса алады».

Қырым татарларынан шыққан жанкештінің Сирияда теракт жасағанын растайтын дерек бар. 2013 жылдың сәуірінде Нижнегорск қаласының тумасы, орта жастағы Абу Халид есімді Қырым татары Алеппо провинциясындағы «Әл-Кинди» ауруханасында Сирия әскеріне шабуыл жасап, өзін-өзі жарып жіберген.

«БАҚЫЛАУҒА АЛУ КЕРЕК»

Саитвалиевтің бұдан кейін айтқан пікірлерінен оның Сириядағы Қырым «жиһадшылары» мен Қырым татарларының радикалдану қаупінен үрейленетінімен қатар, «ИМ қаупін» түбектегі өзге де «жауларынан» құтылуға, кейбір топтардың жұмысына тыйым салуға пайдалануға тырысатыны байқалады.

Ол «Экстремизм идеясын тарататын ұйымдарды қашан өздерін жарады, біреуді өлтіреді деп күтіп отырмай, бүгіннен бақылауға алу керек. Қол қусырып отыруға болмайды. Бұл сектанттар славяндар мен Қырым татарлары арасында қақтығыс тудыру үшін аянып қалмайды. Сондықтан біз қазірден олардың әрекетіне тыйым салып, әдебиеттерін таратпай, идеологиясын жаюға тосқауыл қоюымыз керек» дейді.

Саитвалиев қауіптеніп отырған ұйымдардың ішінде Украинадағы «Арраид» исламшыл тобы да бар. Мүфтидің айтуынша, бұл ұйым экстремистік топтарды, соның ішінде «Хизб ут-Тахрирді» де қаржыландырумен айналысады.

«Арраид» 1997 жылы құрылған. Топ сайтындағы мәліметке қарағанда, оның құрамына әлеуметтік, діни және білім беру жобаларын іске асыратын 20-дай ұйым кіреді. Анна Мюнстердің айтуынша, «Бұл топ Таяу Шығыстағы ислам қозғалыстарынан шыққан, «Мұсылман бауырларға» қатты ұқсайды».

(Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG